ҚЫРЫМ АННЕКСИЯСЫНАН КЕЙІН ПАЙДА БОЛҒАН ДАТА
3 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған мемориал басына қолына гүл ұстаған жиырма шақты адам жиналды. Өскемен қаласында тұратын бұл адамдар көрші Ресейдің күнтізбесіндегі "Белгісіз солдат күні" деп алатын еске алу күнін атап өтуге келіпті.
Олардың сөзіне қарағанда, бұл іс-шараны Ресейдің федералды агенттігінің Өскемендегі өкілдігі ұйымдастырған екен. Өкілдіктің телеграм-арнасында "іс-шараның мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс пен өзге де қарулы қақтығыстарда хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің өшпес ерлігін есте қалдыру" деп жазылған.
Ескерткіш басында өткен іс-шараға қатысқан Ресейдің Қазақстандағы вице-консулы Александр Дяченко "Ұлы Отан соғысына қатысқан аты-жөні белгісіз жауынгерлерді ұмытпауымыз керек" деді.
– Біз көбінің аты-жөнін өзіміз білмейтін солдаттардың ісін бағалаймыз. Әйткенмен өткенге бей-жай қарамайтын адамдар мен хабарсыз кеткендерді іздейтін қозғалыстардың арқасында жауынгерлердің есімі тарих бетіне жазылып жатыр, – деді Ресей вице-консулы.
Ресейдің күнтізбесінде "Белгісіз солдат күні" датасы 2014 жылы, Ресей Украинаның Қырым түбегін заңсыз аннексиялап алғаннан кейін пайда болған.
Мәскеу бұл атаулы күн ел аумағындағы және одан тысқары жерлердегі әскери іс-қимылдар кезінде қаза тапқан ресейлік және совет жауынгерлерін есте қалдыру үшін енгізілді деп жариялаған. Содан бері жылда 3 желтоқсанда Ресейде бұл күнді атап өтеді. "Россотрудничество" ("Орыс үйі" деп те аталады) арқылы шет елдерде де іс-шара ұйымдастырылады.
"ВАГНЕР" ТОБЫНА ҚОСЫЛЫП, ХАБАРСЫЗ КЕТТІ"
Ресейдің еске алу күні Қазақстанда да бірнеше жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. "Орыс үйінің" телеграм-арнасындағы ақпаратқа қарағанда, Өскемендегі еске алу рәсіміне адамдар осымен 11-рет жиналған.
Азаттық биылғы іс-шараға қатысушылардан кімдерді еске алғанын сұрап көрді. Олардың бірі Украинадағы "арнайы әскери операцияға" Ресей жағында қатысып, хабар-ошарсыз кеткен туысы жайлы айтты.
2022 жылғы 24 ақпанда Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен бастап әлі күнге жалғасып жатқан, бірнеше ондаған мың адамның өмірін жалмап, миллиондаған адамның мекен-жайын тастап босып кетуіне себеп болған соғысты Мәскеу "арнайы әскери операция" деп атайды.
– Жиенім "арнайы әскери операция" кезінде қаза тапты, нақтырақ айтқанда, "Вагнер" жасағы құрамында жүргенде хабар-ошарсыз кетті. Олар Мәскеуге қарай жорыққа шыққаннан кейін "Андрей, кетсеңші, өйткені шенеуніктер сендерден қатты қорқып қалды, бұл істеріңді кешірмейді" дедім. "Қазір басшыларыңды өлтірді, енді өздеріңді атады" деп едім, "жоқ, ата, қасымда сенімді достарым бар" деді. Ақыры із-түссіз кетті, – деді Өскемен қаласында тұратын Леонид Карташев.
Ресейлік "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Қазақстанда да хабарландыру жариялап, соғысқа адам тартумен айналысқан. Жалдамалы әскер қатарына қосылған қазақстандықтар бар, бірақ олардың нақты саны белгісіз. Былтыр ақпанда Азаттық Донбасста өлген екі қазақстандықтың елге жеткізіліп, Қарағандыда жерленгенін жазған. Сол жылы наурызда Семейде 33 жастағы азамат жерленген. Ол Бахмут түбіндегі шайқаста қаза тапқан.
Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.
"КЕЛІСІМ АЛУ ТАЛАП ЕТІЛМЕЙДІ"
Қазақстанда әдетте жергілікті әкімдіктердің келісімінсіз өткен жиын-шараларды билік "заңсыз митинг" деп бағалап, оларға қатысушыларды әкімшілік жауапқа тартады: ұстап әкетіп, айыппұл салады я әкімшілік қамауға алады.
Қоғамдағы көкейкесті мәселелерді көтеріп, бейбіт жиын өткізгісі келетін белсенділер "әкімдік түрлі сылтау ойлап тауып, рұқсат етпеді" деп жиі шағынады. Ресей басқыншылығынан қатты зардап шегіп жатқан Украинаға қолдау білдіріп, соғысты дереу тоқтатуға, бейбітшілікке үндейтін акция ұйымдастырмақ болған белсенділер жергілікті әкімдіктерге ондаған рет өтініш тапсырғанымен, көпшілік іс-шара өткізуге биліктің келісімін ала алмады.
Өскемен қаласының әкімдігі "Орыс үйінің" іс-шарасы Қазақстан заңына қайшы келмейді әрі адамдардың жиналуға келісім алуы міндетті емес деді Азаттық тілшісіне.
"Ескерткіш – әркім баратын қоғамдық орын. Сондықтан облысымыздың әрбір тұрғыны Ұлы Отан соғысында қаза тапқан аталарын еске алып, оған гүл қоюға құқылы. Бұл әрекет заңмен шектелмеген. Жергілікті атқарушы органдар бұл іс-шараны ұйымдастырмайды. Гүл қою рәсімі бейбіт сипатқа ие және қатысушылар саны аз болғандықтан, келісім алу талап етілмейді", – деді Өскемен қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі.
"РОССОТРУДНИЧЕСТВО" ӨТКІЗЕТІН ІС-ШАРАЛАР
Ресейлік "Россотрудничество" федералды агенттігінің Қазақстандағы Астана мен Алматыда және Ресеймен шекаралас Өскемен мен Орал қалаларында бөлімшелері бар.
"Орыс үйі" Қазақстанда бұған дейін де бірнеше рет ресейлік мерекелер мен атаулы күндерге арналған іс-шаралар ұйымдастырып өткізген. "Россотрудничество" мәдени-ағарту шаралары арқылы кейде әскери тақырыпты да насихаттайды. Сарапшылар бұл ұйымды Ресейдің постсоветтік кеңістікте орыс тілі мен ресейлік білімді насихаттайтын "жұмсақ күші" деп қарастырады.
Осыдан екі жыл бұрын, 2022 жылғы 3 қарашада "Россотрудничество" Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында ресейлік "Халық бірлігі күнін" атап өтті. Ресейде жауынгерлік даңқ күні деп те аталатын бұл күннің Қазақстанға және оның тарихына еш қатысы жоқ: Ресей тарихына бұл дата 17-ғасырда Мәскеуден поляк әскерін қуған атаулы күн ретінде енген.
"Россотрудничество" жыл сайын Ресейде және шет елдерде Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына диктант жазуды ұйымдастырады. Оған қатысушы оқушыларға соғыс туралы тест сұрақтары қойылады. Қазақстанда да осынау диктант жазу іс-шарасы кең ауқымда өтеді.
Алдыңғы жылы "Россотрудничество" Алматыда оқушыларға Қырым аннексиясын дәріптейтін ресейлік фильм көрсеткен. Ал былтыр Қазақстан оқушыларының Қырымдағы лагерде демалуын ұйымдастырған.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуропа одағы "Россотрудничество" ұйымы "Украинадан жаулап алынған жерлерді Ресейдікі дегенді қоғам санасына сіңдіруді көздейтін іс-шаралар ұйымдастыратынын" айтып, оны санкция тізіміне қосқан.
ПІКІРЛЕР