Accessibility links

Украинадағы соғыс: 18-24 сәуір аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз:

  • Ресей зымыраны Одессадағы көп қабатты тұрғын үйге түсті. Президент Зеленскийдің айтуынша, 8 адам қаза болған, арасында үш айлық нәресте де бар.
  • Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуірде Киев метрополитенінде баспасөз жиынын өткізді. Ол Ресей бақылауға алған аумақты Украина көп ұзамай қайтарады деді.
  • 24 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Киевке барады.
  • Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" крейсерінде адам шығыны болғанын алғаш рет мойындады.
  • Молдованың сыртқы істер министрлігі жуырда жарияланған Ресей әскерінің жоспарына алаңдаушылық білдірді. Онда Молдова да аталған еді.
  • Мариуполь маңындағы Виноградное елді мекенінен бауырластар зиратына ұқсас орын анықталды.
  • Путин БҰҰ бас хатшысымен кездеседі.

Украина полициясы: 1100-ден астам адам жоғалып кетті

Ресей әскерінің бақылауында болған және бақылауындағы аймақтарда 1100-ден аса бейбіт тұрғын жоғалып кетті деп мәлімдеді Украина тергеу полициясы бастығының орынбасары Сергей Пантелеев.

Украина полициясы осы жағдайға байланысты 900 іс қозғағанын, 544 адамның бас бостандығын заңсыз шектеу бойынша фактіні құжатқа тіркегенін мәлімдеді.

Пантелеев Ресейдің бақылауынан босатылған және қазір оккупацияланған аймақтарда 2750 бейбіт тұрғын қаза болғанын, опат болғандар арасында 157 бала барын хабарлады. 18 сәуір таңертең Украина бас прокуратурасы соғыс басталғалы елде 205 бала қаза тапқанын мәлімдеген.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздерден тексеру өте қиын.

"Ресей әскерилері Бучада қалған әрбір бесінші тұрғынды өлтіріп кетті"

Буча мэрі Анатоли Федорук Украинадағы телемарафонда "Ресей әскерилері Буча қаласында қалған әрбір бесінші адамды өлтіріп кетті" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, орыс әскерилері әйелдерді зорлап, балаларды да өлтірген.

Ресей тарапы әскерінің Бучада бейбіт тұрғындарды өлтіргенін жоққа шығарады және Бучадан тараған фото мен видеоларды "фейк" дейді.

"Москва" крейсерінде болған тағы бір матростың жоғалғаны айтылды

"Москва" крейсерінің матросы Марк Тарасовтың анасы Ульяна Тарасова әскери кеме Қара теңізде суға батқаннан кейін ұлының хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Ол бұл туралы Vkontakte желісінде жазды. Жазбаны "Агентство" басылымы байқады.

Тарасов әскери қызметін былтыр 15 желтоқсанда бастаған. "Агентство" басылымы сөйлескен танысы Матросовтың әскерге кеткенін растады. Матросовтың өзі Instagram желісіндегі парақшасында матрос формасын киіп түскен суретін жариялаған.

Тарасов – "Москва" крейсерінде болғандар арасында із-түзсіз жоғалғаны жария болған екінші матрос. Оның алдында Ялта тұрғыны Дмитрий Шкребец 20 жастағы ұлы Егор Шкребецтің жоғалғанын мәлімдеген. Бұдан бөлек, Азаттықтың Орыс қызметі мичман Иван Вахрушевтің кеме бортында қаза тапқанын анықтаған.

  • Ресей әскери теңіз күштерінің "Москва" крейсерінің суға кеткенін елдің қорғаныс министрлігі 14 сәуірде мәлімдеген. Содан бір күн бұрын Украина билігі Ресей кемесіне екі ракетамен соққы жасағанын айтқан еді. Ресей әскери күштері бұл туралы ештеңе айтпады.
  • Ресей қорғаныс министрлігі кемеде қару-жарақ жарылып, арты өртке ұласты, кеме экипажы түгел эвакуацияланды деп хабарлады. Крейсерде нақты қанша адам болғанын айтпады. Түрлі дереккөзге қарағанда, әскери кемеде шамамен 500-700 аралығында адам болған.
  • Вахрушевтің жесірі жоғалғандар тізімінде 27 адам барын хабарлады. Бұл хабарды тәуелсіз дереккөздер арқылы растау мүмкін болмады.

Ресей: Украина 23 мыңнан аса әскериінен айырылды

Ресей қорғаныс министрлігі Украина "арнайы әскери операция" кезінде 23 367 әскериінен айырылды деп мәлімдеді. Ведомоство Мариупольде Украинаның төрт мыңнан аса солдаты қаза тапты, 1464 солдаты берілді деп отыр.

Украина президенті Владимир Зеленский өткен аптада CNN телеарнасына берген сұхбатында Украина соғыста 2500-3000 әскериінен айырылды, он мың әскери жараланды деген.

Ал Украина қарулы күштерінің бас штабы Ресей Украинадағы соғыста 20 мыңнан аса әскериін (жараланғандар мен қаза болғандар) жоғалтты деп мәлімдеген.

Соғыс уақытында мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG