Түркия Сирияға баратын ресейлік ұшақтарға әуе кеңістігін жапты
Түркия Сирияға баратын ресейлік әскери және азаматтық ұшақтарға әуе кеңістігін жапты. Бұл жөнінде сенбі күні Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглы хабарлады.
Сирияда Ресей әскери контингенті, соғыс ұшақтары да бар.
Түркия сыртқы істер министрінің сөзіне қарағанда, әуе кеңістігінен өтуге рұқсат үш айға берілген, оның мерзімі сәуір айында аяқталған. Министр келісім мерзімін ұзартпау себебін түсіндірген жоқ, алайда қазір Босфор бұғазы арқылы соғыс кемелерінің өтуіне де тыйым барын еске салды. Түркия бұған дейін мұндай қадамын Украинадағы соғыспен байланыстырған.
Ресейге түрік әуе кеңістігі арқылы Сирияға ұшу өте ыңғайлы. Енді Мәскеуге Иран мен Ирак әуе кеңістігін пайдалануына тура келеді.
Чавушоглыдың айтуынша, Түркия Ресей-Украина қақтығысында араағайын болуға күш салып жатыр. Министрдің сөзіне қарағанда, шағын жұмыс топтары арасында келіссөз де жүріп жатыр, сонымен бірге Украина мен Ресей президенттерінің кездесуін Түркияда өткізу туралы алдын ала келісім де бар.
Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуірде Киев метрополитенінде болған баспасөз жиынында не айтты? Негізгі тезистер:
- Одессадағы тұрғын үйге түскен зымыран жөнінде Зеленский "Сілімтіктер, басқа сөзбен жеткізу мүмкін емес" деді. Зымыран соққысының салдарынан сегіз адам қаза болған, арасында үш айлық нәресте де бар.
- Мариупольдегі адамдарымызды қырса немесе Украина аумағында референдум өткізсе, Украина барлық келіссөздерден бас тартады.
- Соғысты тоқтату үшін Путинмен кездесуге дайынмын. Келіссөздегі маңызды мәселелер: қауіпсіздікке кепілдік, бейтараптық, Донбасс және Қырым.
- Шетелдің Украинаға қару-жарақ беріп жатқанына Ресейдің көзқарасы маңызсыз. Ресейдің өзі бізге біраз техникасын "берді". Әріптестеріміз уәде еткен қару-жарақты алмау мәселесін қарастырмаймыз. Онсыз еліміз жоқ болады.
- Украина Мариупольді әскери жолмен азат етуге дайын емес. "Азовстальдағы" украин әскері мұны түсініп отыр. Шынайы жағдай осы.
- Ресей бақылауға алған аймақтың бәрін қайтарамыз. Бұл 10-20 жылдың мәселесі емес. Қару-жарағымыз жеткілікті болса, бірден жерімізді қайтара бастаймыз.
- Поляк тілшісінің Польшаға кету туралы ұсынысына Зеленский "Украинадан кетуге құқығым жоқ. Кеткім де келмейді" деді.
- Украинадан кеткен ер адамдар туралы "Кейбір ер адамдар ер болмай шықты" деді
- Адамдарды, оның ішінде балаларды өлтіруге бұйрық бергендердің (арасында Путин де бар) трибунал алдында жауап беретініне сенімдімін.
Одесса мэриясы зымыран түскен тұрғын үйдің суретін жариялады
Әзірге толық емес мәлімет бойынша, 8 адам қаза болған, 86 адам эвакуацияланған.
Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі хабарлама таратып, Одессадағы "логистикалық терминалды жойғанын" мәлімдеген. Ведомствоның айтуынша, онда "АҚШ пен Еуропа елдерінен келген қару-жарақтар" жасырылған-мыс.
Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Каспий акваториясынан кемінде төрт зымыран ұшырылып, екеуі атып түсірілген.
Луганск облысы әскери әкімшілігі соңғы тәулікте өңірде 8 адам қаза болғанын, екі адам жараланғанын айтты.
"Ресейліктер 23 сәуірде Луганскідегі бейбіт нысандарды 12 рет атқылады. Атап айтқанда, Горное, Золотое, Лисичанск, Северодонецк зардап шекті" деді Гайдай.
Атқылаудың салдарынан жеті тұрғын үй мен полиция бөлімшесі бүлінген.
Соғыс жағдайында соғысып жатқан тараптардың мәлімдемесін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
ПІКІРЛЕР