Accessibility links

Лукашенко өмір, әйел және саясат жайлы сөйледі


Беларусь президенті Александр Лукашенко мен «Дождь» телеарнасы өкілі Ксения Собчак.
Беларусь президенті Александр Лукашенко мен «Дождь» телеарнасы өкілі Ксения Собчак.

Кремльдің айнымас одақтасы саналатын Беларусь президенті Александр Лукашенко өткен аптада «Дождь» телеарнасына берген сұхбатында «ресми бағытынан» ауытқып, бірқатар мәселелерге қатысты ашық пікір білдірді.

Беларусь президенті Александр Лукашенко телеарна өкілі Ксения Собчакқа берген сұхбатында Украина дағдарысы жөнінде, Ресей оппозициясы лидері Алексей Навальный туралы, ажырасу мен сұлу әйелдер жайлы пікірлерін айтты.

НАВАЛЬНЫЙ ТУРАЛЫ

Беларусь президенті Александр Лукашенко «Алексей Навальныйды сотпен қудаламас едім» дейді.

Коррупцияға қарсы блог жүргізетін ресейлік оппозиционер «Кировлес» ісінде 500 мың долларды жымқырды деп айыпталған. Әуелде Навальныйға бес жыл түрмеде отыру үкімі шығарылған. Кейінірек сот үкімнің орындалу мерзімін шегерді. Қазір ол басқа іске байланысты үйқамақта отыр.

«Жоқ, ешқашан соттатпас едім. Навальный түрмеге қамайтындай сонша не істеді? Елдің жартысын тонап алған миллиардерлердің жанында «Кировлес» деген не, тәйірі» дейді Лукашенко.

ВИДЕО: Лукашенконың Навальный туралы пікірі

УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫ ЖАЙЛЫ

Лукашенко Украинаның уақытша үкіметі шығыс аймақтардағы «сепаратистер аталып кеткендермен» келісімге келуі тиіс деп санайды. «Бұл – қазіргі тығырықтан шығу үшін қажет» дейді ол.

«Украина біртұтас ел болып қалуы керек. Мұндай жағдай Беларусьте ешқашан болмайды. Мен президент болып тұрғанда ондай болмайды» дейді Беларусь президенті.

ПУТИННІҢ АЖЫРАСУЫ МЕН ӨЗ НЕКЕСІ ТУРАЛЫ

Беларусь президенті бұрынғы жұбайы Галина Лукашенкомен әлі де заңды
Александр Лукашенконың Галинаға үйленген кезі.
Александр Лукашенконың Галинаға үйленген кезі.
некеде тұрғандарын айтты. 30 жылдай бірге тұрмағандарына қарамастан, Лукашенко «ажырасу ойында да жоқ» екенін мәлімдеді.

«Үлкен балаларымның анасының жүрегін жаралағым келмейді. Оның үстіне Галинамен ажырасуға мені ешкім қыстап отырған жоқ. Ажырасудың не қажеті бар? Ол кімге керек? Айтыңызшы, менің ажырасқаныма кім мұқтаж?» дейді Лукашенко.

Сөз арасында Лукашенко былтыр зайыбы Людмиладан ажырасып кеткен Ресей президенті Владимир Путинге «қысым жасалған болар» деген болжам жасады.

«Путиннің ажырасқанын бір қыз немесе әлдебір әйел қалаған шығар. Президентке де қысым жасауға болады» дейді Лукашенко.

СҰЛУ ӘЙЕЛДЕР ЖӨНІНДЕ

Лукашенкоға соңғы хоккей матчында жанында отырған жас қыз туралы сұрақ
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта), Беларусь президенті Александр Лукашенко (ортада) мен оның ұлы Николай хоккей матчын тамашалап отыр. Минск, 25 мамыр 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта), Беларусь президенті Александр Лукашенко (ортада) мен оның ұлы Николай хоккей матчын тамашалап отыр. Минск, 25 мамыр 2014 жыл.
қойылған. ​Президент оның сұлулық байқауының жеңімпазы Дарья Шманай екенін айтты.

«Ол менімен бірге екі жыл жұмыс істеді» деп жауап берді Лукашенко.

Беларусь президенті әкімшілікте жұмыс істейтін «аса әдемі қыздар» көп екенін де айтты.

«Көпшілік арасында өтетін шараларда ешқашан шенеуніктермен бірге сіресіп отырмаймын. Бір жағымда - ұлым, екінші жағымда - қыз» дейді ол.

БЕРЕЗОВСКИЙДІҢ ҚАЗАСЫ ЖАЙЛЫ

Лукашенко Ресейдің қашқын олигархы Борис Березовский өз-өзіне қол жұмсады дегенге ешқашан сенбейтінін айтты. Березовский 2013 жылдың наурыз айында
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен бизнесмен Борис Березовский. Минск, 8 мамыр 1998 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко (сол жақта) мен бизнесмен Борис Березовский. Минск, 8 мамыр 1998 жыл.
Ұлыбританиядағы Аскот елді мекенінің маңындағы үйінде қаза тапқан. Британ полициясы оны «асылып өлді» деп мәлімдеген.

«Ол өмірді аса қатты жақсы көретін. Жақсы өмірді ғана ұнатқан жоқ, ол апанда да, үңгірде де тұруға бар еді. Бастысы - өмір сүрсе болғаны. Бірде Березовскийге оны Ресей билігіне ешқашан ұстап бермесімді айтқанмын» дейді Лукашенко.

Беларусь еврейлерінің 90 пайызы Холокост кезінде қаза тапса да, Лукашенко «белорустар еврейлердің жанынан табылғанын» айтты. Бұған қоса, соғыс кезіндегі Германия мен қазіргі Ресей арасында ұқсастық барына меңзегендей болды.

«Тіпті қиын-қыстау заманда да, соғыс кезінде де біз еврейлерді нацистік армияға ұстап бергеніміз жоқ. Олай болса, мені паналап келген жалғыз еврейді неліктен ұстап беруім керек?» деді Лукашенко.

(Азаттық тілшісі Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).
XS
SM
MD
LG