Болгария Украинадағы соғысқа байланысты Ресей газынан бас тартады
Бұл жөнінде вице-премьер Асен Василев хабарлады. Болгария мен "Газпром" арасында қазіргі келісім-шарттың мерзімі 2022 жылдың соңында бітеді. Келісімді ұзарту бойынша келіссөз болмайды.
"Бауырлас екі славян халқы арасындағы соғыста бірі шабуылға ұшырап, бірі оған шабуыл жасады" деді Васильев.
Санкт-Петербург полициясы Ресейде соғысқа қарсы акция өткізген кемінде бес адамды ұстады. Бұл жөнінде "ОВД-Инфо" сайты хабарлады. Олар полиция бөлімшесіне жеткізілген.
Ұсталғандардың бірі Виктория Табачкованың үстінен 13 наурыз күнгі акция үшін хаттама толтырылған. Полиция оны "наразылық өткізу тәртібін бұзды" деп айыптаған.
19 наурызда полицияның бірқатар тәуелсіз басылым тілшілерін іздестіріп жатқаны хабарланды.
Роскомнадзор Google корпорациясынан "цензура жасамауды" талап етті
Роскомнадзор ресейлік БАҚ пен қоғам қайраткерлерінің YouTube арналарына байланысты 50 шақты "цензура" тіркегенін хабарлады.
Мекеме YouTube иесі Google корпорациясын "шектеуді дереу доғарып, ресейлік қолданушылардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге" шақырды.
"Роскомнадзор барлық факт бойынша дискриминацияны тоқтатуды талап етті. 18 наурыздағы жағдай бойынша, Google LLC компаниясы бұл талаптарды орындамады" деп жазылған сенбі күні Роскомнадзор таратқан хабарламада.
Бір күн бұрын ведомство Google корпорациясынан "қысқа уақыт ішінде" Ресей азаматтарына бағытталған "қоқан-лоқы" контентін тыйып, "Ресейге қарсы роликтерді" таратпауды талап еткен. Мекеме видеохостинг әкімшілігі әрекетінің "террористік сипаты" барын да айтқан.
РИА "Новости" агенттігінің дереккөзі Ресейде YouТube келесі аптаның соңына дейін бұғатталуы мүмкін екенін хабарлады.
Бір апта бұрын YouTube видеосервисі Ресей мемлекеттік арналарының парақшасын жауып, Украинадағы соғыс туралы видеоматериалдарын жоятынын хабарлаған. Компанияның түсіндіруінше, Ресейдің мемлекеттік арналары таратқан хабарлар соғыстан ақпарат тарату жайлы компания ережелеріне қайшы.
Ресей әскері Запорожья маңындағы елді мекендерге зымыранмен екі соққы берді, соның салдарынан 9 адам қаза тауып, 17 адам жараланды. Бұл жөнінде Запорожье облысы әскери әкімшілігінің баспасөз хатшысы Иван Арефьев хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, оқиға кезінде Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызмет өкілі де қаза болған.
ПІКІРЛЕР