Accessibility links

Ресейлік жалған деректі әшкерелейтін фильм


Дарья Мастикашева мен Сергей Соколов Сергей Лойконың "Гибридтік тарих" деректі фильмінде
Дарья Мастикашева мен Сергей Соколов Сергей Лойконың "Гибридтік тарих" деректі фильмінде

Журналист Сергей Лойко Ресей насихат машинасының ұңғыл-шұңғылын фактілердің көмегімен көрсететін деректі фильм түсірді

Журналист Сергей Лойконың төрт сериялы деректі фильмінде Ресей телеарнасында Андрей Малахов жүргізген "Пусть говорят" бағдарламасының киллермен сұхбатынан үзінді көрсетіледі. Кейін бұл адамның Украинаның Каменск қаласында тұратын жұмыссыз екені анықталған. Ол Украинаға кетіп қалған Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Денис Вороненковты қастандықпен өлтірушінің рөлін азын-аулақ ақшаға ойнауға келіскені анықталған. Фильмде талданған осы және өзге де фейктердің авторы – өзін Борис Березовскийдің ақпараттық қауіпсіздік қызметі өкілімін деп атайтын Сергей Соколов. Жуырда Ресейде Соколовты өзге айыптармен қоса, фильмде сипатталған оқиғаларға байланысты тұтқындаған. Бұған дейін ол Ресей федералдық "Сараптама және қауіпсіздік" ақпарат орталығы сарапшысы болған.

"Гибрид тарих" фильмі махаббат хикаясынан басталады. Сергей Соколов Каменск қаласының тұрғыны әрі таэквондодан Украинаның үш дүркін чемпионы Дарья Мастикашеваға ғашық болып қалады. Оқиғаның басты кейіпкері Украинада Соколов құрған спорт ұйымында жұмыс істеген. Көп ұзамай "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша тұтқындалған ол енді 15 жылға сотталуы мүмкін. Оған танысы Александр Каратаймен бірге арнайы қызметтің операциясына ұқсайтын кезекті ақпараттық фейк ұйымдастыруға қатысқан деген айып тағылған.

Алдын ала құрастырылған болуы ықтимал сценарийға сәйкес, Донбастағы әскери операцияға қатысқан украиналық үш әскери жұмыс іздеп Мәскеуге аттанған. Олардың бірі Юрий Бондарь Мәскеудегі Ленинград темір жол вокзалын, Домодедово әуежайын, "Комсомол" метро станциясын видеоға түсірген, арасында біреуге телефон шалып, онымен дайын мәтін бойынша диалог жүргізеді. Телефоннан жауап қатқан адам да қағаздағы дайын жауаптарды оқиды. Әлгі адамды Мастикашева жалдауы мүмкін деген болжам бар.

Ертеңінде Ресейге Бондарьмен бірге барған украиналық әскери операцияның өзге екі ардагері әлдебір шикілікті сезіп қалып, Мәскеу облысында жалға алған пәтерден кетіп, дереу үйлеріне қайтуды ұйғарған. Украинаға оралғаннан кейін олар болған жайтты баяндап берген. Бұдан кейін Ресей мен Украинада Мастикашева, Каратай және Соколовтың үстінен қылмыстық істер қозғалған. Бірақ фильм түсіріліп жатқан сәтте Мастикашева мен Каратай ғана қамауға алынып, Соколов әлі бостандықта жүрген еді. Журналист Сергей Лойкоға бұл оқиғаға қатысы бар адамдармен де, Соколовтың Ресей телеарналарынан көрсетілген фейк зерттеулерінің де көптеген кейіпкерлерімен кездесіп, сөйлесудің сәті түскен.

- "Гибрид тарих" фильмінде сіз бұл – Украина ішіндегі жағдайға ықпал ету үшін Ресей арнайы қызметі ұйымдастырған операция тәрізді деп топшылайсыз. Өйткені Мәскеуде құрылыстағы жұмысқа жалданған делінетін украиналық әскерилер Ресейде терактілер жасағандай болып көрінуі тиіс болған.

- Шындығында мен олай деп айтпаймын. Мен Соколовтың Ресей арнайы қызметімен байланысы болған шығар деп қана айтамын. Өйткені, егер онымен байланысы болмаса, қалған жайттарды түсіндіру мүмкін емес. Ол сонда мұнымен еріккеннен айналысқан ба? Егер ол жақта өзі айтқандай қыруар ақша болса, оны оған кім төлеген? Украинада террорға қарсы операцияға (АТО) қатысқан үш адамның бұл оқиғаға қатысын зерттемес бұрын Соколовтың маған айтқандарын тексеріп алуды ұйғардым. Ал ол маған "Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) мені Украинада жүргізген бірнеше зерттеуіме бола қудалап жатыр. Бірақ маған қолдары жетпегеннен кейін азаматтық некедегі әйелім Дарья Мастикашеваны кепілде ұстап отыр" деп айтқан болатын. Адвокат да солай деген еді. Мен Соколовтың терроршылар лагері жайлы, "Боинг" ұшағы апаты (2014 жылғы 17 шілдеде Донбастағы Грабово селосы үстінде атып түсірілген Малайзия әуе желілеріне тиесілі ұшақ - Азаттық) Амстердам әуежайында ұшақ бортына салып жіберген жарылғыштан болған, қуғындағы ресейлік депутат Денис Вороненковты Киевте СБУ-дың қатысуымен гангстерлер өлтірді деген қорытынды жасаған зерттеулерін тексеріп шығуды ұйғардым.

Соколов бұл үш оқиғаға қатысты ұйғарымдарының бәрін Украинаның провинциялық қаласы – Каменскідегі әлдебір күдікті, тіпті үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген жандардың жалған мәлімдемелері негізінде құрастырғаны анықталды. Соколовтың өзі Каменскіде "базамды құрдым, агенттерімнің желісі бар" деген болатын. Оның зерттеулеріне Руслан Мильченко (тұтқындалғанға дейін "Сараптама және қауіпсіздік" ресейлік федаралдық ақпарат орталығы басшысы - Азаттық) да қатысқан. Әлгі зерттеулердің бәрі шылғи өтірік екені сырт көзге білініп тұр. Әлгі киллер деген адаммен сұхбат та, бақылау мұнарасы үстінен жасалған жазба да...( "Боинг" ұшағы күйрегеннен кейін жасалған - Азаттық). Әскерилерде қайдағы бақылау мұнарасы?! Қайдағы диспетчер?! Оларда тікелей арна бар! Мұның бәрі өтірік екені менің зерттеулерімсіз-ақ түсінікті болды. Бірақ мен бұған, яғни фейк зерттеулерге қатысқан адамдардың бәрін таптым. Соколов азаматтық некедегі әрі таэквондодан бұрынғы чемпион әйелі екеуі спорттық шаруалармен емес, сан қатпардан тұратын фейктер құрастырумен айналысқанын сол кезде түсіндім. Бұған қоса, таң қалғаным – Соколов пен Руслан Мильченко әлгі фейктерімен, яғни "зерттеулерінің" нәтижелерін Ресейдің жұрт ең көп көретін телеарналарының ең беделді бағдарламаларында көрсеткені. Әлгі "киллермен сұхбат" сияқты сандырақпен Малаховтың "Путь говорят" бағдарламасына шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Малахов Ресейдегі ең ақылды адам емес, бірақ ол нақұрыс та емес.

- Тыңшылар желісін құру мен Сергей Соколовтың фейк жаңалықтарын құрастырудың артында арнайы қызмет тұр деген болжамнан бөлек, мұның екінші, тіпті қисынды көрінетін Сергей Соколов – Остап Бендер деген болжам да бар ғой? Яғни ол әлгі фейктерді үгіт-насихат машинасы үшін, Малахов өткізетін телешоулар үшін ойдан құрастырған шығар, бірақ олар кей адамдарға шын жаңалықтар сияқты көрінген. Бәлкім, бұл үшін оған телеарналар қыруар ақша төлеген шығар?

– Егер АТО-ның үш мүшесі Мәскеуге сапар шекпегенде бұл әбден мүмкін деуге болар еді. Ал бұл оқиғаны фейк жаңалық деуге мүлде келмейді. Бұл жаңалық емес болатын. Әлгі адамдардың Ресейге қай күні кіріп-шыққаны анық жазылған төлқұжаттарын көрдім. Үшеуінің Мәскеуге барғанын тексеріп, оған анық көз жеткіздім. Үшеуі Александр Каратай жалға алған пәтерге түскен. Өз айтуларынша, оларға пәтерді әлдебір түсініксіз кавказдықтар жалға берген. Ол "түсініксіз кавказдықтармен" домофон арқылы сөйлестім. Кавказдықтар екені акцентінен білініп тұр. Үшеуі де төлқұжаттарынан аты-жөндерін жазып алғаны туралы айтты. Украинадан кетер алдында Каратай үшеуінің де "АТО-ға қатысушы" деген куәлігін фотоға түсіріп алған. Сосын үшеуіне 100 доллардан аванс төлеген Мастикашева олардың жолға шығып бара жатқан сәтін видеоға жазып алған. Бұған дейін Мәскеудегі фейк материалдардың біріне түскен Бондарь Домодедово әуежайын, Ленинград темір жол вокзалын, "Комсомол" метро станциясын видеоға түсірген. Бұған қоса, күніне 3-4 мәрте телефонмен сөйлесіп, рөлдерге бөлініп жазылған мәтінді оқыған. Ол мәтінді оқысаң, оларды Мәскеуге диверсия жасау үшін барған жедел әрекет ету тобы деген ойға қаласың.

Әлгі нұсқаулықтағы жоспар бойынша, Мәскеуден кейін үшеуі әуелі Курск атом электр станциясы орналасқан Курчатов қаласына, кейін азот тыңайтқыштарын шығаратын химиялық комбинат орналасқан Тольятти қаласына баруы тиіс болған. Мұндай комбинаттағы жарылыстың зардабы қандай болатынын елесете аласыз ба? Бұдан бөлек, үшеуі атом электр станциясы бар Обнинскіге баруы керек болған. Олар бірінші күннің бағдарламасын толық орындаған, ал Бондарь пәтерге оралып, әлгі нұсқаулықтар жазылған қағаздарды үстел үстіне тастап, көзі ұйқыға кеткенде жігіттер әлгі қағаздарды оқып алған. Сол кезде барып екеуі мұның не екенін бір-ақ түсінген, олар нақұрыс емес қой. Екеуі Бондарьды сабай жаздаған, түнде Мәскеуді аралауға шыққан болып, бірінің танысының пәтеріне барған, ал таңертең такси ұстап, Украинаға оралған.

Ресейге барған украиналық үш азамат. Сергей Лойконың деректі фильмінен скриншот
Ресейге барған украиналық үш азамат. Сергей Лойконың деректі фильмінен скриншот

Бұл оқиғаның қиюласпайтын ең осал тұсы мынада. Егер бұл әу бастан ФСБ жоспарлаған операция болса, шекарада торуыл құрып, оларды ұстап алып, Ресейден шығармай қояр еді. Бірақ әртүрлі жағдай болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймын. Ертеректе болған көп жайттың да осындай мүлде қабыспайтын тұстары көп болатын. Мәскеуде екі, Буйнак пен Волгодонск қалаларында бір-бір үйден жарылған оқиғалар есіңізде ме? Сол жарылыстардан кейін Рязаньдағы тұрғын үйдің жертөлесінен гексоген (жарылғыш зат) табылған, бірақ оны қант деп айтқан. Ол кезде мен Рязаньда "Лос-Анджелес таймс" газетінде аудармашы болатынмын. Ертеңінде америкалық журналист Моро Рейнольдс екеуміз әлгі жерге барғанбыз. Жарылғыш затты тапқан, әлгі үйде тұратын Картофельников деген тұрғынмен және сол кісінің шақыруымен барып, жарылғыш затты тапқан милиционермен кездестік. Ол милиционер (қазір аты-жөні есімде қалмапты) бізге "1995-1996 жылдары Шешенстанда жарылғыш заттармен жұмыс істейтін техник болғанмын, қаптарда гексоген екеніне сенімдімін" деген еді. Бірақ жергілікті арнайы қызмет Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) екі агентін тұтқындағаннан кейін "бұл жаттығу болатын" дей салған.

Бұрын фейк жаңалықтар құрастырумен ғана айналысқан Соколовтың мынадай сан қатпарлы шаруаға неліктен араласқанын онша түсінбеймін. Каменскіден Каратайдың көлік жүргізушісін де іздеп таптым. Ол Мастикашева жалға алған пәтерге (сол жалға алғанын пәтер иесі де растады) онымен бірге күніне үш рет барып жүрген. Телефон соққан Бондарьға өзіндегі нұсқаулықтарды әлгі жүргізуші оқып жүрген. Оған мәтінді көрсетіп, бір сөйлемін оқып беріп едім, ол маған келесі бір сөйлемін жатқа айтып берді. Ол нұсқаулықтарды СБУ ойдан құрастырған жоқ, олар шынымен де бар. Жалданған украиналық әскерилерге Днепропетровскіде Каратай берген сөмкелерде құрал-саймандар, арнайы жұмыс киімдері болған, бірақ әр сөмкенің түбінде бүктеулі күйінде жап-жаңа әскери рюкзак та жатқан.

Енді Мәскеу метросында жарылыс болды деп елестетіп көрелік. Жарылыстан кейін үш украиналықты бірден тұтқындайды немесе "қарсылық көрсеткенде" өлтіреді. Сосын бәріміз әлгі айғақтарды көреміз, ал олар жанама айғақтар емес, үшеуінің телефон арқылы сөйлескен сөздері жазылған, пәтерді жалға алған, аты-жөндері белгілі, бұған қоса, өздері АТО ардагерлері. Ал сөмкелерінен гексогеннің немесе әлдебір тротилдің қалдықтары табылуы мүмкін. Мұның бәрі Соколовқа не үшін қажет болғанын ұқпаймын, Малаховтың бағдарламасында көрсету үшін бе?

- Онда Руслан Мильченко екеуін неге тұтқындайды?

- Әуелгіде Соколовтың не үшін маған сұхбат беруге келіскенін түсіне алмадым. Тек кейін оның себебін түсіндім. Ол Грицактан (Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы - Азаттық) сұхбат алатынымды білді. Оған "келіссе, бәрінен сұхбат аламыз" деген едім. Сондықтан ол "сүйген әйелімді құтқару үшін не істеуім керек, оны қандай шартпен босатуы мүмкін" деп сұрады. Ал ол кезде Грицак егер Соколов Украинаға келіп, билік орындарына өз еркімен берілсе және оқиға қалай болғанын түк қалдырмай айтып берсе, Мастикашеваның айыбын жеңілдеу бапқа ауыстырамыз деген болатын. Меніңше, Соколов бұл жайлы ойланған тәрізді. Ресей арнайы қызметі мына оқиға ашылып қалғандықтан екеуін (Соколов пен Мильченконы) Украина арнайы қызметінің көмегімен әшкерелеп, тұтқындады немесе бұл оқиғаға өзінің ешқандай қатысы жоғын бүкіл әлемге көрсету үшін қамауға алды, яғни жауапкершіліктен тайқып кетті.

- Фильміңіз фактілерге негізделген, дегенмен оқиғаларды ішінара Украина арнайы қызметінің болжамы тұрғысынан түсіндіреді. СБУ басшысы Василий Грицак сұхбатында сізге дәл солай деп, яғни мұның бәрі casus belli құру үшін ойластырылған деп топшылайтыны туралы айтты ғой.

- Менің фильмімді насихат сипатында деп айыптау мүмкін емес. Өйткені Грицактан "Мастикашеваның көзінің асты неге көгерген?" деп сұраған кезде ол бұрыннан көгерген дейді, бірақ олай емес екенін мен түсініп тұрмын ғой. "Жарайды, солай-ақ болсын" деймін. Немесе "Олар шекарадан қалай өткен?" деген кезде "Енді, бейберекет жатқан" дейді. Сол кездегі менің реакциямды байқадыңыз ба?

Мен олардың жоспарын орындаған жоқпын. Егер мен мұны тапсырыспен түсірген болсам, фильмде Соколов та, Мастикашева да болмас еді. Олар Мастикашеваны менімен сөйлесуге көндіре алмас еді. Ал фильм Соколовтың сұхбатынсыз әділ зерттеу болып шықпас еді. Ресейдегі оны маған сұхбат беруге ешқандай Грицак мәжбүрлей алмас еді. Мен сотта тұрған жоқпын ғой. Фильмде бұл оқиғаға қатысы барлардың бәрінің сөйлеуіне мүмкіндік бердім. Меніңше, фильм барынша шынайы түсірілген. Шамам келгенше барынша әділ зерттеу жүргізуге тырыстым. Соколовқа қарсы тура айғақтар жинаған жоқпын, бірақ әлдебір жайттарға қатысты жанама айғақтарым жетіп артылады. Меніңше, Ресейдің арнайы қызметімен Соколовтың байланысы болған. Өйткені, ол кімге жұмыс істеді, маған неге өтірік айтты, қанша ақша төлегенін неге жария етті, онымен бірге Мильченко неге тұтқындалды деген сұрақтарға жауап жоқ.

"Гибрид тарих" деректі фильмінің жарнамасы
"Гибрид тарих" деректі фильмінің жарнамасы

- Фильміңіз шыққаннан кейін алдыңғы шептегі соғыстан бөлек, арнайы қызметтердің де соғысы жүріп жатқандай әсер қалдырады.

- Меніңше, оның жөні бар, өйткені гибрид соғыс жүріп жатыр, ал бұл – гибрид соғыстың бір бөлігі. Сондықтан Украинада ресейлік арнайы қызметтің, ал Ресейде украиналық арнайы қызмет агенттерінің болуы заңды нәрсе.

- Сіздің фильмнің қисынын пайдаланып, оны қазір Украина азаматтарына қатысты ФСБ жүргізіп жатқан, мысалы, Қырым диверсанттары ісінің қисынына салып көрсек. Олар – Украина азаматтары, арасындағы Евгений Панов тіпті АТО-да қызмет еткен. Қазір ол Қырымдағы тергеу абақтысында сот үкімін күтіп отыр. Оны өзге адамдармен бірге Қырым территориясында тұтқындаған. Ал туыстары ол жаққа қалай барған деп әлі күнге дейін дал. Бұл да әлдебір арнайы операция болуы мүмкін бе?

- Украина азаматтары үшін Ресейде диверсиялық әрекеттермен айналысудың мәні жоқ деп ойлаймын. Өйткені, бұл мүлде сұмдық нәрселерге ұрындыруы мүмкін. Украинаға мына соғыстың керегі жоқ. Украина қорғанып қана отыр. Украина соғысты ушықтырмау үшін, Ресейді кезекті шиелініске итермелемеу үшін қолдан келген амалдың бәрін жасап отыр.

- Бірақ Донбаста соғысқан украиналықтар, сіз сипаттаған оқиғаға қатысы бар адамдар жұмыс істеу үшін Ресейге баруға келісті ғой. Меніңше, мұндай адамдар көп.

- Мұндайлар өте көп. 2-3 айда бір рет Мәскеуге ұшақпен ұшып барып келемін. Ұшақтар Ресейге жұмыс іздеп бара жатқан жас жігіттерге лық толы болады. Жазда, көктемде және күзде поезға билетті күнібұрын алмасаң орын болмайды. Ресми дерекке сәйкес, былтыр Ресейге бес миллиондай украиналық барған, көбі – қарапайым жұмысшылар.

- Бұл да гибрид соғыстың бір бөлігі деп санайсыз ба? Өйткені Украина мен Ресей соғысып жатқанын ресми түрде жариялаған жоқ, мұндай барыс-келіске мүмкіндік беріп отыр.

- Бұл мына соғыстың ерекшеліктерінің бірі. Соғыс жарияланған жоқ, бірақ ол жүріп жатыр. Мына гибрид соғыстың себебі, сипаты сан қырлы. Үлкен соғыстың қажеті жоқ, бірақ Оруэллдің "1984" деген романындағы тәрізді ішкі проблемалардан халықтың назарын бұратын соғыс керек.

Гибрид соғысты тоқтатпай жалғастыра беру – Ресей сыртқы саясатын жүргізудің негізгі құралы

Бұл соғыс Путин мен Кремльге халық "біз неге кедей тұрамыз", "Шувалов неге әлемнің түкпір-түкпірінен зәулім сарайлар салып алды", "Путиннің төңірегіндегі адамдар, "Озеро" кооперативіндегі достары, туыстарының бәрі қалай миллиардерге айналды", "Газпром" мемлекеттік компаниясында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші Сечин мырзаның бір күндік жалақысы неге алты миллион рубль" деп ойланбауы үшін керек. Адамдар бұл жайлы ойламас үшін оларға қазір Батыспен ауыр идеологиялық соғыс жүріп жатыр, Ресейге қатысты болып жатқан оқиғалардың бәрі Батыстың қастық әрекеттері деп түсіндіру керек. Кремль халықтың көңілін басқаға бұру үшін "қырғи-қабақ" соғыстың осындай риторикасын пайдаланады.

Бұдан бөлек, қазір Украинадағы әлі бықсып жатқан соғыс сол күйі өшпей осылай жалғаса береді. Өйткені Кремльге бұл соғыс Украинаны біртіндеп тұралату үшін, әлдебір реформалар жүргізуге дәрменсіз ету үшін, Қырым оккупациясы мен Донбастың бөліктері Украинаны түршіктіретін фактор болып қалуы үшін керек. Алда-жалда Майданға ұқсайтын бірдеңені қайталайтын болса, Ресей халқы да украиналықтар сияқты жаман өмір сүретінін көрсету үшін керек.

Гибрид соғыстың тағы бір бөлігі – бұл бүкіл әлемге қарсы гибрид соғыс. Фейк жаңалықтар, Ресейдің саясатын тарату үшін әлемнің түкпір-түкпірін жайлаған фейк news organizations (жаңалықтар қызметі – Азаттық) гибрид соғыс құралдары. АҚШ-тағы, Франциядағы, Еуропадағы сайлауларға килігудің бәрі осы гибрид соғыстың бір бөлігі. Мына гибрид соғыс бүкіл әлемді қамтып отыр. Тек ең "қызу" ошақтары қазір Сирия мен Донбасс болып тұр. Путин – соғыстың адамы. Ол соғысты саяси міндеттерді шешудің құралы деп біледі. Гибрид соғысты тоқтатпай жалғастыра беру – Ресей сыртқы саясатын жүргізудің негізгі құралы саналады.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александра Вагнердің мақаласынан аударылды)

XS
SM
MD
LG