Accessibility links

Украинадағы соғыс: 18-24 сәуір аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз:

  • Ресей зымыраны Одессадағы көп қабатты тұрғын үйге түсті. Президент Зеленскийдің айтуынша, 8 адам қаза болған, арасында үш айлық нәресте де бар.
  • Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуірде Киев метрополитенінде баспасөз жиынын өткізді. Ол Ресей бақылауға алған аумақты Украина көп ұзамай қайтарады деді.
  • 24 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Киевке барады.
  • Ресей қорғаныс министрлігі "Москва" крейсерінде адам шығыны болғанын алғаш рет мойындады.
  • Молдованың сыртқы істер министрлігі жуырда жарияланған Ресей әскерінің жоспарына алаңдаушылық білдірді. Онда Молдова да аталған еді.
  • Мариуполь маңындағы Виноградное елді мекенінен бауырластар зиратына ұқсас орын анықталды.
  • Путин БҰҰ бас хатшысымен кездеседі.

Мариуполь билігі: Бізге көп қару-жарақ керек

Мариуполь мэрінің орынбасары Сергей Орлов ВВС телеарнасының эфирінде қалада әлі 130 мың бейбіт тұрғын қалғанын, қала 50 күннен бері қоршауда тұрғанын айтты. Оның сөзінше, Мариупольге азық-түлік, су, медициналық көмек қажет. Орлов украиналық күштер қаланы бақылауда ұстау үшін көп қару-жарақ керек деп мәлімдеді.

20 сәуірге қараған түні Ресей әскері "Азовстальдегі" украин сарбаздарына берілуді ұсынды. Ұсыныс қабылданса, 20 сәуір күні атқылауды тоқтата тұратынын айтты. Украина күштері олардың бұған дейінгі осындай ұсыныстарынан бас тартып келген.

Ал бүгін Украинаның шығысындағы "ДХР" аймағының өкілдері "Азовсталь" аумағынан бес украиналық солдат қаруын тастап берілді деді. Бірақ соғыс жағдайында мұндай ақпараттарды тексеру қиын. Украина тарабы бұл мәлімдемеге жайлы әзірге ештеңе деген жоқ.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу "Украинаның келіссөз делегациясына сенбейді әрі сенім жоғалды" деді.

Ресей мен Украина арасындағы келіссөз іс жүзінде Бучадағы қырғыннан соң тоқтап қалған. Бірнеше күн бұрын Зеленский Ресей Мариупольдегі украиналық әскерилерді өлтірсе келіссөзге нүкте қойылады деген.

Донецк облысындағы ахуал қандай?

Донецк әскери әкімшілігінің өкілі Татьяна Игнатченко-Тюрина аймақтағы қазіргі ахуалды былай деп баяндайды:

  • Ресей ускерилері Авдеевка қаласын атқылап, әлеуметтік инфраструктуралардың көбін қиратты. Кеше, 19 сәуірде Краматорск қаласына ракетадан шабуыл жасалды. Очеретинская грамада аймағында да ауыр шайқас жүріп жатыр, мұндағы кіші елдімекендердің көбінде жарық жоқ. Авдеевканың жартысы жарықсыз.
  • Донецк облысының Украина билігінің бақылауындағы аумағында 370 мың адам қалды. Ресей басқыншылығына дейін мұнда 1,68 млн адам тұрған еді (жікшіл "ДХР" мен "ЛХР" есептемегенде).
  • Краматорск қаласы босап қалды. Облыс бойынша эвакуация жұмыстары жалғасып жатыр.
  • Донецк облысымен көрші облыстар арасында байланыс бар. Азық-түлік жеткізуге мүмкіндік бар. Дәрі-дәрмекпен жағдай қиын, кейбір елдімекендерде дәріханалар жұмыс істеп тұрған жоқ. Дәрілерді гуманитарлық көмек ретінде жеткізіп жатырмыз.

Қазір Ресей Донецк пен Луганск облысын алу үшін бүкіл әскери күшін осы аймаққа жіберген. 18 сәуірде Зеленский Ресей Украинаның шығысындағы басқыншылығын бастады деген.

Oryx: Соғыс басталғалы Ресей 2998 техникасынан, Украина 848 техникасынан айырылды

Oryx аналитикалық жобасының есебінше, соғыста Ресей Украинамен салыстырғанда үш есе көп әскери техникасын жоғалтқан.

Соғыс басталғалы фото-видео материалдар жинаған Oryx Ресей 2998 техникасынан айырылды дейді: 1558 техника жойылған, 46 бүлінген, 244 тастап кеткен, 1120 техниканы Украина тарабы алған.

Ал Украина 848 техникасынан айырылған: 389 жойылған, 22 бүлінген, 36 тастап кеткен, 401 техниканы ресейліктер алған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG