14 наурызға дейінгі негізгі оқиғаларды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:
- Украина ақпарат құралдары жексенбіге қараған түні көптеген облыстарда дабыл қағылғанын жазды.
- Львов облысының тұрғындары жарылыс болғанын хабарлады.
- Польшаға шамамен 10 шақырым жердегі Яворов әскери полигоны зымыранмен атқыланды. Кемінде 35 адам қаза болған, 134 адам жараланған.
- Ивано-Франковска әуежайына соққы жасалғаны хабарланды.
- Киев әкімшілігінің хабарлауынша, Ресей әскері қаланың солтүстік-батысындағы психикалық-неврологиялық интернатты атқылаған. Мекеме қызметкерлері мен интернат қамқорлығында болған адамдар шабуылға дейін басқа жаққа көшірілген.
- Киев түбінде Америка тілшісі оққа ұшты. Тағы бір журналист жараланды.
- Ресейде соғысқа қарсы акциялар өтті. Хабаровск, Омбы, Иркутск, Владивосток, Екатеринбург қалаларында ұстаулар болған. Кемінде 600 адам ұсталған.
- Киев Ресей 2014 жылғы "сценариймен" Херсонда тәуелсіздік бойынша "референдум" өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
- Qazaq Air әуе компаниясы 13 наурыздан бастап Ресейге қайта ұша бастайтынын хабарлады.
- Ресейдің Украинаға басып кіруі Африкада азық-түліктің қымбаттауына әсер етті.
- Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің барысын баяндады.
- Ресей Украина аумағында химиялық қару қолданатын операция жоспарлауы мүмкін. Немістің Welt am Sonntag басылымына берген сұхбатында НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді.
- Украина Ресей әскері Киевке штурм жасауға дайындық жасап жатыр деп қауіптенеді. Бұған дейін британ барлау басқармасы Ресей әскерінің негізгі бөлігі Киевтен 25 шақырым жерде тұр деп мәлімдеген.
- Украина президенті Владимир Зеленский соғыста 1300 украин жауынгері қаза болғанын айтты.
Ресей азаматтық ұшақтары тәулік бойы жарамдылық сертификатынсыз ұшып жүр
Ресейдегі 1000 авиалайнердің 700-і Бермуд аралдарында тіркелген. Сенбі, 12 наурыз күні Бермуд аралдарының авиация билігі ол ұшақтардың ахуалына көз жеткізу қиын деп, олардың жарамдылық сертификатын қайтарып алған. Халықаралық заң бойынша да, Ресей заңы бойынша да, мұндай сертификаты жоқ азаматтық ұшаққа әуеге көтерілуге тыйым салынған. Бірақ жексенбі, 13 наурыз күні Ресей әуе компаниялары рейстерін тоқтатқан жоқ. Ресей авиация билігі 14 наурыз күні шұғыл шешім қабылдап, ұшақтардың әуеге көтерілуіне рұқсат беру жолын қарастырмақ.
Сонымен қатар шетелде тіркелген авиалайнерді Ресейге тіркеу жұмыстары да басталған. Бірақ Коммерсант газетінің жазуынша, бұл жұмыстар баяу жүріп жатыр.
Finacial Times, New York Times және Washington Post басылымдары биліктегі дереккөзіне сілтей отырып, Ресейдің Қытайдан әскери және экономикалық көмек сұрағанын хабарлады.
The New York Times дереккөзінің сөзінше, Ресей Қытайдан әскери техника мен Украинадағы соғысына қолдау сұраған. Сондай-ақ санкция салдарымен күресте қолғабыс етуді өтінген.
Бұл ақпарат ресми түрде расталмады. Қытайдың Вашингтондағы елшілігі Ресейдің өтінішінен бейхабар екенін мәлімдеді.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан CNN телеарнасының эфирінде Қытай Ресейге әскери көмек берсе, АҚШ «қарап тұрмайды» деді. Қытай үшін мұндай қадамның салдары ауыр болатынын айтты.
Киевтің солтүстігіндегі Оболонь ауданында тұрғын үйге артиллерия снаряды түсті
Әзірге белгілі ақпарат бойынша, снаряд таңғы сағат 5 шамасында Богатырь көшесіндегі он қабатты үйге түскен. 1-3 қабат бүлінген, 3-4 қабаттар өртке оранған.
ПІКІРЛЕР