Accessibility links

Сербия билігі Қытайдың аңду технологиясына неге құмартып отыр?


Сербия парламенті ғимаратының алдында тұрған бақылау камерасы. Белград.
Сербия парламенті ғимаратының алдында тұрған бақылау камерасы. Белград.

Белград көпірінде болған жол апаты үлкен саяси мәселеге ұласты. Сербия билігі азаматтардың қарсылығына қарамастан, Қытайдың бақылау құрылғыларын көптеп қолдануды жоспарлап отыр. Азаттық радиосы Сербияның Қытай құрылғыларын пайдалануы және оның салдары туралы материалдың бірінші бөлімін ұсынады.

Сербия билігінің Қытайдың бақылау технологияларына қызығушылығы 2014 жылы басталды. Сол жылы жазда ел астанасы Белградта бұзылып қалған көлігін жол жиегіне итеріп жатқан Лука Йованович есімді азаматты көлік қағып кетті.

Жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Сербия полициясы оқиғаны жылдам тергеуге кіріскенімен, қылмыскер алдымен қаладан, кейін елден қашып үлгерген. Сербия шенеуніктері бір айдан кейін оның Гонконг пен Түркия арқылы Қытайға қашқанын анықтаған.

Сербия полициясы күдіктінің фотосын Қытайдағы әріптестеріне жіберіп, олар заманауи бақылау технологиялардың көмегімен оны небәрі үш күннен соң тауып, қамауға алған. Қытай адамды бет-әлпетінен тану бағдарламасын қолданған.

Қытай құқық қорғау органдарының жылдам әрекет етуі мен бақылау технологиялары тозығы жеткен құрылғыларды пайдаланатын Сербия шенеуніктеріне қатты әсер еткен. Бұл 2017 жылы Сербия билігінің Белградта "Қауіпсіз қала" жобасын қолға алу үшін Қытайдың ең ірі Huawei компаниясымен стратегиялық серіктестік орнатуға әкелді. Пекин мен оның технологиялық компаниялары экспорттап жүрген бұл тұжырымдама полиция қызметін бейнебақылау және цифрлық құрылғылар арқылы автоматтандыруға және толықтыруға бағытталған.

Йовановичті Mini Countryman маркалы көлігі қағып кеткендіктен, бұл жағдай "Countryman оқиғасы" деп аталып кетті. Бұл оқиға бақылау технологиясын саяси мәселеге айналдырды. Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдар Қытай бақылау технологияларын орнатуға қарсы шықты. Олар мұндай құрылғыларды билікпен келіспейтіндерді қудалау үшін пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді.

"Сербиядағы үкіметтік емес ұйымдар осы мәселені талқыға салып, билікке әсер етуге тырысып жүр" дейді Азаттық радиосына Қытайдың Балқандағы рөлі жөніндегі сарапшы және Белградтағы Foundation BFPE орталығының бағдарламалар жөніндегі директоры Стефан Владисавлев. "Бірақ билік бұл технологияларды қолдану жолын тапқысы келеді".

Huawei камералары Белград көшелерінде. 11 тамыз 2020 жыл.
Huawei камералары Белград көшелерінде. 11 тамыз 2020 жыл.

БІРТІНДЕП КҮШЕЙТУ

2019 жылы Сербия билігі Қытайдан алған сегіз мыңға жуық бейнебақылау камерасының алғашқы легін орналастыруға кірісті. Сонда сол кездегі ішкі істер министрі Небойша Стефанович Белградтағы Республика алаңы маңындағы әр көше мен ғимаратта адамды бет-әлпетінен тани алатын биометриялық камералар орналастырылатынын мақтана айтты.

"[Осылайша күдіктінің] қай көшеден келгенін, қандай көліктен [түскенін], [және] бұл көлікте бұрын кім отырғанын біле аламыз" деді ол.

Оның бұл пікіріне Сербиядағы цифрлық құқық қорғаушы топтар жылдам жауап қайтарып, Сербия заңы бақылау камераларын орнатуға және адамды тани алатын бағдарламалар қолдануға негіз бере алмайтынын айтты. Сонымен қатар бұл деректерді қорғау туралы заңына қайшы келетінін мәлімдеді. Сербия бұл заңды Еуроодақпен келісуге тырысып жатыр.

Брюссель деректерді қорғауға қатты қарайды. Олар адамды тану технологияларын қолдануға шектеу қойған. Қазір одақ ішінде құқық қорғау органдары мұндай технологияларды қолдана алатынымен, оған толықтай тыйым салу мәселесі талқыланып жүр.

Сербиядағы белсенділер қарсы шығып, жобаны толық енгізуге мүмкіндік берген жоқ. Азаматтық қоғамның қарсылығынан соң билік ішкі істер министрлігіне осы технологияларды қолданудың құқықтық тетіктерін жасауды тапсырды. Қазір мыңдаған камера орнатылғанымен, адамды бет-әлпетінен тану қызметі әлі іске қосылған жоқ.

"Билік бұл мәселелерде о бастан олақ болды" дейді Share Foundation қорының технологиялар жөніндегі директоры Андрей Петровский Азаттық радиосына. Бүл құқық қорғау ұйымы елде бет-әлпеттен тану бағдарламасын пайдалануға қарсы тұрғандардың алдыңғы шебінде келеді. "Олар алдымен құрылғыларды сатып алды, сосын барып оны заңдастыруға тырысты. Нағыз демократиялы елде мұның өзі үлкен проблема болар еді".

Белград көшесінде тұрған бақылау камерасы.
Белград көшесінде тұрған бақылау камерасы.

Ішкі істер министрлігі биометриялық бақылау туралы заң жобасын жасап, 2021 жылы полиция туралы жаңа заңға арнайы тетіктер енгізуге тырысқанда, жағдай ушыға түсті. Бұл заң жобасы Сербия билігіне жаппай бақылауға мүмкіндік беріп, белсенділер көтерген деректер мен құпиялылық проблемасын назарға алмайды. Ел ішінде және халықаралық деңгейде қарсылық болған соң, үкімет заң жобасын бекіткен жоқ. Бірақ сарапшылар болашақта олар тағы бір әрекетке барып көреді дейді.

"Бір анығы: Сербияда бұл технологияларды адам құқықтары мен деректерді қорғай отырып қолдануға заңды механизм жоқ" дейді Владисавлев.

Сербияның Қытаймен "Ақылды қала" туралы келісім қалай іске асырылатыны, оған салық төлеушілердің қанша қаржысы кететіні туралы дерек аз.

Журналистер мен азаматтық қоғам өкілдері камералардың орны мен мемлекеттік сатып алу туралы ақпарат сұратқан, бірақ ішкі істер министрлігі ұлттық қауіпсіздік мақсатында бұл құжаттардың құпия екенін айтқан.

Ішкі істер министрлігі Азаттықтың Қытай технологиялары, "Қауіпсіз қала" жобасы немесе осы мәселелердің құқықтық базасы туралы сауалына жауап берген жоқ. Бұған дейін министрлік технологияның қылмыскерлер мен террористердің ізіне түсу үшін керек екенін мәлімдеген.

Петровский мен оның әріптестері адамды бет-әлпетінен тануға арналған бағдарламалар азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бұзатынын, билік бұл технологияларды қалай қолданылатынын ашық айтпағанын айтады.

Пандемия кезінде Қытайда өндірілген камералар көптеп қойылғанда, Share Foundation ұйымы жаңа камералардың фотоларын жинай бастаған. Олар жергілікті тұрғындардан құрылғының фотосы мен орналасқан орны туралы деректерді арнайы базаға енгізуді сұраған. Жоба аясында базаға екі мыңнан астам камераның деректері енгізілді, оның көбі Белградта орналасқан дейді Петровский.

Биометриялық құрылғылардың дұрыс қолданылатына ешқандай кепілдік жоқ, биліктің айтқаны және технологияларды орнатуы жүйесіз болды дейді Share Foundation.

Стефанович камераларды Республика алаңында қолдану туралы айтқанына бес ай бұрын Huawei компаниясы веб-сайтында мақала жариялаған. Онда Белградта "Қауіпсіз қала" жобасының бірінші сатысы іске асыра бастағаны, қаладағы алпыстан астам объектіге жүзден астам камера орнатылғаны айтылған. Онда жобаны Сербияда іске асыру мысалы ретінде "Countryman оқиғасы" сипатталған. Share Foundation мен басқа да белсенділер бұл зерттеу туралы айта бастаған соң, оны Huawei сайтынан алып тастаған.

Белградтағы Республика алаңына бақылау камераларын орнатып жатыр. 2019 жылғы сәуір.
Белградтағы Республика алаңына бақылау камераларын орнатып жатыр. 2019 жылғы сәуір.

"Мақаланың Huawei сайтынан алынып тасталуы бұл мәселе билігімізді алаңдатып қойғанын көрсетеді" деді Петровский. "Олар мұны жоспарлағанда, қоғам қарсы болады деп ойламаған болар".

ЗАҢ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУ

Биометриялық технологияларды қолдану үшін заң тетіктерін жасап жатқандарға қарсы шыққандардың бірі – Сербияның ақпарат жөніндегі уәкілі Милан Маринович.

Ол ішкі істер министрлігінен бөлек биометриялық деректер мен жаппай бақылау туралы заң жасаудағы негізгі тұлғалардың біріне айналған.

Ол басқаратын ұйым 2021 жылы ішкі істер министрлігінің биометриялық бақылауды заң жобасына енгізуіне кедергі келтірген.

"Сендерде із-түзсіз жоғалғандар мен қылмыскерлер туралы деректер базасы бар. Жеке куәлік, паспорт пен басқа да құжаттар арқылы жиналған қарапайым адамдар туралы да база бар" деді Маринович Азаттыққа. "Біздің негізгі міндетіміз осы екі деректер базасын бөліп, қарапайым азаматтардың деректер базасы қорғалатынына және оған қол жеткізу шектелетініне көз жеткізу".

Министрлік бұл талаптары әлі орындай алған жоқ. Маринович деректерді қорғайтын тетік болмаса, заңға қол қоймайтынын айтады.

2021 жылы заң жобасына қарсылық пайда болғанда, ішкі істер министрлігі сарапшылардан кеңес алып, құқық қорғаушылардың талабын қанағаттандыра алатын құқықтық база жасау үшін бірнеше рет ресми емес жұмыс тобын құрды. Топ құрамына Мариновичтің кеңсесі мен Share Foundation ұйымы кіреді.

"Билікпен ресми емес кеңес өткіздік, бірақ асыра пайдалану проблемасының алдын алуға болмайды ойлаймыз" деді Петровский. "Биліктің асыра пайдалануы ғана емес, сол үшін жауапқа тартылмайтыны да бар".

БҰЛЫҢҒЫР БОЛАШАҚ

Ішкі істер министрлігінің әрекеті, ашықтықтың болмауы және технологиялардың қайда жасалғаны секілді мәселелерден бөлек, сарапшылар Қытай технологияларды пайдаланудың қосымша қауіптері бар екенін айтады.

Қытай билігі мен компаниялар технологияларды қандай билікке сатып жатқанына, оның қалай қолданылатынын күмәнмен қарамайды. Ал Huawei секілді компаниялар жауапкершілік тұтынушыда екенін айтады.

Билікке жақын Қытай компаниялары Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне құпия деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін деген де қауіп бар. Батыс елдері кейінгі жылдары бұл туралы ескертіп жүр және жыл сайын ондаған елде шпионажбен айналысатын Қытай компанияларының саны да артып жатыр. АҚШ Қытайдың бірнеше компаниясын Шыңжаңдағы мұсылмандарды анықтау бағдарламаларын жасағаны үшін қара тізімге енгізген.

"Адамды бет-әлпетінен тану және өзге де аңду технологиясын жасап отырған жалғыз Қытай компаниялары емес. Бірақ олардың Қытайдағы ішкі қауіпсіздік нарығына қызмет ету ықтималдығы қиындық тудырып отыр" дейді Джорджтаун университетіндегі қауіпсіздік орталығының зерттеушісі Далия Петерсон Азаттыққа. "Бұл мүлдем басқа орта. Олардың өнімдері өзге компаниялар үшін этикаға жат немесе заңсыз деп табылатын мақсаттарды көздеуі мүмкін".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG