Accessibility links

Меруерт Өтекешева: «Қырым өркендеп келеді, бәрі дұрыс»


Меруерт Өтекешева. Алматы, 11 наурыз 2013 жыл.
Меруерт Өтекешева. Алматы, 11 наурыз 2013 жыл.

Қазақ киносында есімі аңызға айналған, «Қыз Жібек» тарихи фильмінде бас кейіпкерді сомдаған актриса Меруерт Өтекешева Азаттыққа берген сұхбатында саясат пен Қырым аннекциясы туралы пікірін айтты.

Көрермендерге Меруерт Өтекешева қазақ киносының жауһары деп танылған «Қыз Жібек» фильмінен бері таныс. Меруерт бұл фильмге 10-сыныпта оқып жүргенде түскен. Фильм шыққаннан кейін бас кейіпкер Төлегеннің рөлін ойнаған Құман Тастанбеков екеуі үйленген. Содан бері бірге ғұмыр кешіп келеді. Актриса «Шоқан Уәлиханов», «Аждаһа жылы», «Провинциялық роман» фильмдері мен «Арман қала», «Жаным» телехикаяларына түскен.

Жұлдызды мәртебесіне лайық көптеген атақ-дәрежеге ие болған Меруерт Өтекешева қазір Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрда жұмыс істейді.

Азаттық: - Өтекешева ханым, «Қыз Жібек» тағдырыңызды шешкен фильмге айналып, бас кейіпкер Төлегеннің рөлін сомдаған Құман Тастанбеков екеуіңіздің шаңырақ көтергендеріңізге 40 жылдан асты. Голливудтың екі актері қатысқан «Көшпенділер» блокбастерін түсіруге қыруар ақша жұмсалып, біраз жыл кетті. Бірақ жұрт «соңғы 40 жылда елде «Қыз Жібек» сияқты дәуір картинасы түсірілген жоқ» деп санайды. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

"Қыз Жібек" фильмінің бас кейіпкерлері әрі ерлі-зайыпты Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбеков. Алматы, 11 наурыз 2013 жыл.
"Қыз Жібек" фильмінің бас кейіпкерлері әрі ерлі-зайыпты Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбеков. Алматы, 11 наурыз 2013 жыл.

Меруерт Өтекешова: - Жұрттың көбі айтқандай, 40 жыл бұрын экранға шыққан «Қыз Жібек» фильмі көрерменді әлі қуантып келеді. Сценарийін жазған Ғабит Мүсіреповтің, режиссер Сұлтан Қожықов, оператор Асхат Ашрапов, суретші Гүлфайрус Исмаилова сияқты тамаша адамдардың арқасында түсірілген көркем дүние қазірге дейін көнерген жоқ. Бұл фильм тарихты, материалды терең білетін әрі фильмге терең философиялық көзқарас тұрғысынан қараған режиссердің арқасында сәтті шыққанын үнемі айтып отырамын. Экранға «Қыз Жібектен» кейін де талай тамаша фильмдер шықты, бірақ олар Қазақстан кинематографиясында үлкен із қалдырмаған сияқты.

Қазір келешек ұрпақ үшін тарихи фильмдер түсіру қажет деген сөздер айтылып жүр. Декорациясы жақсы, актерлері де тамаша ойнағанымен, «Көшпенділер» фильмі көрермен көңілінен шықпады. Қайткенмен, тарихи фильмдерді көрерменге түсінікті етіп түсіру керек. Жұрттың айтып жүргені рас, «Көшпенділер» фильмі сәтті шықпады.

Азаттық: - Қазір телехикаяларға түсіп жүрсіз. Қазақстан актерлері телесериал мен кәдімгі фильмнің қайсысынан көбірек ақша табады? Актерлер алатын ең көп жалақы мөлшері қазір қанша?

Меруерт Өтекешева: - Оны білмеймін. Ақшаны фильм бюджетіне байланысты төлейді. Мысалы, кейбір актерлер телесериалға қарағанда, қысқа метражды фильмдерге түсіп, көп ақша табады, ал кейде керісінше болып жатады. Бұл жағын толық білмеймін. Ақшаны актерлердің статусына қарай көбірек төлесе ғой деп ойлаймын, бірақ өкінішке орай олай төлемейді.

Азаттық: - Қазақстандағы атақты адамдар президент Назарбаевты, қазақ тілін немесе оппозиционерлерді қолдап жазылған ұжымдық хаттарға қол қойып жатады. Сіздің ұжымдық петицияларға қол қоймайтыныңызды білеміз. Неліктен?

"Қыз Жібек" фильміндегі Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбеков.
"Қыз Жібек" фильміндегі Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбеков.

Меруерт Өтекешева: - Хат жазудың әрі оған қол қоюдың қажеті қанша? Бұл мәселелер менсіз де шешіледі. Қазақ тілін үйреніңдер дегенді қадірлі Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтады. Ал қалғаны өзімізге, балабақша, мектеп, университетке байланысты. Мұны үнемі айта берудің қажеті не? Әлгі хаттарды бұрқыратып жаза бергеннен ештеңе шықпайды, бұл - дұрыс емес , тіпті ұят нәрсе деп ойлаймын. Бәріміз қазақ жерінде тұрамыз, сондықтан қазақ тілін білуге,үйренуге тиіспіз.

Азаттық: - Қырым аннексиясынан кейін Ресейдің шығармашылық элитасы екіге жарылды. Бұл жайындағы пікіріңіз қандай?

Меруерт Өтекешева: - Бұл туралы ештеңе айтпаймын. Саясат – ғаламдық дүние. Украинада не болып жатқанынан газеттен, теледидардан хабардармын. Украина үшін, қарапайым халық үшін жүрегің ауырады. Еш себепсіз қырылып жатыр. Қырым өркендеп, бәрі өз ретімен келе жатыр.

Азаттық: - Бақылаушылар Ресей президенті Владимир Путин қазақтарда мемлекет болмаған деп мәлімдеген кезде қазақ интеллигенциясы үнсіз қалғанын айтады. Неліктен деп ойлайсыз?

Меруерт Өтекешева: - Ресей мен Қазақстан - бұрыннан бір-бірін түсінісетін елдер. Владимир Путин мұны арам пиғылмен айтпаған болар. Ол Ресей мен Қазақстан арасындағы достықты құрметтейді деп есептеймін. Екі елдің арасындағы талай ғасырдан бері келе жатқан достық үзілмейді. Ал ондай артық-кем сөздер айтылатын жағдайлар үнемі болып жатады, ғаламдық саяси мәселелерді интеллигенция емес, үлкен саясаткерлер шешуі тиіс.

Азаттық: - Қалай ойлайсыз, мемлекет тарапынан мәдениет саласына жеткілікті көңіл бөліне ме? Жуырда Қазақстан президенті Назарбаев «мәдени саясат тұжырымдамасын жасау қажет, қазіргі заманға сай мәдени кластерлерді дамыту керек» деді. Олардың осы күнге дейін жасалмауына не себеп деп ойлайсыз?

"Қыз Жібек".
"Қыз Жібек".

Меруерт Өтекешева: - Мемлекет мәдениетті дамытуға жеткілікті көңіл бөліп отыр деп ойлаймын. Қазақстанда қанша театр жұмыс істеп, қаншама фильм түсіріліп жатыр! Мүмкін тиісті деңгейге әлі жетпеген болармыз, бірақ мәдениетіміз қарыштап дамып келеді, ал осы салада жүрген жандар бүкіл күш-қуатымен, жан-тәнімен жұмыс істеп жтыр. Өзге жұрт Қазақстанды қалай таныса, біз де өзге елдерді мәдениет арқылы – театр, кино, музыка, кітап арқылы танимыз. Ал қазіргі заман кластерлерін жаңа ұрпақ дамыта жатар.

Азаттық: - Егер Орталық Азия мен Еуропаны салыстырсақ, Қазақстан кинематографиясы қандай орында болар еді деп ойлайсыз?

Меруерт Өтекешева: - Салыстыру мүмкін емес. Әр елдің әлемге танылған өз жауһарлары бар. Әр елдің кинематография қоры өзінше бай, өзгеше. Тек әр фильмде мән-мағына болса екен дегенді ғана айтқым келеді. Қазір Қазақстан көбінесе мән-мағынасыз фильмдерді сатып алатын болды. Жастар кинотеатрға зерігіп, попкорн жеу үшін ғана барады. Оларға «уақыттарыңды босқа өткізбеңдер, мән-мағынадан жұрдай өнер шығармасының алдында екі сағаттарыңды босқа өлтірмеңдер» деп үнемі айтып отырамын.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG