Accessibility links

Ресейде кейбір мемлекеттік БАҚ қайта құрылмақ


"РИА "Новости" агенттігінің ғимараты. Мәскеу, 9 желтоқсан 2013 жыл
"РИА "Новости" агенттігінің ғимараты. Мәскеу, 9 желтоқсан 2013 жыл

"РИА "Новости" бастаған бірқатар ірі мемлекеттік БАҚ-тың орнына "Ресей қоғамы мен мемлекеттік саясаты туралы шетелге хабар тарататын" жаңа құрылым жасақталмақшы.

Ресей президенті Владимир Путин желтоқсанның 9-ы күні елдегі ең ірі ақпарат құралдарының бірі - "РИА "Новости" халықаралық ақпарат агенттігін жауып, оның орнына жаңа "Россия сегодня" деп аталатын халықаралық ақпарат агенттігін құру туралы жарлық шығарды.

"Мемлекеттік ақпарат құралдары қызметінің тиімділігін арттыру шаралары туралы" жарлық бойынша, агенттік негізінен Ресейдегі оқиғаларды шетелге таратып отырады.

Бұған қоса Ресейдегі ең алғашқы радиостанция, әлемдегі ең ірі радиолардың бірі - "Голос России" радиосы да жабылмақ. Бұл радио қызметі де жаңа құрылатын "Россия сегодня" агенттігінің құрамына кіреді.

"Россия сегодня" агенттігі "РИА "Новости" агенттігінің дүние-мүлкіне ие болып, Ресей қоғамы мен мемлекеттік саясатынан шетелдерге хабар таратпақ.

Жаңа агенттіктің кеңсесі Мәскеудегі Зубровский бульварында орналасады.

"Россия сегодня" агенттігінің бас директоры қызметіне 59 жастағы журналист Дмитрий Киселев тағайындалды.

Путиннің жарлығымен мемлекеттік "Российская газета" басылымы мен "Родина" журналы бірігіп, "Ресей кітап палатасы" мекемесі ИТАР-ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігінің құрамына қосылатын болды.

Бұған қоса Мемлекеттік телеарна жене радио бағдарламаларының мұрағаты мекемесі де жойылмақ.

Владимир Путин үкіметке бір ай ішінде жаңа агенттік құрылуы үшін тиісті қаржы бөлуді, ал үш ай ішінде жарлықты толық орындауды тапсырды.

Ресей әкімшілігінің жетекшісі Сергей Ивановтың айтуынша, "РИА Новости" мен басқа бірнеше мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралын қайта құру олардың жұмыс істеу тиімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр. Оның сөзіне қарағанда, келесі жылы мемлекеттік БАҚ-қа бюджеттен бөлінетін қаржы азайтылған.

Иванов: "Ресей тәуелсіз саясат ұстанып, ұлттық мүдделерін қорғайтындықтан шындықты айтып, мүмкіндігінше көпшілікке ашық болуы керек, заманауи тіл мен алдыңғы қатарлы дамыған технологияны қолдануы тиіс" деді.
XS
SM
MD
LG