Accessibility links

Лукашенконы ашуландырған ұшақ аукционға қойылды


Томас Мазетти (оң жақта) Беларусьқа ұшып келеді. 7 қаңтар 2013 жыл.
Томас Мазетти (оң жақта) Беларусьқа ұшып келеді. 7 қаңтар 2013 жыл.

Швециялық Томас Мазетти Беларусь президенті Александр Лукашенконы тосын тәсілдермен сынап келеді. Ол былтыр Беларуське ойыншық аюлар лақтырған ұшағын сататынын мәлімдеді.

Қоғаммен байланыс маманы Томас Мазетти 2012 жылы қасындағы әріптесімен бірге Jodel маркалы ұшақпен Беларусь аумағына рұқсатсыз кіріп, сөз бостандығын қорғауға үндейтін ұран жапсырылған ойыншық аюларды аспаннан жаудырған еді. Енді ол әлгі ұшақты Интернеттегі eBay сауда жүйесі арқылы аукционға шығарды.

«ҚАРАЖАТ ДЕМОКРАТИЯ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСКЕ ЖҰМСАЛАДЫ»

Тауар қыркүйектің 24-іне дейін аукционда тұрады. Жарнамасына қарағанда, түскен ақша «Беларусьта демократия үшін күресу мақсатына жұмсалады».

Хабарландыруда «Ұшақтың еш жері бүлінбеген. Тек артқы терезесінде ойыншық лақтыратын кішкентай тесігі бар» деп жазылған.

Мазетти Азаттық радиосына және басқа да ақпарат құралдарына электрондық пошта арқылы жіберген мәлімдемесінде аукционның басталғанын хабарлаған. Хатында ол Лукашенконы авторитарлық билігі үшін тағы бір мәрте сынап өтеді.

ЛУКАШЕНКОНЫҢ АШУЫ

Хат авторы «Құрметті Люк, біздің ұшақты неге өзіңіз сатып алмайсыз? Сіз оны әскерге пайдалануға берер едіңіз. Еліңіздің миллиардтаған доллар тұратын әуе күштеріне шағын ағаш ұшақтарды ұстауды үйретесіз. Олар кәрі диктатордың сөз бостандығын талап еткен балаларды азаптауына қолшоқпар болудан гөрі шағын ұшақты зерттеуді әлдеқайда абыройлы жұмыс санайтынына кәміл сенемін» деп жазады хат авторы.

Беларуське 2012 жылы шілде айында ұшақтан лақтырылған ойыншық аюлар.
Беларуське 2012 жылы шілде айында ұшақтан лақтырылған ойыншық аюлар.
Бұл ұшақ 2012 жылы шілденің 3-і күні болған Республика күні мерекесінен кейін шекарашылар мен қауіпсіздік күштері ес жия алмай жатқанда шекараны бұзып өткен еді. Бұл оқиға Минскінің ашу-ызасын тудырып қана қоймай, Беларусьтағы адам құқықтары және оппозицияның тұншықтырылуы жайттарына халықаралық қауымдастықтың назарын аудартқан.

Беларусь басшылары басында әуе шекарасының бұзылуы фактісін жоққа шығарып баққан. Бірақ бейнетаспа мен куәгерлердің сөздері Литвадан ұшып шыққан ұшақтың Беларусь аумағына 80 шақырым кіріп, аспаннан ойыншықтар лақтырғанын растады. Бұл оқиғадан кейін Лукашенко әуе қорғаныс күштерінің және шекара қызметінің басшыларын қызметтерінен алды. Ал сол мезетте шекараны бақылауға тиіс болған жауапты қызметкер екі жылға сотталды. Оларға жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім шықты.

Томас Мазеттидің Беларусь аумағына ойыншық аюлар лақтырғанын YouTube-ке жарияланған мына видеодан көре аласыз:



«20 ЖЫЛДА ӨЗГЕРМЕГЕН БЕЛАРУСЬ»

Кезінде Harper's Magazine басылымында: «Машинаның басқа бөліктері жиырма жыл бұрын қирап қалса да, Беларусьта СССР доңғалақтары әлі күнге айналып тұр» деп жазған Сэм Найттың сөзін қайталаған Мазетти Беларусьқа заңсыз сапарынан соң «Бұл ел 20 жылда еш өзгермепті» деп қынжылған.

Мазеттидің айтуынша, оның Studio Total қоғаммен байланыс фирмасы Беларусьтағы сөз бостандығы үшін күресіп жүрген белсенділермен тығыз байланыс орнатқан.

Томас Мазетти (оң жақта) аю болып киініп тұр. Швеция, 7 қаңтар 2013 жыл.
Томас Мазетти (оң жақта) аю болып киініп тұр. Швеция, 7 қаңтар 2013 жыл.
Электронды пошта арқылы жіберген хатында Мазетти «Өткен жылы әлдекімдер ұшақты сатып алуға ынта танытқан еді» депті.

«Ойыншық аю» ұшағына eBay жүйесінде қандай бастапқы баға белгіленгені беймәлім. Сондықтан, Мазетти оны шынымен сатқысы келіп отыр ма, жоқ па - бұл жағын тап басып айту қиын.

Мазеттидің журналистерге қызықты оқиға ұйымдастырып, деспот басшылардың шамына тиетін «әдетін» ескерсек, бір күні оның Jodel ұшағымен тағы да шығысқа қарай ұшып бара жатуы ғажап емес.

Энди Хейлдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG