Accessibility links

Бердімұхамедовтің "Тозақ қақпасына" баруы


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Түркіменстан мемлекеттік телеарнасы ел басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің демалысын қалай өткізіп жатқанын көрсетті. Едәуір уақыт көпшілік алдына шықпаған соң президенттің "қайтыс болғаны" жайлы сыбыс тараған еді.

"АРҚАДАҒ" ЖАЙЛЫ ЖАРТЫ САҒАТТЫҚ ХАБАР

Соңғы бірнеше аптадан бері көпшілікке көрінбей кеткен Гурбангулы Бердімұхамедов жексенбі, тамыздың 4-і күні Түркіменстан мемлекеттік телеарнасында қайта пайда болды. Кешкі эфирден берілген "Ватан" бағдарламасының жарты сағатқа жуығы "Арқадағтың" (жебеуші, жарылқаушы деген мағынада – ред.) демалысын қалай өткізіп жатқанына арналды.

Бағдарламада президенттің атқа мініп, велосипедпен серуендеп, автоматты қарудан нысана атып жатқаны көрсетіледі. Бұдан соң Бердімұхамедов спорт залында жаттығу жасап, спорт киімін киген бірнеше адамға (шенеуніктер болса керек) нұсқау береді. "Арқадағтың" боулинг ойнап, кеглиге дәл тигізгені де көрсетіледі.

Сонымен бірге түркімен президентінің дыбыс жазатын студияда музыка аспаптарында ойнап, ән салып тұрғаны, жұмыс кабинетінде кезекті кітабын жазып отырғаны да бейнеленген.

Мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, Бердімұхамедов спорт көлігіне отырып Қарақұм шөлімен жүріп өтіп, жергілікті халық "Тозақ қақпасы" атап кеткен, жер астынан отты жалын шашып жатқан Дарваз газ кратеріне дейін барған. Сол маңда түсірілген телеарна видеосында президенттің автокөлігі алыстан және биіктен көрсетілген. Жүргізушінің орнында отырған адам көрінбейді.

Түркіменстандағы "Тозақ қақпасы". "Настоящее время" видеосы (орысша):

27 минуттық видеосюжеттің негізгі бөлігінде президенттің немесе өзге адамдардың сөзі берілмеген, тек кадр сыртынан оқыған диктор дауысы ғана естіледі.

Түркіменстан мемлекеттік телеарнасы бұл бағдарламаны 62 жастағы авторитар президентінің "қайтыс болғаны" туралы сыбыс тарап отырған тұста жексенбінің кешінде көрсетті. Бердімұхамедов өткен айдың басынан бері жұртқа көрінбей кеткеннен кейін әлгіндей сыбыс жайылған. Бердімұхамедов шілденің 6-сы күні Түркіменстан астанасына Еуропа одағы сыртқы саясат мекемесінің басшысы Федерика Могерини келгенде де көпшілікке көрінген жоқ. Могерини Еуропа одағының Ашбағаттағы кеңсесін ашуға қатысқан еді.

АЙҒА СОЗЫЛҒАН ДЕМАЛЫС, СЫБЫС ПЕН ЖОҚҚА ШЫҒАРУ

Түркіменстан президенті бір айға, тамыздың 15-іне дейін кезекті еңбек демалысын алғаны ресми түрде хабарланды. Бердімұхамедов бұрын-соңды демалыста осыншама ұзақ болмайтын. Бұған қоса, мемлекеттік БАҚ президенттің немен айналысып жатқанын күн сайын хабарлап отыратын.

Осының алдында Бердімұхамедовты телеарнадан шілденің 24-і күні көрсеткен. Бірақ телеарна эфирінен берілген кадрларға күмән келтірген кей мамандар бұл видео осыдан бірнеше ай бұрын түсірілген болуы мүмкін деп топшылаған. Кадрлардың кейбірі "Ватан" бағдарламасынан биылғы мамырдың 10-ы күні көрсетілгенге ұқсайтыны байқалған.

Шілденің 15-і күні түркіменстандық мемлекеттік БАҚ Бердімұхамедовтың өзінің әндерін беріп жатқан теледидар алдында жаңа кітап жазып, сонымен бірге немерелерімен ойнап отырғаны туралы видео көрсетті. Бұл видеоның да қашан түсірілгені белгісіз.

Бердімұхамедовтың "бүйрек дерті асқынып қайтыс болғаны" туралы ақпарат шілденің 21-і күні әлеуметтік желіде тараған. Сол күні ресейлік ТАСС агенттігі Түркіменстанның Ресейдегі елшілігіне сілтеме жасап, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың қайтыс болғаны туралы хабар шындыққа жанаспайды деген ақпарат жариялады.

Әлеуметтік желіде түрлі сыбыс пен оны жоққа шығарған мәлімдемелер алма-кезек тарап жатқанда түркімен эстрадасы өкілдерінің "президенттің жағдайы" туралы "жалған хабарларға" сенбеуге және әлеуметтік желі қолданушыларын өз парақшаларына жазбаларын #duryalan (#сыбыстытоқтат) хештегімен жариялауға шақырған видеоүндеулері жарияланды.

Түркімен эстрадасы өкілдерінің үндеулерінен кейін әлеуметтік желіде "қарапайым азаматтар" атынан көптеген пост жарияланды, онда авторлар Бердімұхамедовты "өлтіріп қойған" ақпарат таратушыларды сынап-мінейді.

Құқық қорғаушылар Түркіменстанды әлемдегі ең жабық репрессиялық елдердің бірі деп атап, президент Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның төңірегі қоғамның барлық саласын қатаң бақылауда ұстап отыр деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG