Accessibility links

Мемлекеттік тілді білмейтін адам ел басқаруға лайық па?


Уфадағы Салуат Юлаев ескерткіші. Көрнекі сурет.
Уфадағы Салуат Юлаев ескерткіші. Көрнекі сурет.

Башқұртстандық қоғамдық белсенді Рамиля Саитова республика басшысы лауазымына кандидаттар Иван Сухаревті (ЛДПР ұсынған), Владимир Кобзевті ("Российская партия пенсионеров за справедливость"), Владимир Барабашты ("Гражданская сила") және Юрий Игнатьевті ("Справедливая Россия") ресми тіркеудің күшін жоюды талап етіп, Башқұртстан жоғарғы сотына арыз түсірді. Саитованың пікірінше, бұл адамдар кандидаттыққа ұсынылғанда және тіркелгенде башқұрт тілін білетінін құжат жүзінде растай алмаған.

- Республика конституциясы мен "Башқұртстан халықтарының тілі туралы" заңға сәйкес, басшы республиканың мемлекеттік тілдерін білуге міндетті. Алайда, бұл кандидаттардың ешқайсысы не емтихан, не башқұрт тілін білетінін дәлелдейтін қандай да бір тест тапсырмаған, сондықтан оларды тіркеу заңсыз, - деп мәлімдеген Саитова.

Бұған қоса белсенді өзге кандидаттар – Радий Хабиров ("Единая Россия"), Юнир Кутлугужин (КПРФ) және Зульфия Гайсинаға ("Яблоко") байланысты мұндай талап қоймағанын айтады. Себебі олар "өздерін башқұртпыз деп мәлімдегендіктен, башқұрт тілінде бірдеңе біледі деп санауға болады" деп түсіндіреді белсенді. Ал тағы бір кандидат Рафис Кадыров (("Патриоты России") жайлы Саитова ештеңе айтпады.

Башқұртстан конституциясының 86-бабында республика басшысы "Башқұртстанның мемлекеттік тілдерін білуге міндетті" деп жазылған. Конституцияда мемлекеттік тіл ретінде башқұрт және орыс тілдері аталған. Бірақ кандидаттардың республиканың мемлекеттік тілін білетінін қалай тексеруге болатыны сайлау туралы кодексте де, республиканың өзге заңдарында да нақты жазылмаған.

Башқұртстан жоғарғы соты Раиса Саитованың республика басшысы лауазымына кандидат болып тіркеле алмағанын алға тартып, оның талап арызын қабылдаудан бас тартқан. (Бұған дейін Саитованы жергілікті депутаттардан қажетті қол жинап өткізе алмады деген уәжбен Башқұртстан басшысы қызметіне кандидат етіп тіркемей қойған.)

Рамиля Саитова.
Рамиля Саитова.

- Бірақ бәрібір бұл проблема қалып отыр. Менен талап арызды қабылдаудан бас тарту аталған кандидаттарды тіркеуге байланысты күмәнді сейілткен жоқ. Оларды тіркеу заңсыз деп мәлімдеймін. Егер республика басшылығына мемлекеттік тілдердің бірін білмейтін адамды сайласа, бұл, меніңше, сайлауды заңсыз деп тануға негіз бола алады, - деп мәлімдеді Рамиля Саитова.

"КОНСТИТУЦИЯ ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС"

Рамиля Саитованы башқұрт ұлттық қозғалысының өзге өкілдері қолдап отыр.

- Біз Рамиляның талабын толық қолдаймыз. Жақын арада біз бұл сайлау жөнінде, соның ішінде тіл мәселесіне байланысты ұстанымымыз туралы құжатты жариялаймыз, - деді "Башқұрт" қозғалысының лидері Фаиль Алсынов.

- Республика конституциясы – негізгі заң және ондағы басшы қызметіне үміткердің мемлекеттік тілдерді білуі міндетті екені жайлы норма орындалуы керек. Ал сайлау туралы кодексте ол жайында тиісті норма жазылмаған болса, оны Мемлекеттік кеңес мүшелері баяғыда түзеуі тиіс болатын. Бұл үшін сайлауға дейін оларда жеткілікті уақыт болған, - деп мәлімдеді башқұрт ұлттық қозғалысы белсендісі Гарифулла Яппаров.

Тіл мәселесі Башқұртстанда республика басшысы (2015 жылға дейін - президент) сайлауы өткен сайын үнемі көтеріледі. 1998 жылы бірқатар оппозициялық кандидаттар башқұрт тілін білмегендіктен тіркелмей қала жаздады. Бірақ, Мемлекеттік думаның сұрауы бойынша бұл мәселені шұғыл қараған Ресей конституциялық соты республикалардың мемлекеттік тілдерін белгілеу құқығы "осы тілдерге байланысты сайлану құқығына, соның ішінде мемлекет басшысы қызметіне сайлануға арнайы талап қоя алмайтыны" туралы қаулы еткен. Сөйтіп, Ресей конституциялық соты сол кезде әлі мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болмаған башқұрт тілінің мәртебесі туралы шешім қабылданғанға дейін бұл даулы мәселені қарауды қоя тұру жайлы екіұшты шешім шығарған. Ал 2002 жылы Татарстандағы тілге байланысты мәселені қараған Ресей конституциялық соты республика заңдарындағы кандидаттарды қандай да бір тілді білуге міндеттейтін нормаларды конституцияға қайшы деп таныған.

2003 жылы республика басшылығына кандидат башқұрт тілін білуге міндетті деген мәселе Башқұртстан мемлекеттік кеңесінің сұрауы бойынша республиканың конституциялық сотында қаралған. Бұған қоса депутаттар бастамасымен Ресей мемлекеттік думасына "Ресей федерациясы азаматтарының сайлау құқықтары мен референдумге қатысу құқығының негізгі кепілдері туралы" заңға республикаларға заң актілерімен "Ресей федерациясы азаматының республиканың жоғары лауазымды тұлғасын сайлау кезінде республиканың мемлекеттік тілдерін білуіне байланысты сайлану құқығын жүзеге асырудың қосымша шартын" белгілеуге мұрсат беретін өзгертулер енгізу туралы ұсыныс жасалды. Бірақ бұл заң жобасы Мемлекеттік думада қаралмады. Ал Башқұртстан орталық сайлау комиссиясы бұл кезде басталып кеткен президент сайлауы науқаны барысында кандидаттар башқұрт тілінен емтихан немесе сынақ тапсырмайды деп мәлімдеуге мәжбүр болған.

2014 жылы Башқұртстандағы кезекті президент сайлауы кезінде азамат Рустам Батталов Башқұртстан конституциялық сотына республика орталық сайлау комиссиясының нормативтік құжаттарында президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тіл білімі деңгейін тексеретін процедура жоғын айтып, шағым түсірді. Алайда конституциялық сот "азаматтың сайлану құқығы тілге байланысты белгіленбейтінін" мәлімдеп, Батталовтың өтінішін қанағаттандырмады.

КАНДИДАТТАР ПІКІРІ

Башқұртстан басшысы лауазымына кандидаттар республика басшысы башқұрт тілін білуге міндетті деп санайды.

- Тіркелген сегіз кандидаттың барлығы да башқұрт тілін білетіні туралы құжат өткізген жоқ. Себебі заңда ондай талап жоқ. Ал тіпті конституцияның тиісті нормасын айтпаған күннің өзінде, этика тұрғысынан алғанда көпұлтты аймақтың басшысы мемлекеттік орыс тілімен қоса, ең болмағанда ауызекі сөйлесе алатындай дәрежеде башқұрт тілін білуі керек. Сондықтан, егер мен басшы болып сайлансам башқұрт тілін үйренуге барлық күш-жігерімді саламын, - дейді кандидат Владимир Барабаш.

- Аймақ басшысы Ресей федерациясы мен республика заңдарын, сонымен бірге, әрине, конституция нормаларын орындауға міндетті. Сондықтан ол башқұрт тілін білуге міндетті. Бұл оның өзі үшін де, өзі басқарып, өмір сүріп жатқан республика азаматтары үшін де маңызды. Егер сайлана қалсам, сол күннің ертеңінде башқұрт тілін үйренуге кірісіп, келесі жылы Құрылтайда башқұрт тілінде сөйлейтін боламын, - деп мәлімдеді кандидат Владимир Кобзев.

Алайда, Кобзевтің пікірінше, башқұрт тілін үйренудің қиындықтары да бар.

- Қарапайым бір мысал, ұлым алтыншы сыныптан бастап башқұрт тілін оқыды. Бірақ тілді меңгерген жоқ! Неге? Не себепті бізде мыңдаған оқушы башқұрт тілін оқыса да ешқайсысы оны меңгермейді? Бұл біздегі оқыту жүйесінің нашарлығынан, оқытушылардың бұл іске немқұрайлығынан, жүйелі оқыту мен тілді меңгеруге ынталандырудың жоқтығынан емес пе? - дейді ол.

- Рами Гарипов атындағы башқұрт гимназиясында оқығандықтан мен башқұрт тілін білемін. Әпкем башқұрт тіліндегі оқулықты жазған, мектепте оқып жүргенімде мемлекеттік жүйеде жұмыс істесең тұрғындары тек башқұртша сөйлейтін ауданға тап болуың мүмкін, сондықтан міндетті түрде башқұрт тілін білуің керек деп үйрететін. Ал республика басшысы тұрғындардың кез келген тобымен мұң-мұқтажы туралы еркін сөйлесуі үшін бұл тілді міндетті түрде білуі тиіс, - дейді кандидат Зульфия Гайсина.

"БҰРЫН ДА ҮЙРЕНГЕН ЖОҚПЫН, ҚАЗІР ДЕ КЕРЕК ЕМЕС"

Уфалық заңгер Айдар Муллануров белсенді Рамиля Саитованың талабы құқық мәселесінен гөрі саяси проблеманы қозғайды деп санайды.

- Меніңше, белсенді талап арызымен тілге байланысты зор проблемаға өзгелердің назарын аударуды мақсат еткен тәрізді. Башқұртстанда башқұрт тілін білмейтіндер көп және ондай адамдардың қатары өсіп бара жатыр. Барлық жерде орыс тілінің үстемдігі байқалады, ал башқұрт тілінде қалыпты коммуникация жоқтың қасы. Оның үстіне мемлекет те бұл тенденцияны барынша қолдап отыр. Конституциялық соттың тіл мәселесі бойынша шешімдері, меніңше, саяси реңк алған. Мұндай жағдайда башқұрт қоғамының тіл құқығын шектеу болып көрінетін барлық нәрсені ауыр қабылдайтынына таңқалуға болмайды. Мысалы, республика басшысы лауазымына кандидатты мемлекеттік тілдерді білуге міндеттейтін талапты алып тастауды солай қабылдайды.

Сонымен бірге постсоветтік елдер мысалынан жалғыз мемлекеттік тілді меңгермеген адамның елді басқарғанын да білеміз. Мұндай жағдай қоғамда шиеленіске әкелген жоқ, өйткені сайланған тұлғалардың өзі де тілді үйренуге ден қойды, мемлекет те ұлттық тілді қолдап, құрметтеу саясатын жүргізді. Өкінішке қарай, бізде ұлттық тілдерді сақтау мәселесі өзекті мәселе болып қалып отыр. Қоғамда оларды қалай сақтау қажет, оған қалай қол жеткізуге болады деген мәселеде консенсус жоқ. Өкініштісі сол, "бұл тілді бұрын да оқыған жоқпын, қазір де үйренбеймін" дейтін даңғой пікірлерді жиі естіп жүрміз. Мұндай жағдайда тұрғындардың бір бөлігі неліктен жоғары лауазымды басшының башқұрт тілін білуі маңызды деп санайтынын түсінуге болады, - дейді заңгер.

Башқұртстан басшысының кезекті сайлауы биыл қыркүйектің 8-і күні өтеді.

Iidel.Реалии сайтының тілшісі Артур Асафьевтің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG