19 сәуір. Алматы уақытымен 16.00-ге дейін қандай оқиғалар болды?
- Украина билігі: Соғыс басталғалы елдегі инфраструктураның 30 пайызы жойылды я зақымданды.
- БҰҰ "Украинада соғыс басталғалы 2072 адам қаза тауып, 2818 адам жараланды. Қаза болғандардың арасында 169 бала бар" деп мәлімдеді. БҰҰ Украинада опат болғандар саны бұдан да көп деп есептейді. "Атыс жалғасып жатқан аймақтарда қанша адам көз жұмғаны жайлы ақпарат кешігіп түсіп жатыр" дейді ұйым.
- Харьков облысына кеше, 18 сәуірде жасалған шабуылдан бес бейбіт тұрғын қаза болып, 17 адам жараланды. Бұл туралы облыс басшысы Олег Синегубов хабарлады.
- Луганск облысы әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай Ресей әскерінің шабуылынан 215 елдімекен жарықсыз қалды деп мәлімдеді.
- Украина қарулы күштері "Ресей соғыс басталғалы 20800 солдатынан айырылды" деп мәлімдеді. Ал Ресей кеше, 18 сәуірдегі мәліметінде "Украинаның 23 мыңнан аса солдаты өлді" деген. Украина президенті Зеленский СNN арнасына берген сұхбатында "үш мыңға дейін әскериімізден айырылдық" деп айтқан еді. Ресей қорғаныс министрлігі соңғы рет 25 наурызда қаза болғандар туралы статистика жариялап, соғыста 1351 ресейлік әскери қаза тапқанын жеткізген. Соғыс уақытында мұндай деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
Ресей мен "ДХР" күштері "Азовстальға" штурм бастады
Украинаның шығысындағы жікшіл "ДХР" күштері мен Ресей әскерилері Мариупольдегі "Азовсталь" металлургия комбинатына штурм бастағанын мәлімдеді. "Азовстальда" украиналық "Азов" батальоны жасырынып, "ДХР" және Ресей күштерімен шайқасып жатыр.
Ал Ресей қорғаныс министрлігі "Азовстальдағы" "жағдайдың қиын екенін" айтып, "Азов" батальонына 19 сәуір түске дейін қаруларын тастап, берілуді ұсынды. Ресей тарапы Мариуполь үшін шайқасып жатқан украиналық күштерге бұған дейін де осындай ультиматум қойғанымен, Украина "Мариупольде соңына дейін күресеміз" деп мәлімдеген.
Bloomberg сайты дереккөздеріне сілтеме жасап, Еуропа одағы соғыстан соң Украинаны қалпына келтіру шығынының басым бөлігін өз мойнына алады деп жазды. Дереккөз бұл үшін ЕО арнайы қор құрматынын айтқан.
Литва елде георгиев лентасы мен V және Z символдарын қолдануға тыйым салды. Тыйымды бұзғандарға 300-700 еуро айыппұл салынады.
ПІКІРЛЕР