Accessibility links

ИМ-нің қара туынан кейін 14 адам ұсталды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон трактор жүргізіп келеді. Душанбе, 6 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон трактор жүргізіп келеді. Душанбе, 6 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанның Нүрек қаласында ілінген «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қара туы күдіктілер тобын ұстауға ұласты. Бұл – тамыз айында Тәжікстанда болған осындай екінші оқиға.

Тәжікстанның ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Хатлон облысы Нүрек қаласында тұратын 14 жас жігіт «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына адалдық белгісі ретінде қала орталығына қара ту ілген. Ұсталғандардың ең кішісінің жасы – 21-де, үлкені – 37-де.

Тәжік билігі олардың кейбірі Тәжікстанның ислам жаңғыру партиясы (ТИЖП) мүшелері деген болжамды хабарлайды. Өткен аптада жабылған ТИЖП-ның ресми өкілдері әзірше бұл ақпаратты растап я терістемеді.

ЕКІНШІ МӘРТЕ ІЛІНГЕН ҚАРА ТУ

Болжам бойынша, Нүректің 14 тұрғыны «Ислам мемлекеті» ұйымының Юнус есімді әлдебір тәжік содырымен интернет арқылы танысып, өздерінің террористік топқа адалдығын көрсету үшін қала орталығына қара ту іліп қойған. Ұсталғандардың бірі Давлиё Саидов қара мата мен ақ бояуды Юнустың нұсқауымен Душанбеден сатып алғанын тергеу кезінде айтқан.

Азаттықтың Тәжік қызметі Саидовтың «Юнус бізге «қара туды іліп, фотосын жіберуімізді талап етті» деген сөзін келтіреді.

Давлиё Саидов істің мән-жайын енді ғана түсініп, өкінетінін айтқан. Ол «әуелі ештеңеден күмәнданбадық, енді бізді гипноздап тастаған сияқты көрінеді» дейді.

Хатлон облысында «Ислам мемлекеті» тобының қара туы осымен екінші рет ілінді. Тамыздың басында билік Шахритус ауданы орталығында «Аллах» деген жазуы бар тудың пайда болғанын хабарлаған. Ол кезде сегіз күдікті ұсталған. Ауданның 15 жасар жергілікті тұрғыны Махмадин Абдуллоев іске қатысты негізгі айыпталушы деп танылған.

ИСЛАМ ПАРТИЯСЫНА ТЫЙЫМ САЛУ

Ислам мемлекеті ұйымы туларын ілу әрекеттері Тәжікстан билігінің Ислам жаңғырту партиясын заңнан тыс деп жариялаған тұсқа сәйкес келіп отыр. Елдің әділет министрлігі таратқан мәлімдемеде Тәжікстанның оппозициялық Ислам жаңғыру партиясы қызметіне тыйым салынғаны туралы айтылады. Партия басшылығына ұйым қызметін 10 күн ішінде тоқтатуды талап еткен ескерту қағаз жолданған.

Тәжікстан ислам жаңғырту партиясының кеңсесі. Душанбе, 28 тамыз 2015 жыл.
Тәжікстан ислам жаңғырту партиясының кеңсесі. Душанбе, 28 тамыз 2015 жыл.

Биліктің мәлімдеуінше, елдің 58 қала мен ауданындағы бастауыш партия ұйымдары өз қызметін тоқтатқандықтан ол жалпы республикалық партия деп есептелмейді әрі съездерін өткізе алмайды. Тәжікстанның «Саяси партиялар туралы» заңына сәйкес, республикалық саяси партияның бастауыш ұйымдары қала-аудандардың көпшілігінде болуы тиіс.

Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон басқаратын халық-демократиялық партиясы мен Тәжікстан коммунистік партиясынан кейін елдегі ең ықпалды үш саяси күштің қатарына енеді. Тәжікстанның ислам жаңғыру партиясы 1992-1997 жылдардағы азамат соғысы кезінде Біріккен тәжік оппозициясы құрамында болып, кейін ел билігімен бейбіт бітімге қол қойған.

Бұдан ертеректе Тәжікстанда елдің кейбір аймағында «Ислам мемлекеті» ұйымының қара туын іліп кетті деген қауесеттер тараған, бірақ Шахритус ауданындағы оқиғаға дейін бұл ақпарат ресми расталмаған. Тәжікстан билігінің ресми дерегінше, қазір елдің 500-ден аса азаматы Сирия мен Иракта «Ислам мемлекеті» қатарында соғысып жүр.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG