Зеленский Ресей әскерінің Донбассқа үлкен шабуыл бастағанын айтты
Ресей әскері Донбассқа шабуылды бастады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
"Украинаға тиесілі ешнәрсені бермейміз, ал біреудікі бізге керек емес" деді ол кешкі видео үндеуінде.
Ресей әскерінің бұл шабуылы жөнінде оның алдында ғана Украина қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов хабарлаған. Украина билігінің дерегінше, Ресей Донецк пен Луганск облыстарын православие пасхасына дейін жаулап алуды көздеп отыр дейді ол. Биыл православие пасхасы 24 сәуірде өтеді.
19 сәуір. Осы кезге дейінгі негізгі ақпараттар:
- Ресей әскері ұзақ Донбаста шабуылды бастады, олар бұған бірталай уақыт дайындалған. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.
- БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қара теңізде батып кеткен, Ресей әскери теңіз флотының флагманы болған "Москва" крейсері экипажының қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен мүшелері жайлы деректер жарияланып жатыр. Ресей қорғаныс министрлігі крейсер экипажынан қанша адам қаза тауып, қаншасы жоғалып кеткенін айтпай отыр.
- Әлеуметтік желіде "Москва" крейсерінің өртенген сәті" деп сипатталған суреттер тарады. Кремль өкілі ол фотоларды көргенін, бірақ нақты сол кеме деуге келмейтінін айтты.
- Украина қауіпсіздік қызметі Виктор Медведчуктың Украина президенті Владимир Зеленскийге және өзінің байырғы тамыры Ресей президенті Владимир Путинге видеоүндеуін жариялады. Медведчук өзін Ресей әскері қоршап алған Мариупольде бекінген украин әскерилері мен жергілікті тұрғындарға айырбастауды сұрап, өтініш айтқан.
- Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресейдің Украинадағы іс-қимылы, соның ішінде Мариуполь мен басқа да елдімекендерді жермен-жексен қылып шабуылдағаны Ресей армиясының 1999 жылы Шешенстанда және 2016 жылы Сирияда жүргізген соғысына ұқсас деп мәлімдеді.
"Нұрлан бауырым, украин белсендісін неге қорладың?"
Ресейдегі қазақ стендапер Нұрлан Сабуровтың 17 сәуірде Нью-Йоркте өтіп жатқан концерті кезінде Free Kazakhs құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғани Стамбек сұрақ қойды.
Бірер күн бұрын әртістің Сан-Францискодағы концерті кезінде көйлегіне қызыл бояу жағылған украин әйелі сахнаға шығып, перфоманс жасаған. Ол қызыл бояуды Украинадағы соғыс құрбандарының төгілген қаны деп түсіндірген.
Күзетшілер әйелді сахнадан күштеп қуа бастады. Ал Сабуров қызыл бояу туралы "Бұл етеккір ме? Не болып жатыр?" деп әзілдеген. Бұл сөзі үшін әртіс көптің сынына қалды.
Ғани Стамбек Сабуровтан "Неге украин белсендісін қорладың?" деп сұраған. Видеоға қарағанда, стендапер сұраққа жауап бермеген. Бірнеше күзетші Стамбектің қолын қайырып, залдан шығарып жіберді. Белсендінің Азаттыққа айтуынша, сөйлетпеу үшін күзетшілер қолымен оның аузын басқан. Денесінде жырылған іздер бар. Бұған дейін Лос-Анжелестегі концерті кезінде көрерменнің бірі Сабуровтан Украинадағы соғыс туралы неге үнсіз отырғанын сұрап еді. Стендапер "соғыс туралы айтуға именемін" деген.
Кременская қаласы үшін шайқас жүріп жатыр
Луганск облысында Ресей әскері басып алған Кременская қаласы үшін шайқас үш күннен бері жалғасып жатыр. Бұл туралы Азаттықтың "Донбасс. Реалии" жобасына Кременский әскери әкімшілігінің басшысы Александр Дунец мәлімдеді.
"Олардың әскери күші әлдеқайда басым, взводтан кіші бір бөлімшесінде 43 бронтехника, яғни, танкі, БТП және ракета ататын көлік бар. Кейбір бөлігі жойылды, бірақ бәрі емес. Қазір қала шетінде қақтығыс жалғасып жатыр. Ресейліктер көзіне көрінген көліктерді атып жатқанын білеміз. Олар қаладан қауіпсіз жерге кетіп бара жатқан бейбіт тұрғындардың көлігін атқаны жайлы хабар бар" деді ол.
Бұған дейін Луганск облысы басшысы Сергей Гайдай ресейлік әскерилер қаладан шығып бара жатқан бейбіт тұрғындарды атып, төртеуі қаза болғанын, біреуі жараланғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР