Accessibility links

 
Шымкент түбінде цех басшысын ұстап, ауылға полиция кіргізді. Наразы 50 тұрғынды ұстап әкетті

Шымкент түбінде цех басшысын ұстап, ауылға полиция кіргізді. Наразы 50 тұрғынды ұстап әкетті


Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және цехтың полиция қоршауына алынуына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір, 2021 жыл.
Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және цехтың полиция қоршауына алынуына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір, 2021 жыл.

Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылында полиция жасағы көшеге шыққан 50 шақты адамды ұстап әкетті. Тұрғындар ауылдағы алтын бұйымдарын өндіретін цех басшысының ұсталып, жұмыс орнының жабылып қалғанына наразылық білдірген.

4 сәуір күні Шымкент қаласы Абай ауданына қарайтын Алтынтөбе ауылының тұрғындары мешіт жанына жиналып, осыдан бірнеше күн бұрын ұсталды деген цех басшысын қайтаруды, цехтың жұмысын жалғастыруды, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің алдарына келіп жағдайды түсіндіруін талап етті. Оқиға орнында полиция жасағы жүрді.

Шеп құрып тұрған полиция жасағы. Алтынтөбе ауылы, Шымкент, 4 сәуір 2021 жыл.
Шеп құрып тұрған полиция жасағы. Алтынтөбе ауылы, Шымкент, 4 сәуір 2021 жыл.

Талабы орындалмайтыны белгілі болғанда, наразы тұрғындар жолды жаппақ болды. Осы кезде полиция жасағы оларды екі бөлек құрсауға алып, ішкі істер қызметінің арнайы көлігі келгенде, полиция бөліміне алып кетті. Куәгерлердің айтуынша, ұсталғандар арасында цехта жұмыс істейтін ерлер мен әйелдер, оқиға орнына туысын іздеп келген кездейсоқ адамдар да бар.

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Тұрғындар ауылдағы негізгі жұмыс орны саналатын цехтың директоры Жасұлан Маматуллаевтың төрт күн бұрын ұсталып, содан бері ауылға полиция жасағы қойылып, цехтың қоршауға алынғанын, жұмыстың тоқтап қалғанын айтады.

Цех жұмысшысы Күлшат Бейсенова бастығының беймәлім жағдайда ұсталғанына, ешқандай ақпараттың берілмей отырғанына наразы.

Наразы ауыл тұрғындарын ұстап жатқан сәт. Алтынтөбе ауылы, Шымкент қаласы, 4 сәуір 2021 жыл.
Наразы ауыл тұрғындарын ұстап жатқан сәт. Алтынтөбе ауылы, Шымкент қаласы, 4 сәуір 2021 жыл.

– Не үшін ұстап жатқанын айту керек шығар?! Осынша халықты жұмыспен қамтамасыз еткені үшін қолдамай ма? Бір-екі күнде айлық беретін еді. Бала-шаға бар, несие бар. Бізге қазір жұмыс керек, басшы керек. Басшымызды әкеп берсе, [цех] іске қосылса, заңға қарсылығымыз жоқ, – дейді Бейсенова.

Өзін Жасұлан Маматуллаевтың әкесі деп таныстырған Асан Ибрашев ұлымен бірге інілерін де ұстап әкеткенін айтады.

– Інілерімнің қайда екенін білмейміз. Жасұлан деген баламыз Алтынтөбе елдімекенінің жағдайын жасап отырған еді. Төртінші күн болды, таппай жатырмыз. Өлі-тірі екенін білмейміз. Телефон арқылы "мен мұндамын" деп айтсыншы. Өтініш, соны естиік" дейді ол Азаттыққа.

Арнайы жасақ наразы әйелді полиция көлігіне күштеп отырғызып жатыр. Алтынтөбе ауылы, Шымкент, 4 сәуір, 2021 жыл.
Арнайы жасақ наразы әйелді полиция көлігіне күштеп отырғызып жатыр. Алтынтөбе ауылы, Шымкент, 4 сәуір, 2021 жыл.

Осы кезде оның жанында тұрғандар телефонмен айтқаны керек емес, "осы жерге келсін" деп жатты.

Жиынға цех директорының әжесі Күлбара Ибрашева да келген.

"Қайсысының жағдайы нашар болса, соған жәрдем береді. [Жұмыста] түскі ас дайын, ауылдың ұлы мен келіні бала-шағасын асырап отыр. Не кінә тапты менің немеремнен?" дейді 88 жасқа келгенін айтқан Ибрашева.

Ұсталды деген цех басшысының әжесі Күлбара Ибрашева (оң жақта) жиын орнында. Алтынтөбе, Шымкент, 4 сәуір, 2021 жыл.
Ұсталды деген цех басшысының әжесі Күлбара Ибрашева (оң жақта) жиын орнында. Алтынтөбе, Шымкент, 4 сәуір, 2021 жыл.

Оқиға орнындаа Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов та болды. Азаттық тілшісі оған бірқатар сұрақ қойды

– Жерасты қазба байлықтарын пайдаланып, алтын өнімдерін өндіріп жатыр деген мәлімет бар. Енді арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Ауылды арнайы жасақ не үшін қоршап алған?

– Бізге мәлімет берілген жоқ. Ертең, "дүйсенбі күні анық-қанығына жетеміз" деп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

– Төрт күннен бері қоршап тұр дейді?

- Ол рас. Қақтығыс болмасын деп. Бұл – заңсыз митинг. "Жиналамыз" деп әкімшілікке анықтама берген жоқ. Тексерудің қорытындысы бойынша, мәліметін анықтап, жауабын береміз.

АУЫЛДАҒЫ ПОЛИЦИЯ ЖАСАҒЫ МЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҮРЕЙІ

Алтын бұйымдарын өндіретін цехта екі баласы қатар жұмыс істейтінін айтқан Гүлзайна Жамалова көшеде полиция жасағының жүргені үрейлендіретінін айтады.

– Бейбіт өмір дейді. Қане бейбіт өмір? Көшеге шыға алмай қалдық. Балаларымыз, немерелеріміз үрейленіп үйлерінде отыр. Кімді қорғап жатыр? Бізден қорғап жатыр ма? Көшеге шықсаңдар 78 мың [теңге] айыппұл жазамын дейді. Не үшін? Баламды апарып, түсініктеме жазып алыпты, – дейді Жамалова.

Өзін Жасұлан Маматуллаевтың көршісі деп таныстырған Серік Байбосынов есік алдына шыққаны үшін ұстап әкеткенін айтып, шағынды.

Алтынтөбе ауылының тұрғыны Асан Серік Байбосынов "Назарбаевты, Тоқаевты құрт деп тұрғанымыз жоқ" дейді. 4 сәуір 2021 жыл.
Алтынтөбе ауылының тұрғыны Асан Серік Байбосынов "Назарбаевты, Тоқаевты құрт деп тұрғанымыз жоқ" дейді. 4 сәуір 2021 жыл.

– Көрші тұрамын. Есік алдына шықсам, ай-шай жоқ машинаға итеріп отырғызды да, алып кетті. "Кімсіңдер?" деп ары-бері сұрадым. Таныстырмады. Мен өзім екінші топтағы мүгедекпін. [Полиция бөліміне] барған соң, ары-бері тасып, "қайта бер" деді. Қобалжып, қан қысымым көтеріліп, сол күні жедел жәрдем шақырдым. Қорқайын дедім. Мен бұл мекемеде жұмыс та істемеймін, – дейді ол.

Цех аумағын қоршауға алған полиция жасағы. Алтынтөбе ауылы, Шымкент, 4 сәуір, 2021 жыл.
Цех аумағын қоршауға алған полиция жасағы. Алтынтөбе ауылы, Шымкент, 4 сәуір, 2021 жыл.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Рабиға Жүністің Азаттыққа айтуынша, Алтынтөбе ауылына полиция қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жіберілген.

– Бүгін бір топ ауыл тұрғыны жиналып, карантин талаптарын бұзған. Оған қоса жолды жапқан. Түсіндіру жұмысын және әкімшілік шара қолдану үшін тұрғындар полиция бөлімшелеріне жеткізілген, – дейді ол.

Азаматтық киім киген белгісіз біреуле оқиға орнынан хабар таратқан Азаттық тілшісінің камерасын біресе қолшатырмен, біресе қолымен жауып, телефонын тартып алмақ болды. Осы жағдайдың куәсі болып тұрған полиция қызметкері тілшінің өтінішіне қарамастан ол кісіге ешқандай шара қолданбады, көрмегендей сыңай танытып тұра берді.

ЦЕХ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Тұрғындардың айтуынша, Алтынтөбе ауылындағы цех үш жыл бұрын іске қосылған. Алтын бұйымдарын өндіретін кәсіпорын Diamond Exclusive жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, зергерлік бұйым өндіретін ЖШС 2017 жылы 7 желтоқсанда тіркелген. Ресми құжатта 21-30 адам жұмыс істейтін шағын кәсіпорын ретінде көрсетілген. Жетекшісі – Гуля Владимировна Ибрашева.

Ішкі істер қызметінің аты-жөнін атамауды сұраған қызметкері Азаттыққа цех директоры Жасұлан Маматуллаевтың ісімен Ұлттық қауіпсіздік қызметі айналысып жатқанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG