Accessibility links

Сербияны ЕО-ға Ресей «жіберер» ме екен?


Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев (оң жақта) пен Сербия премьер-министрі Александар Вучич. Мәскеу, 4 шілде 2014 жыл.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев (оң жақта) пен Сербия премьер-министрі Александар Вучич. Мәскеу, 4 шілде 2014 жыл.

Ресеймен бұрыннан тату болып келе жатқан Сербия енді Еуропа Одағына қосылғысы келеді. Бірақ Мәскеу «ағасы» бұған не дер екен?

Сенімді «бауырының» Еуропа Одағы (ЕО) құрамына кіргені Кремльге стратегиялық тұрғыдан тиімді ме?

БАЛҚАН МЕН РЕСЕЙ

Көрші елдер бетін ЕО-ға бұрғандай болса, оның Ресейдің шамына тиетінін қазір жұрттың бәрі біліп болды. Грузия, Молдова және Украина Еуропамен аралас-құралас болу үшін Мәскеумен ырғасып келеді.

Бірақ Македония, Черногория, Сербия сияқты Балқан елдері ЕО-ға қосылуға ыңғай танытқанда Кремль тым-тырыс отыр. Сарапшылар Мәскеудің мұнысын «Ресей бұрыннан билігін жүргізіп үйренген пост-советтік елдерді қатаң бақылайды, ал Балқандағы славян елдеріне келгенде бүйте қалуы бекер емес. Мәскеу ЕО ішіндегі ықпалын күшейткісі келеді» дейді.

Еуропа Кеңесінің Софиядағы халықаралық қатынастар орталығының (ECFR) директоры Дмитар Бечев «Ресей пост-советтік елдерге келгенде неше қилы «стратегия» шығарады – бұл оның бұрыннан қалыптасқан әдеті. Ал Балқан елдері (басқа пост-советтік елдерден) бір саты жоғары тұр. Олардың ЕО-ға ерте ме, кеш пе – қосылатыны анық. Ресей ЕО-ға мемлекеттер жиыны ретінде қарайды, сондықтан оның ішінде өзіне ниеті түзу елдердің де көбейгенін қалайды» дейді.

Осы аптада (шілденің 7-8-і күндері) Сербия премьер-министрі Александр Вучич Мәскеуге іссапармен келді. Кремльдің ЕО-ға «жансыз» кіргізу стратегиясы осы жолы айқынырақ көрінді. Вучичтің айтуынша, «Белград ЕО-ға мүше болуға ыңғайланып отыр, бірақ Ресеймен достық қарым-қатынасын сақтап қалғысы келеді».

КРЕМЛЬ СТРАТЕГИЯСЫ

Сербия 2008 жылы ЕО-мен серіктестік келісіміне қол қойды. 2012 жылы ЕО бұл елді мүшелікке кандидат қатарына қосты. ЕО-мен жарысып, Мәскеу де Сербияға ықпалын күшейте түсті. Осы жылдың басында Вучич жаңа үкімет құрды. Мәскеу бұрынғы премьер-министр, Сербияның ресейшіл саясаткері Ивица Дачичтің ықпалды қызметте қалуына барын салды - Дачич вице-премьер болды.

«Оңтүстік ағын» газ құбырының құрылысын бастау рәсіміне дайындалған символикалық құбырлар. Сербия, 2013 жылдың қарашасы.
«Оңтүстік ағын» газ құбырының құрылысын бастау рәсіміне дайындалған символикалық құбырлар. Сербия, 2013 жылдың қарашасы.

Вучич Мәскеуге келердің алдында Ресейдің Белградтағы елшісі Александр Чепурин ИТАР-ТАСС агенттігіне сұхбат берді. Ол «Сербияның Нови Сад қаласындағы «Газпром» мұнай зауытының бір өзі Бельгия бюджетіне түсетін табыстың 14 пайызын құрайтынын» айтты.

«Оңтүстік ағын» газ құбыры өтетін Балқан аймағы Ресей үшін энергетикалық транзит дәлізі саналады. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров осы аптада аймақты аралап, Софияға барып, «Оңтүстік ағын» құбырын салу мәселесі бойынша сөйлесіп қайтпақ.

Вучич Мәскеуге келген соң «жобаның Сербияға қатысты бөлігіне жақында қол қойылады» деп мәлімдеді. Белградтық сарапшы Борис Варганың пікірінше, Сербия әлі күнге Мәскеудің экономикалық қолдауына мұқтаж. Оның айтуынша, Кремль Сербияны «тегін қолдамайды». Ал Еуропа Кеңесінің Софиядағы халықаралық қатынастар орталығының (ECFR) директоры Дмитар Бечев «Мәскеу Сербияның ЕО құрамына кіруіне қарсы емес» дейді.

Оның айтуынша, «Сербиядағы заң нормалары мен элитаның «мінезі» Еуропа стандарттарына сәйкеспейді. Басқа сөзбен айтқанда, Ресейдің Белградты дегеніне көндіретін сан қилы әдісі бар - адамдарды сатып алады, әйтеуір бұл елді ішінен басқарады. Ресей Балқан елінің ЕО-ға қосылуына дәл осы себеппен қарсы шықпай отыр. Кремль ЕО-ға осы ұйымның өз ішінен ықпал еткісі келеді».

Бечев Мәскеудің ЕО-ға Болгария, Кипр және Грекия арқылы да әсер етуге тырысатынын ескертеді. «ЕО-ның Германия, Италия және Ұлыбритания сияқты ірі мүшелеріне Мәскеу осы елдерді айдап салмақ» дейді ол.

«БЕЛГРАДТЫ АЙНЫТА САЛУЫ ДА МҮМКІН»

Бірақ Мәскеу әзірге тырс еткен дыбыс бермей отыр. Бірақ қажет болса, Белградты ЕО-дан айныта салуы да ғажап емес. Белградтағы Еуроатлантикалық зерттеулер орталығының директоры Елена Милич «Сербияға ЕО мүшесі болу үшін әлі 10 жыл керек» дейді.

Белградтың осы 10 жыл бойы «адал іні» болып қала беретініне Мәскеудің көзі жетпейді. Азаттықтың Балқан қызметіне сұхбат берген Милич «Меніңше, Мәскеу Сербияның ЕО ішіндегі «жансызы» болуын мұнша ұзақ күтпейді, процесті тоқтатады» деді.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (қолшатыр астында) пен Сербия сыртқы істер министр Ивица Дачич (сол жақта). Белград, 16 маусым 2014 жыл.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров (қолшатыр астында) пен Сербия сыртқы істер министр Ивица Дачич (сол жақта). Белград, 16 маусым 2014 жыл.

Оның айтуынша, Мәскеу Балқандағы «ЕО-ға қарсы құрылымдарды» бұрыннан құпия түрде қаржыландырып келеді. Ол «Бұл «құрылымдарға» университет бағдарламалары, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар кіреді. Ресейдің жоспары бойынша, «Сербияның ЕО-мен бірігуіне «қоғам» қарсы шығуы тиіс» дейді.

Ал Украинадағы дағдарыс Белградтың ЕО-мен жақындаспақ ниетіне сынақ болып тұр. Сербия ЕО-ның Ресейге қарсы санкциясына қосылмады және Владимир Путиннің шығыс Украинадағы бүлікті реттеу туралы бастамасын қолдады. Бірақ Сербия ЕО-ның «Украинаның аумақтық тұтастығын сақтау (оған Қырым түбегі де кіреді)» туралы мәлімдемесін де құптады.

Келер жылы Сербия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етпек, сонда «екінің бірін таңдау» мәселесі төтесінен қойылады. ЕҚЫҰ – Украина дағдарысын реттеу және бұрынғы советтік елдердегі шиеленісті жағдайларды шешу міндетін арқалаған негізгі халықаралық ұйым.

Душан Лазич – Сербияның Украинадағы бұрынғы елшісі. Ол «Қазіргі дағдарыс – Сербиядағы ең даулы халықаралық тақырып. Біз ЕҚЫҰ жұмысын ұйымдастырамыз, сондықтан Батысқа да, Шығысқа да жағатын шешімдер қабылдауымыз керек. Ол деген оңай емес, себебі Ресей әуелі өз позициясының ескерілгенін қалайды. Сербияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы біздің саясатымыз бен басқа елдермен қарым-қатынасымызға үлкен сынақ болғалы тұр» дейді.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG