Accessibility links

Украина премьер-министрі отставкаға кетті


Николай Азаров Украинаның премьер-министрі кезінде парламентте тұр.Киев, 3 желтоқсан 2013 жыл.
Николай Азаров Украинаның премьер-министрі кезінде парламентте тұр.Киев, 3 желтоқсан 2013 жыл.

Украинадағы шерушілердің билікке қарсы бірнеше аптаға созылған наразылығынан соң премьер-министр Николай Азаров қызметінен бас тартты.

Украина президенті Виктор Янукович премьер-министр Николай Азаровтың отставкаға кету туралы өтінішін қабылдады. Бұл туралы қаулы ел президентінің ресми сайтында жарияланды.

Ел конституциясы бойынша енді үкімет те тарауы керек. Бірақ Янукович министрлер кабинетіне жаңа үкімет құрылғанша жұмыс істей беруді тапсырды. Жаңа үкімет 60 күннің ішінде жасақталуы тиіс.

Николай Азаров 28 қаңтарда, Жоғарғы Раданың елдегі саяси жағдайға қатысты арнайы отырысы басталар сәтте "Қоғамдық-саяси ымыраға жол ашу және қақтығыстың бейбіт түрде реттелуіне қосымша мүмкіндіктер жасау үшін" президент Виктор Януковичтен отставкаға жіберуін сұраған еді.

Азаров алғаш 2010 жылы наурызда премьерлікке тағайындалған. 2012 жылы 3 желтоқсанда жаңа парламент сайланып, Азаров үкіметі отставкаға кеткен. Бірақ 2012 жылы 9 желтоқсанда Украина президенті Виктор Янукович Жоғарғы Радаға Азаров премьер-министр болсын деген ұсыныс айтып, парламент оның кандидатурасын мақұлдаған.

БИЛІК ПЕН ОППОЗИЦИЯ КЕЛІССӨЗІ

Бұған дейін, 27 қаңтарда Украина пезиденті Виктор Янукович оппозицияның үш жетекшісімен - Виталий Кличко, Арсений Яценюк және Олег Тягнибокпен жүргізген келіссөздерінде 16 қаңтарда парламент қабылдаған, елде жаппай қарсылық шараларының туындауына себеп болған бейбіт жиын өткізуді шектейтін заңдарды жоюға келіскен еді.

Бірақ келіссөздерге қатысқан әділет министрі Елена Лукаш телеарнадан сөйлеген сөзінде заңнамалар парламенттің бүгінгі отырысында талқыланып, оны жою мәселесі дауысқа салынатынын айтқан.

Әділет министрі бұған қоса парламент депутаттары "үкіметтің жауапкершілігі" мәселесін де қарайтынын айтып, үкіметте ауыс-түйіс болуы мүмкін екенін меңзеген. Елена Лукаштың айтуынша, оппозиция жетекшілерінің бірі Арсений Яценюк кешегі кездесуде Янукович ұсынған премьер-министр қызметінен бас тартқан. Бірақ Лукаш оппозиция қойып отырған басты талап - президенттің отставкаға кетіп, елде жаңа сайлаулар өткізу мәселесіне қатысты ештеңе айтпады.

Кездесуде Янукович шерушілер басып алған үкімет үйлерін босатып, Тәуелсіздік алаңында шатыр тігіп тәулік бойы жүргізіп жатқан акцияларын тоқтатса, акцияларда ұсталғандарға рақымшылық жасауды ұсынған. Бұған оппозицияның келісім бергені я бас тартқаны белгісіз.

Билікке Киевтегі наразылыққа қатысушы радикалды топтардың бірі де өзінің жеке талап-тілегін қойған.

Киевтегі соңғы апталардағы билікке қарсылық акцияларының басында жүрген радикалды топтар қақтығыстарда шерушілердің қаза тауып, жәбір көргеніне жауапты лауазымды тұлғалар жазалансын деп талап етеді.

Бұған дейін Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон украин билігі демонстрацияны басу үшін елде төтенше жағдай енгізуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты алаңдайтынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, биліктің мұндай әрекеті елдегі жағдайдың одан ары ушығуына әкеп соқтырады. Эштон бұған қоса оппозиция жетекшілерін "зорлық-зомбылыққа жүгінетін адамдардан алыс жүруге" шақырады.

АҚШ вице-президенті Джо Байден де Украина президенті Виктор Януковичті Киев көшелерінен милицияның арнайы жасақтарын шығаруға және оппозициямен бірлесіп саяси дағдарысты реттеуге шақырды.

Януковичпен телефон арқылы сөйлескен Байден бұған қоса Украин билігін бүгін өтетін Жоғарғы Раданың отырысында "демократияға қарсы заңдарды" жоюға да шақырды. Байден билік пен оппозицияның келіссөздеріне қолдау білдіріп, "елде төтенше жағдай тәртібін енгізу немесе қауіпсіздік шараларын қатаңдату жағдайды ушықтыра түсіп, оны бейбіт реттеуге кедергі келтіреді" деп ескертті.

Украинадағы билікке қарсылық акциялары Янукович өткен жылы қараша айында Еуропа одағымен ассоциация келісіміне қол қоюдан бас тартқан соң басталған еді. "Еуромайдан" деген атқа ие болған акциялар қаңтардың ортасында парламент бейбіт жиын өткізуді шектейтін заңды мақұлдап, оған Янукович қол қойған соң тіпті күшейген.

Шерушілер мен милицияның бірнеше күнге созылған қақтығыстарында үш шеруші қаза тауып, жүздеген адам зардап шеккен.

Human Rights Watch ұйымы өткен аптада Украина үкіметін шерушілер өлімі мен милициядан азап көргендер оқиғаларын тексеруге шақырды.
XS
SM
MD
LG