Accessibility links

Сербия жастары билікті өзгерту үшін шеруге шықты


Сербиядағы президент сайлауынан кейін шеруге шыққан жастардың бірі. Белград, 4 сәуір 2017 жыл.
Сербиядағы президент сайлауынан кейін шеруге шыққан жастардың бірі. Белград, 4 сәуір 2017 жыл.

Сәуірдің басында Сербияда президент сайлауы өтті. Жас сербтер сайлау нәтижесіне наразы, сондықтан олар күнде шеруге шығып, реніштерін білдіріп жатыр.

Жыл сайын 30 мыңдай серб азаматы шетелге кетеді. Филип Узелак солардың бірі болғысы келмейді. Бірақ ұйымдастыру ғылымдарының студенті күндердің бір күнінде елден кетуге мәжбүр боламын ба деп алаңдайды.

Ол Александр Вучичтің сәуірдің 2-сі күні өткен сайлауда жеңгеніне наразылық танытып, түнде шеруге шығады. Ол сәуірдің 12-сі мыңдаған шерушілермен бірге дос қызымен Белград көшесінде жүрді. Екеуінің шеруге қатысып жатқандарына оныншы түн.

«Қарсылық білдіргеннен өзгеріс болатынына көзім жетпейді. Бірақ бір жаңалық болар деп үміттенемін» дейді Узелак.

ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТКЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Президент сайлауында 46 жастағы Вучич пен оның Өркендеу партиясы жеңіске жетті. Партия өкілдері парламентте басқалардан көбірек орын алған, олар енді елдегі заң шығару және басқару процесін бақылайды. Сайлаудан кейін «Билікте оншақты жыл отырып, автократтық режим орнатқан Слободан Милошевичтің заманы қайта оралады» деп болжап жатқандар да бар.

Әсіреұлтшыл Вучич Сербияның Еуропа Одағына (ЕО) қосылуын қолдайтын реформашыл саясаткер ретінде көзге түсіп, қызметі өсе бастады. 2014 жылдан бері ол екі рет мерзімінен бұрын өткен парламент сайлауында жеңіске жетіп, партиясының ықпалын күшейтіп алды.

Бір кездері ол 28 мемлекеттен құралған одаққа кіруге қарсы болса да, қазір 7,3 миллион тұрғыны бар мемлекетті «2019 жылы ЕО-ға кіруге дайындаймын» деп уәде етіп отыр. Бірақ шерушілер Вучичтің 55 пайыз дауыс алғанына сенбейді және «Өркендеу партиясы дауыстарды ұрлау арқылы жеңіске жетті» деп санайды.

Президент сайлауына алғаш рет қатысып, дауыс бергендердің арасында тарих факультетінің студенті Марко Стричевич те бар. Ол билікте өзгерістер болады деп үміттенген. Шерушілер Белград орталығындағы үкімет үйінің ғимараты алдында ұрандатып, ысқырып жатқанда ол «керісінше өзі өзгеруі тиіс екенін түсінгенін» айтады.

«Сербияда қуана-қуана қалар едім, бірақ Сербиядағы жүйе қоғам мүддесіне қызмет етпейді. Мұндағы жағдай тек биліктегілер мен шетелдік және отандық корпорацияларға тиімді. Қарапайым адамдардың тұрмысы нашар, сондықтан олар азғантай жалақыға еңбектенуі керек немесе елден кетуге мәжбүр» дейді Стричевич.

Әсіреұлтшыл Вучич Сербияның Еуропа Одағына (ЕО) қосылуын қолдайтын реформашыл саясаткер ретінде көзге түсіп, қызметі өскен еді.
Әсіреұлтшыл Вучич Сербияның Еуропа Одағына (ЕО) қосылуын қолдайтын реформашыл саясаткер ретінде көзге түсіп, қызметі өскен еді.

Вучич басқарған кейінгі екі жылда Сербияның экономикалық өсімі үш пайызға көтерілді. Бірақ бұл көрсеткіш үкіметі жоқ және екі жыл бойы саяси дағдарыста болған Македониядан өзге көршілерден төмен. Ал сәуірдің 6-сы күні Дүниежүзілік банк жариялаған экономикалық болжам бойынша, Балқанның батысындағы елдермен салыстырғанда 3,2 пайызға аз.

Жұмыссыздық 2014 жылдың қаңтарында 21,3 пайыз болса, биыл қаңтарда бұл көрсеткіш 13 пайызға азайған. Алайда жастар арасында жұмыссыздық әлі өте көп - 31,2 пайыз. Пасха мейрамына арналған демалыстардан соң шеру жалғасады, мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа наразы жастар әлі көшеге шыға бермек.

«ШЕРУГЕ ШЫҚҚАНДАРЫН МАҚТАН ТҰТАМЫН»

Шерушілер үкімет пен RTS және RTV сияқты мемлекеттік арналардан түспейтін жоғары лауазымды шенеуніктерді, Орталық сайлау комиссиясы мен электрондық ақпарат құралдарын бақылап отырған мекемелер басшыларын сайлау тәртібін бұзғаны үшін және науқан кезінде мемлекеттік БАҚ-ты пайдаланғаны үшін отставкаға кетуге шақырды.

Белградта жұмыс істейтін 28 жастағы Ана Котески «Өтірік пен ұрлыққа наразымын, ұяламын, сондықтан шетелге барғым келмейді» дейді. Шерушілердің ішінде жас жағынан ең үлкені саналатын Котески «Адамдар шынымен қатты наразы, шыдамдары таусыла бастады. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес» дейді.

Сайлау науқаны кезінде заң бұзушылықтар болды дегенді жоққа шығарған Вучич шеруді «Сербияның демократиялық күшін көрсетті» деп санайтынын мәлімдеді. Сәуірдің 6-сы күні шеру басталғанда жаңа президент «кейбір адамдардың сайлау нәтижесімен келіспеуі - қалыпты құбылыс. Бұл - демократиялық процесс. Ешкім кедергі жасаған жоқ, олардың шеруге шығуына рұқсат еттік. Бүлік шығармай, ешкімге кедергі келтірмей шеруге шығу – демократияның белгісі. Мен мұны тіпті мақтан тұтамын» деді.

«ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛМЕСЕ, ЕЛДЕН КЕТЕМІЗ»

Музыка факультетінің студенті Анжелина Зиванович президенттің бұл пікірімен келіспейді.

Шерушілер Вучич пен оның Өркендеу партиясын сайлауда алаяқтық жасады деп айыптайды.
Шерушілер Вучич пен оның Өркендеу партиясын сайлауда алаяқтық жасады деп айыптайды.

Ол күн сайын көшеге шығып, саясаткерлерге «біз бармыз, тіріміз» дегенді ұқтырғысы келеді. Жарқын болашақ үшін шетелге кету туралы ойланған студент қыз «мәселені олай шешуге болмайды» деген ұйғарымға келіп, «елде қаламын» деген шешім қабылдағанын айтады.

Отставкадағы профессор Србижанка Турайжликтің айтуынша, сәуірдің 2-сі күні алғаш рет дауыс берген жастар «ерте есейген, болашақтарына алаңдайды, жас адамға тән аңғалдықтан арылған». ВЕТА агенттігіне берген сұхбатында профессор «Бұл шеру – өткен айда Александр Вучич өткізген арсыз науқанға қарсы жауап» деді.

Милошевич билікте отырғанда Узелак сәби болатын, ол кезде Вучич Милошевичтің ақпарат министрі болған. Узелак сол кездегі студенттік шерулердің нақты өзгеріс әкелмегенін айтады.

Енді ол қазіргі шеруден өзгеріс күтеді, саяси қайраткерлер көзқарасын түзейді деп сенеді. Бірақ құрбы қызы екеуі төлқұжаттарын тастамай, қамданып жүр. «Милошевич режиміне қарсы 90-жылдардағы шеруден соң үлкен үміт болды. Одан кейін аздаған өзгерістер жасалды, бірақ олар нәтиже бермеді. Университет бітіргенше Сербияда қаламыз. Жағдай жақсармаса, кетеміз» дейді Узелак.

Алан Кросби мен Ива Мартиновичтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG