Алайда Путиннің желтоқсанның 18-і күні өткен баспасөз мәслихатында айтқан қалжыңы тым орынсыз шықты. Журналист Владимир Маматовтың тұтығыңқырап сөйлегеніне қарап ол «ішіп алғансың» деп қалжыңдаған. Ал Маматов екі бірдей инсульт алған адам екен, тілінің күрмелетіні де содан.
Маматов жұмыс істейтін Киров облыстық «Репортер» газетінің директоры Ирина Александрова «Русская служба новостей» радиосына «Маматов - екі рет инсульт, бір рет бас-сүйек жарақатын алған адам. Сондықтан, аздап кекештеніп сөйлейді» деген.
«ӨЗІҢ ДЕ СІЛТЕП АЛҒАН СИЯҚТЫСЫҢ»
Баспасөз мәслихаты барысында микрофон алған Владимир Маматов Киров облысындағы квас сусынын өндірушілер көріп отырған қиыншылықтар туралы баяндаған. Журналист құрамында аздаған алкоголі бар ашытылған сусынның ірі дүкендерде шетелдік өнімдермен бәсекеге түсе алмай жатқанын айтқан.
Путин журналистің сөзін бөліп, «Өзің де аздап квастан сілтеп алған сияқтысың ғой» деп қағытып, залда отырған жүздеген жұртты күлдірді. «Дәмі мен бағасы жөнінен біздің квас шетелдік сусындардан анағұрлым артық» деген Маматовқа Путин «Байқап тұрмын» деп тағы да әзілмен жауап қайырды.
«Квастың құрамында алкоголь бар ма, жоқ па?» деп Путин журналисті тағы бір қағытып өтті.
Содан соң сұраққа сабырлы кейіпте жауап берген Ресей президенті орыстың ұлттық сусыныCoca-Cola сияқты өнімдерге балама бола алатынын айтты және Киров облысындағы сусын өндірушілердің Ресей нарығында лайықты орын алуы үшін «көмекті аямаймыз» деді.
«ПРЕЗИДЕНТ ТУРАЛЫ ПІКІРІМ ЖАҚСЫ»
Баспасөз мәслихатына қатысқан журналистердің біразы Маматовты шынымен «ішіп алған» деп ойлаған. Солардың арасында Ресейдің халықаралық RT телеарнасының тілшілері де бар.
Журналист Кремль қожайынының қалжыңын дұрыс түсінген сыңайлы. Үкіметке жақын Lifenews.ru сайтына берген сұхбатында ол президенттің бұлай әзілдейтінін сезіп, іштей дайын болып келгенін айтқан.
Ол «Президент мені мас деп ойлап, осылай жауап беретінін өзім де білгем. Президент туралы пікірім өте жақсы» деген.
(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)