"БӨЛМЕГЕ ҚАМАП АЛЫП ЗОРЛАДЫ"
Жүйке ауруына шалдыққан науқастарды емдейтін Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығына кірген адам емі біткенше сыртқа шықпайды.
Шағым иелерінің айтуынша, зорлық оқиғасы тәртібі қатаң, күзеті күшті осы мекеменің ішінде болған. "Зорлық көрдік" деген екі қыз бен олардың туыстарының өтінішін ескеріп, жәбірленушілердің аты-жөнін өзгертіп, бет-жүзін жасырдық.
Емдеу мекемесінде зорланғанын бірінші болып айтқан – 22 жастағы Гүлім. Күйеуімен ажырасқаннан кейін ауырып жатып қалған келіншекке дәрігерлер "депрессия" диагнозын қойған.
Сөйтіп психикалық орталыққа биыл шілде-тамыз айларында жиырма күн жатып емделуге жіберген. Бұл оның психдиспансерге алғаш түсуі.
Гүлім орталықта ем қабылдауға жатқан 20 күнде өзін "екі санитар жігіт теледидар тұратын бөлме мен баспалдақ маңында бірнеше рет жеке-жеке зорлағанын" айтты.
– Сол кезде де есімді білетінмін. "Маған не істейін деп тұрсыз? Әйел, бала-шағаңыз бар емес пе?" дедім. Ол сөзіме қарамастан арам ойын іске асырды. Содан соң түк болмағандай сол бөлмеден мені шығарып жіберді. Тағы бір күні екінші санитар қарсылық көрсеткеніме қарамай, әлгі бөлмеге күштеп кіргізді. Есікті құлыптады. Еркімнен тыс зорлады. Ана кісіге күш көрсете алмаймын, шок болып, қорқып қалғам. Ол да дуалға тақап қойып, білгенін істеді, – деді Гүлім Азаттыққа.
Ол зорлық көргенін орталықта ешкімге айтпаған. "Шағым түсірсем, санитарлар айтқандай, орталықтан шығармай қоя ма" деп қорыққан.
Жиырма күн ем алып, үйіне шыққан соң қайтадан күйзеліске түскен. Анасы тағы емделуге жатасың дегенде "орталыққа бармаймын" деп, болған мән-жайды айтып берген.
Гүлім психикалық денсаулық орталығында жалғыз өзі ғана емес, тағы үш сырқат қыздың зорланғанын көргенін айтқан. Анасы соның ішінде бір қыздың отбасын іздеп тауып, 17 жастағы Әсемнің шешесіне хабарласқан.
Әсем үш жылдан бері Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында тіркеуде тұрады. Дәрігерлер оған "шизофрения" диагнозын қойған. Заңды өкілі әрі анасының айтуынша, қызы үш жылдың ішінде орталықта он жеті рет ем қабылдапты. Соңғы рет биыл шілде айында орталықта жатып емделіп, тамыздың аяғында үйге шыққан. Кәмелетке толмаған қыз ол жерден шыққан соң "санитарлардан зорлық көргенін" айтқан.
– Кейінгі кездері жатып қалатынды шығарды. "Cен бұлай жатпаушы едің ғой, не болды? Ауырып тұрсың ба?" дегенімде ештеңе айтпады. Тек сұлқ жатады да қояды. Неге бүйтті деп ойланып жүрдім. Кейін ол құсуды бастады. Ауырып жүрген шығар деп ойладым. Соңыра күдіктене бастадым. Сосын біз оны УЗИ-ге апардық. Сенбедік. Екінші рет УЗИ-ге бардық. Сол кезде құрсақ көтергеніне он апта төрт күн болған деп айтты, – деді Әсемнің анасы.
Қалалық диагностика орталығы мен аудандық орталық аурухана Әсемнің бойына бала біткеніне 10-11 апта болғанын анықтаған. "Екеуі де қызымның психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жүргенде жүкті болғанын дәлелдейді" деді анасы.
Он екіде бір гүлі ашылмаған қызын емделуге барған жерінде әлдекімдердің қорлағаны анасының жанын жегідей жеп, жүрегін езіп ауыртады. Айтуынша, Әсем шешесіне оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ баяндап берген: бірнеше рет түнде орталық бөлімшесінің теледидар көретін бөлмесінде, шатыры мен қалтарыстау жерлерде қайталанған.
– Палатадан дәлізге шығарған кезде төсінен итереді екен. Бармаймын деп қарсылық білдіргеніне қарамастан күштеп теледидар тұрған бөлмеге кіргізеді. Қызым "мама, не істейтінін ішім сезіп тұрады, қай-қайсының істейтінін де білемін" дейді. Қорғайтын ешкім жоқ. Екі қолы мен аяғын керіп кереуетке байлап, укол салады екен. "Жылап жата беремін аяқ-қолымнан жан кетеді, миым отырып, еркімнен тыс көзім жұмылып, ұйқы қысады" дейді. Бір мезетте санитар келіп, шешініп жатқанын қызым көзімен көреді. Айқайлауға күш жоқ, жылап жата береді екен. Азанда оянса аяқ-қолы шешулі. Түнде жатқанда үстінде ақ түсті пижама болса, азанда көк түсті пижамамен жатады. Орнынан тұрып жүргенде қатты ауырсынады екен, – деді ол.
Анасы қызының аяғы ауыр екенін білгеннен кейін полицияға арызданған. Әсемнің денсаулығына байланысты аборт жасатып, құрсақтағы баланы алдырған.
– Кәдімгідей толғатты. Айқайлады, жылады. Ұрды, соқты. Өте ауыр болды, қатты қиналды. Балам ауру, мойындаймын. Баламның ауруын, әлсіздігін пайдаланды ғой. Санитарлар қызметін асыра пайдаланды. Көзіммен көріп, құлақпен естіп, қолыммен ұстап отырғаннан кейін айтып отырмын, – деді Әсемнің анасы.
Анасының айтуынша, түсік жасатқаннан кейін Әсемнің денсаулығы нашарлап кеткен, суицид жайлы жиі айтатын болған.
"БЕЙНЕЖАЗБАЛАРДАН ЕШҚАНДАЙ АЙҒАҚ ТАБЫЛМАДЫ"
Гүлім мен Әсем Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығындағы №3 әйелдер бөлімінде жатқанда "зорлық көрдік" деп отыр.
Орталық бас дәрігерінің орынбасары Қабілет Әбеновтің Азаттыққа айтуынша, екі қыз бір мезгілде бір бөлімде ем алған. Олар өздерін зорлады деп көрсеткен екі санитар бақылаушының бірі шу басталғаннан өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Ал екіншісі ақысыз еңбек демалысын алыпты.
– Күдікке ілінген қызметкерлер мен орталық бөлімшесіне болған жайға байланысты ішкі тексеру жұмыстары жүргізілді. Ішкі тексеру жұмыстарының нақты қорытындысын тергеу амалдары біткеннен кейін ғана шығара аламыз. Тергеу амалдарына қосымша сараптама тағайындалып, тергеу амалдарының шешіміне байланысты әкімшілік шаралар қолданамыз, – деді Әбенов.
Бас дәрігердің орынбасарының сөзінше, Әсел мен Гүлім емделген бөлімшедегі барлық бейнебақылау жазбасы тексерілген, олардан зорлау қылмысына айғақ болатындай еш дерек табылмаған. Ал қыздар жәбір көрдік деп айтқан теледидар тұрған бөлме мен шатырда бейнебақылау камералары жоқ, орнатылмаған.
Азаттық жәбірленушілер атын атап, түсін түстеген санитар бақылаушыларға бірнеше рет телефон соғып, пікірін білуге талпынды. Бірақ екеуі де байланысқа шықпады.
ПОЛИЦИЯ ІСТІ ТІРКЕДІ, КҮДІКТІ ДЕП ТАНЫЛҒАН ЕШКІМ ЖОҚ
Шымкент қалалық полиция департаментінің Азаттыққа хабарлауынша, Әсем мен Гүлімнің арызы бойынша Қылмыстық кодекстің "Зорлау" бабымен іс тіркелген. Ол іске қатысушылардан ешкім күдікті деп танылмаған.
"Қылмыс жасады деп күдік келтіріліп отырған тұлғалардың әрекетін әшкерелейтін және жәбірленуші тараптың уәжін тексеру мақсатында тиісті сот сараптамалары тағайындалған. Жасалған түсікке де тиісті сот сараптамасы тағайындалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр", – деп хабарлады полиция.
Тергеу барысына жәбірленуші тараптың көңілі толмайды.
Әсемнің анасы қызына аборт жасатпай тұрып іштегі баладан қан талдауын алған. "Полицияның сараптамасы күмән туғызса өзіміздің айғақты іске қосуды сұраймыз" деді ол.
– Түсік жасаған кезде шарананы көрдім: екі алақанның ортасында үп-үлкен болып тұрды. Салмағы 150 грамм деді. Бірақ біз сараптамаға барған кезде бала да, жолдасы да кіп-кішкентай, кәдімгі несеп талдауға тапсыратын контейнерде тұрғанын көрдім. Он күннің ішінде бала солай кішірейіп кетуі мүмкін бе? Арызданған кезде полиция анализ алмады, УЗИ қорытындысын көрсеткенде сенбеді. Енді баланы қарасам, тура ауыстырып қойған сияқты. Ауруханаға кір келтірмеу үшін істі жауып жатқан сияқты, – деп көңілдегі күдігін бөлісті Әсемнің анасы.
Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығы 740 адамға шақталған. Оның 120-сы осы мекемеге түрлі диагнозбен түскен әртүрлі жастағы әйелдерге арналған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін ол мекемеде зорлау фактісі тіркелмеген деп хабарлады Азаттыққа.
ПІКІРЛЕР