АҚШ федералдық тергеу бюросының (FBI-ФБР) «Ресейдің үш азаматына «Кремль сыртқы барлау қызметінің тапсырысымен АҚШ-та тыңшылықпен айналысты» деген айып тағылды» деген мәлімдемесі онсыз да шиеленісіп тұрған Мәскеу мен Вашингтон арасын одан бетер ушықтыруы мүмкін.
Тыңшылықты зерттейтін кейбір Ресей сарапшылары «тұтқындалғандар аса құнды ақпарат жинаумен айналыспаған» дейді.
«ТЕЛЕФОНМЕН СӨЙЛЕСІП, ҚҰЖАТ АЛМАСҚАН»
Ақпараттарға қарағанда, қаңтардың 26-сы күні тұтқындалған 39 жастағы Евгений Буряков Кремльдің сыртқы барлау қызметіне жұмыс істеген.
Ресейдің мемлекеттік «Внешэкономбанк» мекемесінің Нью-Йорк бөлімшесінің қызметкеріне «экономикалық тыңшылық жасады және ол іске АҚШ азаматтарын да араластырды» деген айып тағылды.
Дипломатиялық паспорттары бар Ресейдің тағы екі азаматы – 40 жастағы Игорь Спорышев пен 27 жастағы Виктор Подобныйға да олардың ұзақ уақыт бойы АҚШ-қа келмегеніне қарамастан осындай айыптар тағылды.
FBI ресми айыптау хатында «бұл үш адамның өзара кішкентай қағаз қиықтарын алмасып, әрі телефонмен сөйлескенде бір-бірін «билет» және «қолшатыр» деген құпия сөздермен атап келгені» жазылған.
Телефон әңгімелері кезінде олар университеттерде, бизнес саласында жұмыс істейтін адамдарды тыңшы ретінде жұмысқа тарту жайын талқылаған.
Қырғиқабақ соғыс ызғары қайта есе бастаған шақта күдікке ілінген бұл адамдардың қаншалық маңызды ақпарат жинағаны, қаншалық «тиімді» жұмыс істегендері белгісіз.
Таспаға жазылған телефон әңгімелерінің бірінде Подобный «Джеймс Бондтың фильмдеріне қызығып, осы жұмысқа келсе де, әлі күнге дейін басқа біреудің кейпіне еніп көрмегенін» айтып мұңын шағады.
«ЖОҚ ЖЕРДЕН ШИ ШЫҒАРУ»
Ресей мемлекеттік барлау басқармасының ардагері, осы күні Ұлыбританияда тұратын тарихшы Борис Володарский бұл оқиғаны «жоқ жерден проблема шығару» деп сипаттайды.
- Олардың Ақ үйде отырып, АҚШ-тың саяси құпияларын ұрламағаны анық. Олар құпия институттарда отырып, технологиялық ақпарат жинаумен де айналыспаған, [америкалық тыңшы] Элдрич Эймс сияқты CIA-де (ЦРУ) отырып, онда жұмыс істейтін тыңшылар туралы мәлімет берумен де айналысқан жоқ. Бұл – болмашы, ұсақ іс. Бірақ олардың тыңшы екені, АҚШ-қа қарсы шараларға араласқаны анық. Сондықтан, олардың үстінен іс қозғалып отыр, - дейді Володарский.
Буряков Ресейге инвестиция салуға қызығып жүрген казино магнаты кейпінде келген FBI жансызымен кездескен соң күдікке ілінген. Ол АҚШ санкцияларына қатысты ақпараттар мен құжаттарды сұрастырған. Бұл – қатардағы банкирдің жұмысына қатысы жоқ нәрселер екені анық.
Прокурорлар айтуынша, Буряков, Подобный және Спорышев – ірі тыңшылар тобының мүшелері. Олардың жұмыс істеу стилі 2010 жылы әшкереленген, 10 агенттен тұратын ресейлік топтың әрекеттеріне ұқсайды. Ол топ құрамында әйгілі Анна Чапман да болғаны белгілі.
«ЗИЯНЫ ЖОҚ ТЫҢШЫЛАР»
1970-80 жылдары КГБ-ге де, Британияның құпия барлау қызметіне де агент болып қызмет еткен, кейіннен Ұлыбританияға қашып кеткен бұрынғы КГБ полковнигі Олег Гордиевскийдің айтуынша, FBI бір адамның өзін тұтқындау алдында бірнеше ай бойы жан-жақты із кесу, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Гордиевский «Буряковты тұтқындар алдында олар көп барлау жүргізіп, топтың АҚШ аумағындағы заңсыз әрекеттеріне қатысты толық ақпарат жинаған. Іс жүзінде АҚШ аумағында 400-ге тарта шетел барлау офицерлері жұмыс істейді, олардың көбі Нью-Йоркке орналасады» дейді.
Ол «FBI-дің де, CIA-дің де тергеушілерімен сөйлесіп, олардың ресейлік тыңшыларды бұлайша емін-еркін жүргізіп қоюының себебін сұраған».
– Олардан «Ресейліктерді неге тұтқындамайсыңдар? Неге олардың елде еркін жүруіне жол бересіңдер?» деп сұрадым. «Көбінің ешқандай зияны жоқ, Ресей үкіметінен жалақы алып, тыныш өмір сүріп жатқан адамдар. Олар ерекше бір зарар келтірмейді» деген жауап естідім, - дейді КГБ-ның бұрынғы полковнигі Олег Гордиевский.
«БІРЕР КҮН ДАУ-ДАМАЙ БОЛАДЫ»
Кінәсі дәлелденсе, Евгений Буряков 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Украинадағы қақтығысқа байланысты Америкаға наразылығы өршіп тұрған Мәскеу бұл айыптың бәрін жоққа шығарып, қарсы әрекеттерге баратынын мәлімдеді.
Әскери-теңіз флотының офицері және журналист болып қызмет істеген, жапон ақпарат құралдарына Ресейдің ядролық саясаты туралы ақпарат бергені үшін «тыңшылықпен айналысты» деген айыппен түрмеге отырып шыққан Григорий Паськоның айтуынша, «бұл мәселе бірер күн, болмаса бірер апта дау-дамайдың басты тақырыбына айналады».
- Біріншіден, Ресей мемлекеттік думасындағылар бұл туралы аттандап жатыр. Екіншіден, олай ету – біздің дәстүріміз. Үшіншіден, үндемей отыруға тағы болмайды, себебі өйтпесең, мінезсіз адам болып шығасың. Төртіншіден, ондай айғайшыл адамдар әрдайым дайын жүреді. Осындай 25-тей адам бар, олар енді осы үш адамның атын айқайлап айта береді, – дейі Пасько.
(Елена Рыковцева мен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)