Лия Ахеджакова – Ресейдегі ең танымал актрисалардың бірі. Оның "Современник" театрындағы кейінгі рөлін интеллигенция жақсы қабылдаған. Бірақ ол сомдаған кейіпкердің монологы ардагерлерге тіл тигізіп, "гейлерді" насихаттайды деп топшылағандар да бар. Олар театрды Ресей негізге алатын құндылықтарға қарсы шықты деп кінәлады. Бұл шағым осы ғана емес, елдегі басқа да театрларға проблема туғызған тәрізді.
2 тамызда мәдениет министрлігіне қарасты қоғамдық кеңес театрларды тексеріп, Ресей ұлттық қауіпсіздік стратегиясына қаншалықты сай келетінін анықтайтынын мәлімдеді. Президент Владимир Путин 3 маусымда қол қойған құжатта Ресейдің "мәдени егемендігіне" қауіп төніп тұрғаны, Батыс "елдің дәстүрлі құндылықтарына белсенді түрде шабуылдап жатқаны" жазылған.
"Театрлардың репертуарына байланысты бір топ адам шағымданды. Бұл мәселе қоғам алдында талқылануы керек деп шештік" деді мәдениет министрлігіндегі қоғамдық кеңес төрағасы Михали Лермонтов Интерфакс агенттігіне.
Лермонтов қоғамдық талқылау қашан болатынын нақты айтпады, бірақ РИА Новости агенттігіне "патриоттық және моральдық рухани құндылықтарға" ерекше назар аударылатынын айтқан.
Ол меңзеген "адамдар" бірнеше күн бұрын Ахеджакованың рөлін сынаған кремльшіл топ болуы мүмкін.
Лия Ахеджакова драматург Ринат Ташимов пен режиссер Бенджамин Коктың "Алғашқы нан" ("Первый хлеб") пьесасында ойнаған. Бірақ "Ресей офицерлері" ұйымы пьеса "біржынысты махаббатты айқын насихаттап", Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Совет одағын қорғаған ардагерлерді қорлады деген.
Театр басшылығы бас прокуратура мен Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің кеңсесіне шағым түсірген. Шағым жарияланғаннан кейін екі күннен соң 21 шілдеде театр Ахеджакова сомдаған кейіпкердің монологын өзгертіп, бейпіл сөздерді алып тастағанын мәлімдеді.
3 тамызда мәдениет министрлігінің пікірі екіге бөлініп,
министр Ольга Любимова Лермонтовтың айтқаны "министрлік басшылығымен келісілмеген" деді.
– Қоғамдық кеңестегі кей адамдардың идеясы мен пікірін министрлікке таңудың қажеті жоқ, – деді ол.
Любимова заң бойынша министрлік мәдени мекемелердің шығармашылық қызметіне араласа алмайтынын, "Конституция цензураға тыйым салатынын" алға тартты.
Бірақ бұл "Современник" театрына қатысты дауды шеше алмады.
Путин үкіметін сынап, Ресейдегі саяси тұтқындарды жақтайтын Лия Ахеджакова РБК басылымына берген сұхбатында "Ресей офицерлері" секілді қозғалыстардың өнерге қарсы науқанын "терроризмге" теңеді.
– Бұл адамдарды кім желіктерді? Бәрін бұрмалаған кім? Автор екеуміз қандай ардагерлерді ренжітіппіз? – дей келе ол мұны "Современник" театрының көркемдік жетекшісі Виктор Рыжаковты орнынан алғысы келетіндер істегенін мәлімдеді.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, "Современникке" қарсы шағымды қолдағандар арасында жазушы Святослав Рыбас та бар. Ол шілдеде "Литературная газета" басылымына "Ресейдің ұлттық идеясы – ұлттық болмысты сақтап қалу" деп жазған.
Бұл мақалада Рыбас бірқатар театр қойылымдарын, әсіресе, Грэм Виктің режиссерлігімен Санкт-Петербургтегі "Мариинский театры" қойған Лев Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік" операсын қатты сынаған.
Святослав Рыбас қойылымда Толстойдың кейіпкерлері "есуас" сияқты көрінетінін, өткен айда Лондонда қаза тапқан Грэм Вик Илья Ростовтың қызы Наташа Ростованың "ерекше образына" дақ түсіргенін, оны "жезөкшеге айналдырғанын" жазған. Жазушы билікті "Ресей театрларын мұқият бақылауға" шақырған.
Егер Лермонтов ұсынған тексеріс жалғасатын болса, бұл Ресейдің өнер саласын консервативті мемлекеттік саясатқа араластырып, театр директорларының қолында тыйым салынған тақырыптардың қара тізімі пайда болуы мүмкін.
Ресей ұлттық қауіпсіздік стретагиясы кремльшіл топтар мен консервативті қозғалыстарға белгі бергендей. 2015 жылғы нұсқаны алмастырған жаңа құжатта Батысты сынау көбейіп, АҚШ пен оның жақтастары Ресей мәдениетіне қауіп төндіретіні айтылады.
Құжатта "Батыстағы достық пиғылы жоқ елдер дәстүрлі құндылықтарды әдейі бұзып, әлем тарихын бұрмалап, Ресейдің рөлі мен орны туралы пікірді өзгерткісі келеді" деп жазылған.
Мәскеудегі Карнеги орталығының директоры Дмитрий Тренин 6 шілдеде "Коммерсантъ" газетіне құжат "Отанға қызмет ету", материалдықтан рухани дүниені жоғары қою секілді маңызды құндылықтарды" сипаттайтынын жазды.
"Мұның идеал екені түсінікті, – деп жазды ол. – Бірақ Ресейдің негізгі проблемасы – оны басқаратын элита бұл идеалдарды сирек ұстанады. Сауалнама қорытындыларына сенсек, олардың жол бастауға моральдық құқығы жоқ".
ПІКІРЛЕР