Түркіменстанда президент Гурбангулы Бердімұхамедов жергілікті телеарналар жаңалықтарының негізгі кейіпкері ғана емес, тіпті биліктің жұмысына қатысы жоқ сюжеттерде де оның аты-жөні аталмай қалмайды. Барлығында елде "Арқадағ" (жарылқаушы) атағын иеленген президентті тек қана жағымды қырынан сипаттайды.
"Настоящее время" телеарнасының журналистері жақында Түркіменстан ұлттық телеарнасының күнделікті кешкі жаңалықтар бағдарламасын көрген еді. Жарты сағаттық бағдарлама барысында эфирден президент Бердімұхамедовтің бейнесі 52 рет көрсетіліп, мемлекет басшысының аты-жөні немесе қызметі 34 рет аталады.
Жаңалықтар бағдарламасы басталған соң бір жарым минуттан кейін диктор сөзіне президентті қосады. "Бұл құрметті президентіміздің арқасында болды" дейді ол.
Бағдарламаның үш минуттан тұратын алғашқы бөлігінің соңына дейін дикторлар Түркіменстанның кезекті жетістіктері жайлы хабарларда "құрметті президентіміздің стратегиясында көрсетілгендей" және "мемлекет басшысының арқасында" деп президентті тағы екі мәрте атайды.
Ал сегізінші минуттан соң қайтадан Түркіменстан жаңалықтарына ойысқаннан кейін Бердімұхамедовті тіпті жиі ауызға ала бастайды.
"Құрметті президентіміз", "ұлттық лидеріміз", "құрметті президентіміздің басшылығымен жасалған өзгерістердің арқасында", "мемлекетіміздің басшысының жетекшілігімен", "жарылқаушымыздың гуманистік саясаты", "біздің жарылқаушы-батырымызға шексіз алғысын білдірді", "мейірімді жарылқаушымыз", "жарылқаушы батырымыз", "құрметті президентіміздің данышпан саясатының нәтижесінде", "құрметті президентіміздің ұлт игілігін мұрат еткен ұлы реформалары", "құрметті президентіміздің ұлы жетістіктері", "ұлт лидерінің халық игілігі үшін атқарған істері" - бұлар Бердімұхамедовтің атына айтылған мақтау сөздердің кейбірі ғана.
Телеарна бағдарламасының соңына қарай президентті мадақтау тіпті үдей түседі.
Түркіменстандағы фестиваль туралы хабарда дикторлар шараның "Жаңа жылда жан елжіреп, жүрек Арқадағты жырлайды" деген ұранмен өткенін айтады.
"Кемеңгер лидердің ұлы істері күллі әлемді жаңғыртты" дейді олар.
Бұдан соң:
- "президент Арқадағтың інжу ақылының нұрына бөленген халық",
- "құрметті президентіміз сүйікті халқына сыйлаған бақыт дәуірі",
- "Арқадағтың ақ жолының жалғасы" тәрізді теңеулер айтылады.
Орталық Азиядағы газға бай Түркіменстанда мемлекеттік телеарна 61 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедовтің қатысуымен өткен жиын-шаралардың ешбірін қалт жібермей хабарлап отырады: президентті автокөлік жарысында елден озған шебер жүргізуші, талантты спортшы, ат құлағында ойнайтын шабандоз және түрлі шараларда тамылжыта ән салатын өнерпаз ретінде көрсетеді.
Бұған қоса түркімен телеарнасынан президенттің жазған кітаптарын да оқиды:
Гурбангулы Бердімұхамедов бұрын Түркіменстанның денсаулық сақтау министрі және осы елдің алғашқы президенті автократ Сапармұрат Ниязовтың жеке дәрігері болып қызмет атқарған. 2006 жылы Ниязов қайтыс болғаннан кейін өткен президент сайлауында, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 80 пайыздан астамы Бердімұхамедовті қолдап дауыс берген. Содан бері ол тағы екі мәрте президент сайлауында жеңіске жеткен.
Бердімұхамедов билікке келгеннен кейін қабылданған Түркіменстанның жаңа конституциясы бойынша, оның ел президенті болып сайлану құқығына шектеу қойылмаған.
Түркіменстан билігін сынаушылар мен құқық қорғаушылар президент Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның үкіметін оппоненттерін аяусыз жазалап, адам құқықтары мен бостандығын қатаң шектейді деп айыптайды.
ПІКІРЛЕР