Украина орталық сайлау комиссиясы 4 ақпанда сайлауға қатысуға тілек білдірген 28 адамның өтініші мақұлдаудан өткенін, 22 өтініштің қабылданбағанын, ал 33 өтініш қарастырылып жатқанын хабарлаған. Тіркелген кандидаттар тізімін 9 ақпанға дейін жариялау көзделіп отыр.
Сайлауға қатысатындардың нобайына қарағанда негізгі бәсеке қазіргі президент Петр Порошенко мен бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко арасында өрістейтін сияқты. Жарияланған әлеуметтік зерттеу нәтижесіне қарағанда өзгелерге қарағанда Тимошенконы қолдаушылар саны көп екені байқалған.
53 жастағы Петр Порошенко өзінің президент сайлауына қатысатынын 29 қаңтарда жариялаған. Ол егер жеңсе, өзінің екінші бес жылдық президенттігі кезінде Украинаны Еуродақ пен НАТО-ға мүшелікке қабылдауға күш салатынын айтқан.
Елдегі бай адамдардың бірі болып келетін Порошенко 2014 жылғы "Еуромайдан" наразылықтары кезінде билікке келген болатын. Наразылық нәтижесінде Мәскеуге бүйрегі бұратын сол кездегі президент Виктор Янукович биліктен кеткені белгілі.
Петр Порошенко - Батыспен арада тығыз интеграция жайын ашық көтеріп, Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанын және Мәскеудің Шығыс Украинадағы сеператистерді қолдауын өткір сынаған саясаткер. Мәскеу болса, Украина шығысындағы әскери құзырын жоққа шығарумен келеді.
Алайда Порошенконы сынаушылардың айтуынша, ол жемқорлықты жеңе алмай келеді. Украина президенті биыл жемқорлық істерін қарайтын арнайы сот құруға уәде де берген. Батыс елдерінің басшылары да коррупцияны Украинаның қауіпсіздігі мен дамуы үшін үлкен кедергі ретінде таниды.
Порошенко қазірге дейін Украина православ шіркеуін Ресейден тәуелсіз етуге қол жеткізді. Көптеген сарапшылар оның бұл әрекетін Порошенконың әлсіреп бара жатқан қоғамдық қолдауына сеп болады деп есептейді.
58 жастағы Юлия Тимошенко өзінің сайлауға қатысатынын Порошенкодан бұрын, 22 қаңтарда жариялаған. Ол 2004 жылғы револююцияның жетекшілерінің бірі болған. Алайда 2014 жылғы президент сайлауында Юлия Тимошенко қазіргі президент Петр Порошенкодан ұтылып қалған.
Тимошенко да өзін Украинаның НАТО-мен жәнее Еуродақпен жақын қатынаста болуын жақтайтын саясаткер ретінде көрсетіп жүр. Ол елдің шығысындағы ресейшіл жікшілдермен күресті қолдайтындығын білдірген.
Украина президенттігіне түсуге тілек білдіргендердің бірі - шоумен, актер Владимир Зеленский. Орталық сайлау комиссиясы бұған қоса елдің бұрынғы вице-премьері Юрий Бойконың да өтінішін тіркегені белгілі болған.
ПІКІРЛЕР