Accessibility links

Түркиядағы орыс экспаттары ертеңгі күнін уайымдайды


Түрік азаматына тұрмысқа шыққан Алина есімді 29 жастағы ресейлік. Анталия, 6 желтоқсан 2015 жыл.
Түрік азаматына тұрмысқа шыққан Алина есімді 29 жастағы ресейлік. Анталия, 6 желтоқсан 2015 жыл.

Мәскеу мен Анкара арасындағы ахуал ушыққаны Анталияда тұратын 40 мыңдай ресейлік мигранттарды алаңдатып отыр.

Түркияның курортты қаласы Анталиядағы Shemall сауда орталығында форма киген түрік және орыс мектептерінің оқушылары қатарлана қол ұстасып тұра қалып, тебірене ән салды.

Бірлікті паш еткен бұл шара қалада өтіп жатқан «Достық пен бейбітшілік» фестивалінің аясында ұйымдастырылған. Ал Анкара мен Мәскеу бір-бірімен әлі дүрдараз.

Өткен айда Түркия Сириямен шекарасында Ресей әскери ұшағын атып құлатқан соң екі ел арасы ушығып кетті. Содан бері Ресейде тұратын түріктердің қысым көріп жатқаны туралы хабарлар тарады. Анталияда өмір сүріп жатқан 40 мыңға тарта орыс эмигранттары қауымдастығының белсенділері мұндай жағдайдың өздерінде қайталанбауы үшін қолдан келгенді жасап жатыр.

Түркияда тұратын ресейліктердің көбі саяси дау-дамай реттеліп, бәрі қалпына түсер деп үміттенеді. Дегенмен, орыстардың арасында екі ел үкіметтерінің арасындағы түсініспеушілік өз өмірлеріне кесірін тигізе ме деп қорқатындар да бар.

«ҮЛКЕН ОТБАСЫ»

«Біз үлкен бір отбасы сияқтымыз» дейді фестивальді ұйымдастырушы Лариса есімді әйел. Анталияда тұратын орыс әйелдерінің көбі – түрік жігітіне тұрмысқа шыққандар. Лариса да – түріктің келіні, екі баланың анасы. Оның айтуынша, мұндағы орыстар «ешқандай қиындық көріп жатқан жоқ».

– [Екі ұлт] жыл өткен сайын қоян-қолтық араласып келеді. Мұны бір сәтте жойып жіберу мүмкін емес, - дейді Лариса.

Анталиядағы орыс өнері мен мәдениеті қауымдастығын басқаратын Ирина Балжи, Түркия, 6 желтоқсан 2015 жыл.
Анталиядағы орыс өнері мен мәдениеті қауымдастығын басқаратын Ирина Балжи, Түркия, 6 желтоқсан 2015 жыл.

Ирина Балжи есімді тағы бір орыс әйелі теңіз жағасында итімен серуендеп жүр. Орыс өнері мен мәдениеті қауымдастығын басқаратын ол Анталияда сегіз жылдан бері тұрып жатыр, сондықтан бұл қаланы «өз үйім» атайды.

Төрт баланың анасы Иринаның айтуынша, Анталиядағы орыстар жақын араласады және бұған олардың аралас некеде болғаны көп әсер етеді екен.

– Мұнда тұратын орыстардың көбі түріктермен шаңырақ құрған. Түрікке тұрмысқа шыққандар түрік отбасыларына сіңіп кеткен, солармен аралас-құралас тұрады. Мұнда түріктерден ешқандай қауіпті байқамадық, - дейді ол.

Иринаның өзі демалуға Жерорта теңізіндегі курортқа саяхаттап келгенде жергілікті түрік жігітіне ғашық болып, осында тұрмыс құрып қалып қойған екен. Содан бері олар Анталияда тұрады.

Екі ел арасында достық болсын деген ниетпен Ирина Балжи жаңа асыраған итіне «Мира» («мир» - орыс тілінен аударғанда «бейбітшілік» деген сөз) деп ат қойыпты.

Достық пен бейбітшілік фестиваліндегі балалар. Анталия, 6 желтоқсан 2015 жыл.
Достық пен бейбітшілік фестиваліндегі балалар. Анталия, 6 желтоқсан 2015 жыл.

​Демалуға, тұрақты өмір сүруге шетелдіктер көп келетін Анталияның жергілікті халқы ресейліктерге оң көзбен қарайды.

– Орыстар – біздің елдің азаматтары, біздің достарымыз. Біздің арамызда ешқандай проблема жоқ. Біз қоян-қолтық араласып, бақытты өмір сүріп жатырмыз, - дейді Анталиядағы орыстардың қоғамға араласуына көмектесетін шетелдіктердің мәдениет және бірлік қауымдастығы директоры Эмел Жакмак есімді түрік әйелі.

Оның айтуынша, Анталиядағы орыстардың көбі түрікше сөйлейді әрі жергілікті халыққа сіңісіп кеткен. Олардың көбі туризм саласында бизнес ашқан, арасында көрікті жерлерден үй-жай сатып алғандар да баршылық. Аралас отбасылардың балалары көбінесе орыс және түрік тілдерінде дәріс беретін халықаралық мектепке барады.

СЕНІМСІЗДІК ПЕН ҮРЕЙ

Анкара мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық дау ушығып тұрған қазіргі сәтте Анталиядағы орыстар жалпақ жұртқа «бәрі жақсы» дегенмен, оңашада ертеңгі күнге деген сенімсіздік барын да жиі айтады.

Алина есімді 29 жастағы ресейлік қыз жақында қала орталығында болған келеңсіз жағдай туралы әңгімелеп берді. Оның сөзінше, көшеде ұшырасқан бір топ жасөпірім оны ұлтына бола кемсіткен.

– Олар маған: «Ақымақ орыстар, Ресейлеріңе кетіңдер! Египетте ұшақтарың құлағаны қандай жақсы болды. Біз сендерді жек көреміз!» деді, - деп еске алады Алина.

Ол сондай-ақ дос қызына жергілікті бір топ жігіт тиісіп, балағаттап, тіпті оны ұрмақшы болғанын айтып берді.

Түрік жігітіне тұрмысқа шыққан, төрт жасар қызы бар Алина әлгіндей адамдар тым аз дейді.

«Өткен айда Ресей мен Түркия арасы ушыға бастағалы осындай адамдардардан үрейленіп жүрмін» дейді ол.

Анталиядағы үлкен орыс матрешкалары. 5 желтоқсан 2015 жыл.
Анталиядағы үлкен орыс матрешкалары. 5 желтоқсан 2015 жыл.

Алина аудармашы болып жұмыс істейді. Сырттай қарағанда өз-өзіне сенімді көрінгенімен, ол «фамилиям түрікше, қызымның паспорты түркиялық болғандықтан, Ресейге барсам қысым көрем» деп қорқады. «Ресейге барсам, биліктегілер кері жібермей қояр» деп те үрейленеді.

Анталиядағы орыстардың арасында осындай екіұдай күйде жүргендер баршылық.

– Аздап қорқатыным рас, себебі менің отбасым Ресейде, әкем мен ағам отбасылармен бірге осында келсе деп ойлағанмын. Екі ел арасында виза режимі енгізілсе, келу қиындайды. Қос азаматтыққа қатысты да мәселе бар, бір күні екі елдің бірін таңда дейтін шығар, - дейді Мәскеуде туып-өсіп, 13 жыл бұрын Анталияға қоныс аударған Светлана.

Анталиядағы сауда орталығының алдында орындықта отырған Светлана осы қалада халықаралық мектепте оқып жатқан қызы Маргаританы қасына шақырды.

– Әсіресе қызым үшін қиын болады, себебі ол шын мәнісінде жартылай түрік, жартылай орыс. Оның екі отаны бар, - дейді Светлана.

(Фруд Бежанның материалы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG