Accessibility links

«Әлем аластаған елдің паспорты керек емес»


Вадим Белоцерковский.
Вадим Белоцерковский.

Публицист Вадим Белоцерковский Путин саясатына қарсы наразылық белгісі ретінде Ресей азаматтығынан бас тартты.

Әдебиетші әрі публицист Вадим Белоцерковский Ресейдің мұндай елге айналғанына наразылық белгісі ретінде Ресей азаматтығынан бас тартты.

Вадим Белоцерковский «Арсыз өтірікке және адамдардың бір-біріне, демократиялық тәртіп орнаған өркениетті елдерге деген жеккөрінішіне толы авторитарлық әрі агрессор мемлекетке және қоғамды жаппай жемқорлық жайлап алған мемлекетке айналғанын айтқым келеді. Мұның бәрі Фридрих Ницше айтып кеткендей «Кешегі түкке тұрмайтын біреулер бүгін елдің бетке ұстар адамдарына айналып, Ресейді жосықсыз, жасанды әрі адам шошырлық құбыжық» кейіпке түсірді.

Ресейді "аласталған елдер" қатарына қосқан және экономикалық блокадаға түсірген соңғы оқиғалар -Украинаның бір бөлігін жаулап алуға тырысқан әрекетінен кейін азаматтықтан бас тартуға біржола бекіндім» деп жазады.

Вадим Белоцерковский 86 жаста, ол - совет әдебиетінің классигі Владимир Билль-Белоцерковскийдің (1884-1970) баласы. Жас кезінде матрос болған әкесі 1911-1917 жылдары АҚШ-та тұрған, ал революциядан кейін елге оралып, большевиктер партиясына өткен және кәсіби жазушыға айналған. 1972 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін СССР-дан эмиграцияға кетіп қалған Вадим Белоцерковский қайта құру кезінде Ресей азаматтығын алып, ұзақ жыл Мәскеуде тұрған. Ол - «Болашаққа және кері саяхат» естеліктер кітабының, социалистік және капиталистік қоғам конвергенциясы сияқты тақырыпқа арналған көптеген мақалалардың авторы. 2007 жылы ол «Андрей Луговой – «КГБ бейнесі ме?» деген мақала жазған. Мақала жарияланғаннан кейін Андрей Луговойдың арызы негізінде «жала жабу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Вадим Белоцерковский 2009 жылдан бері АҚШ-та тұрады, ал Ресей төлқұжатын Вашингтондағы Ресей елшілігіне жіберген.

Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Вадим Белоцерковский азаматтықтан бас тарту себебін түсіндіреді, әкесінің тағдыры, СССР мен эмиграциядағы өмірі, Андрей Луговоймен соттасуы және Украинадағы жағдай туралы әңгімелейді.

- Авторитаризм күшейіп, интеллигенцияның енжарлығы күшейген сайын «қадір-қасиеттен жұрдай мына төлқұжатты несіне ұстап жүрмін?» деген ойым да күшейе түсті. Оның қажеті қанша? Жасым болса 86-да, ал оң өзгерістердің нышаны байқалар деген үмітім жылдан жылға азайып барады. Егер демократиялық бағыттағы нағыз өзгерістер болып жатса, денсаулығым жарап, күш-қуатым жетіп жатса, қайтадан келіп, жаңа Ресей құжатын алармын.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Қырымды Ресейге қосу құжатына қол қойып отыр. Мәскеу. 21 наурыз, 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Қырымды Ресейге қосу құжатына қол қойып отыр. Мәскеу. 21 наурыз, 2014 жыл.

- Бұл шешімды қабылдауыңызға түрткі болған негізгі себеп- Украинадағы соғыс пен Қырымды тартып алу ма?

- Әрине, түпкілікті шешім қабылдауыма Қырым мен шығыс Украинадағы жағдай, Ресейдің авторитарлық агрессиясын үдетуі түрткі болды. Әлем елдері Ресейді 10 жыл бұрын "аластап" тастаған. Мұны Батыс елдері дипломатиялық сыпайылық сақтап айтпайды, ал Ресей мойындағысы келмейді, бірақ іс жүзінде солай. Егер осы жазда қатты сырқаттанып қалмағанда (бір ай ауруханада жатып, ауыр екі операция жасаттым) паспортты Вашингтондағы елшілікке былтыр жазда жіберер едім. Бірақ сырқаттанып қалғандықтан, ол кезде шамам болмады.

- Бас тарту себебін тікелей паспортқа жазып көрсеттіңіз бе?

- Паспорттың негізгі бетіне "Ресейдің мұндай елге айналғанына наразылық белгісі ретінде азаматтықтан бас тартамын" деп бадырайтып жаздым. Халықтың «Қырым біздікі» деп өзеуреген, қолдаған 80 пайызына қатысты болғандықтан, дәл солай деп жаздым. Тіпті Путин үкіметінің бұл қадамын сынағандардың ешқайсысы мүлде қарапайым әрі маңызды нәрсені - әуелі сыйға беріп алып, кейін оны зорлықпен тартып алу қарақшылықтан бетер қылық екенін, дипломатиялық жағын айтпағанда, гуманистік және адамгершілікке жатпайтын қылық екенін ешкім бетіне баспады. Әдетте біреудің дүниесін қарақшылар ғана тартып алады ғой, ал мыналар сыйға бергенін шімірікпестен арсыздықпен тартып алды. Ал көпшілік ұяттан жерге кірудің орнына, «Қырым біздікі» деп қуанды.

- Украинадағы революцияға, Майданға тілектес болдыңыз ба?

- Иә, әрине. Осыған қатысты "Ресей интеллигенциясына қоғамды жоғарыдағылардың зұлымдығына қарсы бастайтын өнеге болуы тиіс" деп бірнеше мәрте жаздым.

- Ресейде болып жатқан жағдай ең әуелі интеллигенцияның кінәсі деп ойлайсыз ба?

- Иә, мұны да талай рет жазғанмын. Интеллигенция «Париж көктемінен», Польша «Ынтымақтастығынан» үлгі алуы тиіс еді. Мұндай жағдайда өзге елдердегі, тіпті 20 ғасырдағы Ресейдегі сияқты интеллигенция бағыт сілтейтін, көшбасшы болуы тиіс.

- Украинада тұратын, оның ішінде қазір майдан шебінде жүрген, оккупацияға қарсы соғысып жатқан жандарға қандай тілек айтар едіңіз?

Киевтегі Майдан оқиғасының жылдығы. Желтоқсан, 2014 жыл.
Киевтегі Майдан оқиғасының жылдығы. Желтоқсан, 2014 жыл.

- Біріншіден, берілмеу, артқа шегінбеу керек. Ерте ме, кеш пе Ресей Украинадан шегінуіне тура келетінін, Украинаны басып алу жоспарынан бас тартатынын түсіну қажет. Қырымды сақтап қалуға әлі де тырысып бағар, бірақ шығыс облыстардан кетуіне тура келеді. Сол жерде тапжылмай тұрып, қазіргі позицияларын қорғау, Ресей әскерлерінің ішкері жылжуына тосқауыл қою керек.

- Қазір Ресейде эмиграцияға кеткісі келетіндер көбейіп келеді. Сіз сынап отырған интеллигенция «кетсек пе, жоқ па?» деп екіойлы болып жүр . 43 жыл эмиграцияда болған тәжірибеңіз бар, оларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Кеңес беру өте қиын, бұл - әр адамның мамандығына, біліміне байланысты шешілетін жеке шаруасы. Кеткісі келген адам ең әуелі "Ресейде не қалдырып бара жатырмын" деп ойлануы тиіс. Менің әке-шешем Ресейде қайтыс болды, Ресейде жақын туыстарымнан ешкім қалған жоқ. Бұл мәселені әр адам өзі шешуі тиіс. Кетуден қорқудың қажеті жоқ.

Эмигранттарға Америкадан гөрі Германияда өмір сүру оңайырақ. Бірақ Германияда әлеуметтік кепілдіктер берілгенімен, Америкада жұмыс табу оңай. Мысалы, босанған әйел үш жыл жұмыс істемеуіне болады, сосын бұрынғы орнына қайта тұрады. Білім - тегін.

Егер Ресейде билік үшін емес, қарапайым азаматтарға пайдам тиер деп ойласа қалуына болады. Ал өз басына да, қоғамға да еш кәдеге жарамайтынын білсе, ондай жанға кетуді ұсынар едім. Қазір Обама екеуміздің арамызда жылы қарым-қатынас орнаған. Елшіліктегілер менің орыс баспасөзінде оны қорғап мақалалар жазғанымды айтса керек. Оны Буковский, Новодворская сияқты диссиденттер жабылып сөкті ғой.

Меніңше, олар нәсілшілдік жетегінде кеткен сияқты. Обамаға жазған және жарияланған алғашқы хатымда мен Америка капиталистік жүйе аясында халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы Скандинавияға жетуге тырысу керектігін жаздым. Қазір екеуміз хат алысып тұрамыз.

Ол да Америка алға жылжи беруі тиіс, басқа құрылыс орнату керек деп санайды. Бірақ әзірше президент болып тұрғанда ол бұлай істей алмайды, Америка конституциясына сәйкес саясат жүргізуі тиіс. Жуырда жазған хатында президенттік мерзімі аяқталған соң мені шақырып, Американың қай бағытта дамуы тиіс деген тақырыпта әңгімелескісі келетінін жазыпты.

Ресей паспорты.
Ресей паспорты.

- Қазір азаматтықтан өзіңіз бас тартып отырсыз, ал 1972 жылы СССР-дан кетіп қалған кезде оны сізден тартып алған еді...

- Азаматтығымды тартып алғаны аздай, үш мың рубль шамасында ақша төлеткен еді ғой. Ол кездегі ақшаның құнымен қыруар ақша болатын. Оның үстіне, "оқуың үшін де төле" деген соң, тағы бір жарым мың рубль төлегенмін. Әкем қайтыс болып кеткен кез, ақшаны байғұс анамнан сұрауыма тура келді.

- Ал азаматтықты қашан қайта алдыңыз?

- Қайта құру заманында. Өйткені Ельцин шетелге түпкілікті қоныс аударған жандарды азаматтығынан айыратын ереженің күшін жойды. Әйелім - Украинада туған неміс қызы. Хрущев Қырым татарлары, немістерге шетелге кетуіне рұқсат берді әрі төлқұжаттарын тартып алмады, олар шетелге совет азаматы болып кетті. Ал Израильге кеткендердің азаматтығы автоматты түрде тартып алынды. Ельциннің тұсында эмигранттар азаматтығын қайта ала бастады. Елшілікке өтініш жазсаң болды, төлқұжат беретін. Мен төлқұжат алып, онымен ары-бері жүре бастадым, сосын Ресейде жарты жылдай - көктем, күз айларында тұрып, Мәскеуден күн қатты ысып кеткенде немесе қатты суық түскенде кететінмін.

- Ресейге баруды қашаннан бері қойдыңыз?

- 2005 жылы. Путиннің билікке тағы келгенін әрі ұзақ отыратынын түсіндім де, заттарымызды жинай бастадық. Кейін кітаптарым шығатын болып әрі әке-шешемнің зиратына бару үшін аз уақытқа тағы бірер мәрте келіп қайттым.

- Сосын Луговойға қатысты оқиға басталып, «жала жапты» деп айыппен сізге қатысты қылмыстық іс қозғалды...

«Эхо Москвы» мен «Civitas жаршысында» Луговоймен пікір таластырған мақаламды жарияладым. Луговой испанның «Эль Паис» газетінде мақаласын жариялап, «қолымда билік болса, Саакашвилиді дарға асар едім» деп тісін қайрап жүрді. Онымен пікір таластыру үшін әлемдік баспасөзде жарияланған мақалалар негізінде комментарий жаздым. 2007 жылдың 7 сәуірінде «Новая газета» басылымында бүкіл ғылыми қорытындыларды жинақтаған тамаша шолу басылды. Тарихта плутоний-210 сияқты жаппай қырып-жою қарудың көмегімен тұңғыш рет террористік акт жасалғандықтан, Англия қауіпсіздік органдарының тапсырмасы бойынша ғалымдар бұл істі тексерді. Сол кезде «меніңше, Литвиненконың көзін жою операциясын Луговой мен Ковтун жүргізді» деген пікірімді жаздым. Луговой «жала жапты» деп менің үстімнен шағым түсірді. 2007 жылы - Луговойға қарсы мақалам жарияланардан сәл бұрын «жала жабу қылмыс болып саналады, ол үшін үш жылға дейін сотталады» деген ереже енгізілді. Мұны мемлекет басындағы адамдарды қорғау үшін жасағаны анық. Луговой ол кезде де мемлекеттік думаның қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болған.

- Сізді тергеуге шақырды ма?

- Тергеуге шақырғанымен, мен жауап бермедім. Олар «Civitas жаршысы» редакторы Римма Поляк пен «Эхо Москвы» радиосының басшысы Алексей Венедиктовты тергепті.

- Ал сізге тергеуге шақыру қағазын тура Американың өзіне жіберді ме?

- Жоқ, мен шақыру қағазын алған жоқпын. Олар менің Ресейде тұрмайтынымды білген сияқты. Әйтеуір оларға Венедиктовтың "бірден «Вестниктен» көшіріп бастым дегенін" ғана білемін. Менің координаттарымды сұраған соң, ол менің телефонымның нөмірін беріпті.

- 1972 жылы эмиграцияға кетуге жиналған кезде әкеңізбен бұл мәселені талқылыдыңыз ба? Ол бұл шешіміңізге қалай қарады?

- Жүрегі ауыратынын біліп, онымен бұл мәселені талқылаған жоқпын. Ол мені жақсы көретін. Мен де анам екеуін құрметтеп, қатты жақсы көрдім, екеуіне армандарым туралы ештеңе айтқан жоқпын. Бірақ бір жағынан әкемнің ісін жалғастырдым. Америкада қарапайым жұмысшы болған кезде әкем «Әлемнің интернационал жұмысшылары» деп аталатын ұйымға мүше болды. Оларды жұрт "анархист-синдикалистер" деп атайтын. 1930 жылдары Сталин тұсында Ресейде өзгеше ойлайтындарды жаппай қуғындау басталған кезде жазушылардың РАПП (Ресейдің пролетар жазушылар қауымдастығы) ұйымы «Белоцерковский, шын мәнінде большевик емес, анархист-синдикалист, Америкадан анархист-синдикалист болып келген күйі Ресейде қалып қойған. Мұны «Шторм» пьесасындағы кейіпкері «Братишка-матрос» растайды» деп Сталинге әкемнің үстінен хат жазып, әкеме қарсы шықты. Есіме түскенде күлкім келеді, біріншіден, олар дұрыс айтқан, ал екіншіден, мен де әкемнің жолымен жүріппін.

- Әкеңіз Америкада қанша жыл тұрған?

Владимир Билль-Белоцерковский. Америка. 1912 жыл.
Владимир Билль-Белоцерковский. Америка. 1912 жыл.

- Он шақты жыл. Оған дейін төрт жыл ағылшындар мен америкалықтардың сауда флотында болған. Кейін 1910 жылы Америкаға түсіп қалып, ақпан революциясынан кейін Ресейге қайтып оралды.

- Ал сіздің эмиграция туралы арманыңыз әкеңіздің әңгімелерінің арқасында оянды ма?

- Жоқ, ол Америкада қарапайым адамдардың жағдайы қиын болған кезде тұрды. Америкадағы өмір мен тәртіпті қатты сынайтын. Екеуіміз «Ресей қай жаққа қарай өзгеруі тиіс?» деген тақырыпта көп дауласатынбыз. Бір кездері мен «Ресейге буржуазиялық жолмен дамудан басқа жол жоқ» деп ойлайтынмын. Сондықтан Америкада қиындық көрген әкем ондағы өмірді әсірелемейтін. Жұмысы ауыр, әрі төлқұжатсыз болса да Американың билік орындарымен жанжалдаспаған, кемеден түсіп қалып, Америкадан жұмысты тез тауып алған.

- Оның цензура өткізбеген шығармалары бар ма?

- Жоқ, ондай шығармалары жоқ. Ол маған «соңғы ғұмырбаянымды менің әңгімелерім бойынша ұлым жазып шықты» деген хат қалдырып кетті. Науқас болып, жұмыс істеуге шамасы келмеді, бірақ үлкен кітапқа тапсырыс берген еді. Оны жазып шығуымды сұрады. Кейбір жайттарды өзінен сұрап отырдым, ал бір бөлігін өзім де білетінмін. Оның атынан әдеттегі үлгілерге ұқсамайтын өмірбаянын жазып шықтым. Бірақ редакция оны советтік сарында аяқтауға көндірді.

- Қазір оның кітаптарын қайталап оқып отырасыз ба?

- Жоқ, қайталап оқуға уақыт жоқ.

- Бірақ есіңізде қалған шығар?

- Әрине, қалды. Әкемнің әңгімелері . Соғыс алдында Ресейде көркемсөз оқу деген өнердің түрі шықты, көркем сөз оқушылар шығармаларын эстрада жанрында оқитын. Сол кезде әкемнің «Бірсарындылық» («Монотонность») және «Мен қалай негр болдым» («Как я был негром») деген сияқты көптеген әңгімелері сахнадан оқылатын.

- Сталиннің әкеңізге жазған хаты да бар ғой?

- Бар. Әкем оны маған берген. РАПП басшылары әкеме қарсы «Ешқандай большевик емес. Оның «Шторм» пьесасындағы басты кейіпкер Братишка-матрос большевик емес, Америкада анархист болған Белоцерковскийдің өзі сияқты анархист» деген сарында Сталинге хат жазған. Олар ешқандай большевик емес деп дұрыс айтқан. Сталин оларға жауап жазып, көшірмесін әкеме жолдады. Әкем де жауап жазған. Кейін хат Сталиннің шығармалар жинағының соңғы томына енді. Ол Белоцерковскийге жазған хатында жеңіл-желпі болса да әкемді сынаған, бірақ РАПП басшыларымен де келіспеген. Оларға «Белоцерковскийдің көзі жоюға келіспеймін, онсыз да пролетар жазушы аз, мұндай жазушыны қайдан алмақсыңдар?» деп әкемді қорғаған.

- Демек, Сталин әкеңіздің оқырманы әрі табынушысы болған ба?

- Меніңше, әкемнің табынушысы болмаса да, оқырманы болды. Кейбір шығармасын оқыған сияқты.

- Отбасыңыз үлкен террор жылдары мен 1940 жылдардағы космополитизм, антисемитизммен күрес науқаны тұсында қандай қиындықтар көрді?

Вадим Белоцерковский. 1945 жыл.
Вадим Белоцерковский. 1945 жыл.

- Көп қиындық көрді. Әкем жазушылардың партия жиналыстарында президиумда отыруы тиіс болатын. Америкадан революцияға дейін келіп, бірден партияға кіргендіктен, ол қарт большевик саналатын. Бұрын бір шабуыл жасалғандықтан, ол өзіне қарсы науқан басталса аман қалмайтынын білді. Ақыры дәрігерден «науқас, жиналыстарға қатысуға, сөйлеуге болмайды» деген анықтама алды. Ол шынымен науқас болатын,1929 жылы бірінші инсульт алған. Сол анықтама қағаздың арқасында партия жиналыстарына қатыспай жүрді. Әкем «күндіз партия жиналыстарында отыратындықтан, түнде ғана жаза аламыз» деп жазды. Ақыры, 1940 жылы ол партия жиналыстарына қатыспауға рұқсат алды. Сол кезден бастап әкеме партия жиналыстарының жартылай құпия құжаттарын қызыл папкаға салып жіберетін болды. Оларды мен де оқитынмын, интеллигенция мен партия өкілдерінің қалай құлдырап бара жатқанын бақылау қызық көрінді. Ал екінші қиындыққа мен тап болдым. Әке-шешем тіпті сол үшін ұрсысып та қалған болатын. Анам әкеме «өзің жасаған революцияңның жазасын тарт енді» деп айқайлағаны есімде.Мені ұлтым еврей болғандықтан, атом физикасы факультетінен шығарып жіберді. Шақырып алып, «анкетадағы мәліметтерге сәйкес бұл жұмысқа жарамайсыз» деп турасын айтты. Сосын мүлде жұмыссыз қалдым. Оқуды сталиндік антисемтизм күшейіп тұрған 1952 жылы бітірдім. Оның не екенін қазір жұрттың көбі түсінбейді, білмейді. Ал бұл сұмдық нәрсе болатын. Ұлты еврей ғалымдар ғана емес, еврей тегіндегілердің бәрін қудалап, оларды «әшкерелеп» жатты. Жұмысымнан сол кезде айырылдым. Әуелі жақсы мамандық аламын деп оқып жүрген оқуымнан айырылдым. Деканым, профессор кісі мені қорғап қалғысы келіп тырысып еді, ештеңе шықпады. Ақыры Молотовқа жасырын хат жазып, «бүкіл сенімімнен айырылдым, бірақ сізге деген сенімім қалды. Халықтың халі мүшкіл, елде бюрократизм, авторитаризм орнады» деп жаздым. Хаттың соңына қол қоймай, «сізге жазуға сенімімды жоғалтпағаныммен, қол қоюға сенімімді жоғалттым» деп аяқтадым. Әлгі хат МГБ-ның (Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің) қолына түскенінің өзі - жеке бір әңгіме, оны «Болашаққа және кері саяхат» кітабымда сипаттап жазғанмын. Мені Сталиннің қазасы құтқарып қалды. Хатым МГБ-ның қолына 1953 жылдың басында түскен, ал наурызда Сталин қайтыс болды.

- Ал әкеңіз бұл антисемиттік науқаға ілігіп кеткен жоқ па?

- Ілікті. Бұрын театр институттарында оның шығармашылығын тәптіштеп оқытатын, әсіресе «Шторм» пьесасы революция проблемаларына арналған алғашқы революциядан кейін жазылған алғашқы пьеса ретінде классикалық шығарма деп есептелетін. Антисемиттік науқан басталғаннан кейін әкем «Өзімнің еврей екенімді Сталин қуғындауы күшейген 1932 жылы есіме түсті» деп айтқан еді. Ақыры оның есімін мүлде атамай, зейнетақысы ғана қалды.

- 1960 жылдары әкеңіздің совет үкіметіне деген көзқарасы өзгерді ме?

- Өте қатты өзгерді. Өзі айтпаса да, бүкіл болмысы анархист-синдикалист болып қалды. Ол Ленин қайтыс болғаннан кейін Сталин тұсында болып жатқан жайттарды қатты сынады. Сталин өлген кезде біздің шаңырағымызда нағыз мереке болды. Сталиннің интеллигенциядағы, жазушылар ортасындағы достары жоқтап, өтірік-шыны аралас жас төгіп жатқанда , көсемнің дүние салғанына біз сияқты қатты қуанғандар аз болды. Біздің үйге сондай төрешіл жазушылардың бірі «Ендігі күніміз не болады?» деп жылап келді. Әкем екеуміз үндемедік, ал анам жылап жіберді. Жұрт әлгі жазушы МГБ-мен байланысы бар деп айтып жүретін. Анамның жылағанына иланып қалған ол көзін сүрткіштеп, кетіп қалды. Ол кетісімен әкем екеуміз анамнан «неге жыладың?» деп сұрадық. Ол «әлгі кісі біздің реакциямызды көру үшін әдейі келгенін түсіндім. Ал көзіме жас келу үшін наурызда аула сыпырушы ұстап алып, жанып жатқан пешке тастай салған мысығымызды есіме алдым. Мысығымды ойлап едім, көзімнен жас шығып кетті, ал әлгі ақымақ Сталинді жоқтап отыр деп ойлады» деді. деді. Ол мысықты бәріміз жақсы көретінбіз. Осындай да қызық болған.

XS
SM
MD
LG