Accessibility links

"Атылатындар тізіміне" журналистердің шүбәсі бар


Ресейлік журналист Аркадий Бабченко. Киев, 31 мамыр 2018 жыл.
Ресейлік журналист Аркадий Бабченко. Киев, 31 мамыр 2018 жыл.

Украина басшылығы ресейлік журналист Аркадий Бабченконы "қастандықтан аман алып қалу" үшін ұйымдастырылған операция кезінде "атылатын адамдар тізімін" тапқанын жариялады. Алайда, журналисті "өлтіру" операциясы тәрізді бұл тізім де жалған болар деп күмәнданатындар да бар.

Журналист Аркадий Бабченконы "өлтіру" операциясынан соң жария болған "Ресей өлтіретін адамдар тізіміне" іліккен кей журналистер ол тізімнің растығына күмән келтірді.

Украина басшылығы "Ресей жоспарлаған нағыз қастандықтың алдын алу үшін ұйымдастырдық" деген журналист Бабченконы тапсырыспен өлтіру "қойылымы" әлі талқыланып жатыр.

Оқи отырыңыз: Ресейлік журналист Бабченко тірі

Бұлыңғыр "қойылымның" жай-жапсары айқындалған жоқ, керісінше, одан сайын қоюлана түсті. Украина билігі елдің қарулы күштерін қару-жарақпен қамтамасыз ететін украиналық қару шығару мекемесінің директоры Борис Германды қастандықты ұйымдастырушы болуы ықтимал деген күдікпен қамады. Украина қауіпсіздік қызметі Германға бұрынғы монах, Шығыс Украинада ерікті ретінде ресейшіл сепаратистерге қарсы соғысқа қатысқан оңшыл белсенді Алексей Цымбалюкті "журналисті атып өлтіруге жалдаған" деген айып таққан.

Борис Герман сот залында отыр. Киев, 31 мамыр 2018 жыл.
Борис Герман сот залында отыр. Киев, 31 мамыр 2018 жыл.

Бұлардың екеуі де Украинаның барлау қызметіне жұмыс істейтіндерін айтып ақталған. Ресми Киев басында олардың сөзін жоққа шығарғанымен, кейіннен Цымбалюктің оларға жұмыс істегенін ішінара мойындады. Цымбалюк барлаушыларға қызмет етіп келген. Мамырдың 31-і күні Киев соты қару шығаратын "Шмайсер" украин-неміс бірлескен кәсіпорны директоры Борис Германды тұтқындау туралы шешім шығарды.

Маусымның 4-і күні бұл іс жаңа бір тосын жайтпен толықты. Оппозициялық мазмұндағы Strana.ua ақпараттық сайты Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) Бабченкоға қатысты операция кезінде тапты деген "өлтірілуге тиіс 47 адамның" тізімін жариялап жіберді. Тізімде негізінен журналистер мен саяси белсенділер бар.


СБУ-дің мәлімдеуінше, Ресей осы 47 адамға қастандық жасауды көздеген. Әу баста олар тізімде 30 кісі бар деген еді. Украина Бас прокуроры Юрий Луценко өткен аптада "атылатындар тізіміндегі" 47 адамның барлығы құлақтандырылып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар қолға алынғанын хабарлады.

Осы материал жарияланғанға дейін Кремль "атылатындар тізімі" туралы пікір білдірген жоқ. Дегенмен, олар Бабченконы өлтіруге тапсырыс берді деген Украинаның айыбын жоққа шығарды.

"ТІЗІМ КӨЗ АЛДЫМЫЗДА ҰЛҒАЙЫП БАРАДЫ"

Қысқа мерзімнің ішінде сан түрлі сипатталған "атылатындар тізімі" көпшілікті мазасыздандырды әрі таңқалдырды, оның растығына журналистердің біразы күмән келтірді.

Тәуелсіз Hromadske TV телеарнасы Slidstvo.info журналистік зерттеу тобының "атылатындар тізіміне" енбеген тілшісі Дмитрий Гнап бұл ақпараттың растығына күмән келтірді. Facebook әлеуметтік желісінде жазған постында ол "Тізім қалайша көз алдымызда ұлғайып барады?" деп кекесінмен сауал тастады.

Украина президенті Петр Порошенко (оң жақтан екінші) журналист Аркадий Бабченконы (оң жақта), СБУ басшысы Василий Грицакты (сол жақта) және Бас прокурор Юрий Луценконы қабылдап отыр. Киев, 30 мамыр 2018 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко (оң жақтан екінші) журналист Аркадий Бабченконы (оң жақта), СБУ басшысы Василий Грицакты (сол жақта) және Бас прокурор Юрий Луценконы қабылдап отыр. Киев, 30 мамыр 2018 жыл.

Әлгі тізімнің бар екеніне шүбә келтіргендер оған енгізілгендердің арасында Украина өкіметін сынайтындар тым көп деп есептейді. "Украинская правда" тәуелсіз ақпараттық сайтының журналисі Алексей Братущак "Бұл сайлау қарсаңында биліктің барлық қозғалыстар мен жиындарды бақылауға тырысу әрекетінен хабар бермей ме?" деген күдігін білдірді.

Маусымның 4-інде тізімге енген үш журналист Азат Еуропа / Азаттық радиосының тілшілерімен әңгімесінде "атылатындар тізімінің" растығына күмәндануға негіз болған себептерді айтып берді. (Өздерінің қауіпсіздігіне алаңдағандықтан әрі Украина қауіпсіздік қызметіне ақпаратты жарияламау жөнінде қолхат бергендіктен, олар өз аты-жөндерін жарияламауды сұрады).

Strana.ua сайтында жарияланған тізім мен СБУ көрсеткен тізімнің бір-біріне ұқсастығын айтқан олар тізімдердің реті, адам аттарының жазылуы бойынша аздаған айырмашылықтардың бар екенін де мойындады. Олардың барлығы тізімде Бабченконың аты жоқ екенін айтты.

Үшеуіне де мемлекеттік күзет ұсынылған, бірақ олар Украина басшылығының өздерін қорғайтынына сенбегендіктен және өздері туралы мәлімет жинайды деп қауіптенгендіктен мұндай күзеттен бас тартқан.

Сұхбаттасқан журналистердің бірі өзін Украина қауіпсіздік қызметі тергегенін айтты. Оған СБУ қойған сауалдардың арасында "Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына қалай қарайсыз?" деген де сұрақ болған.

"УКРАИНАНЫ САТҚАНДАР"

Украинадағы журналистер үнемі қудалау мен кемсітуден, аңду мен ұрып-соғудан жапа шегіп келеді. Бұл шабуылдардың кейбіріне биліктің қатысы бар.

Мамырдың 30-ында Украина Бас прокуроры Юрий Луценконың баспасөз хатшысы Лариса Сарган Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Украинаны "сатқан" адамдардың тізімін жариялады, олардың арасында "Америка дауысы" радиосы Украин қызметінің басшысы, қастандықпен өлтірілген журналист Георгий Гонгадзенің жесірі Мирослава Гонгадзе мен Украина журналистері ұлттық одағының төрағасы Сергей Томиленко де бар.

Сарган қауіпсіздік органдарының Бабченконы "өлтіру" операциясын сынаған бұл журналистерді "Украинаны сатты" деп айыптады. Халықаралық ұйымдар Бас прокуратура өкілінің бұл әрекетін сынға алды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Арлем Дезир Сарганның сөзін сынады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Арлем Дезир баспасөз мәслихаты кезінде. Киев, 20 мамыр 2018 жыл.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Арлем Дезир баспасөз мәслихаты кезінде. Киев, 20 мамыр 2018 жыл.

"Тізім жариялап, ол тізімге журналистерді қосу, олардың "сатқын" деп айыптау – ақылға сыймайтын, қауіпті әрекет. Бұл журналистердің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіруі мүмкін. Украинадағы қазіргі қиын да құбылмалы жағдайды ескере отырып, билік бұл іске араласып, әсіресе мемлекеттік қызметкерлер жүзеге асыратын мұндай әрекеттерді доғаруды сұраймын", – деді Дезир Украина басшылығына жазған хатында.

"ҮНЕМІ САҚТАНЫП ЖҮРУГЕ ДАҒДЫЛАНҒАМ"

Ресейлік ардагер журналист, президент Петр Порошенконы қолдайтын Pryamiy TV жобасының жүргізушісі Евгений Киселев – "атылатындар тізіміне" енгеніне қатысты ашық пікір білдірген санаулы адамның бірі. Азат Еуропа / Азаттық радиосына берген сұхбатында бұл тізімнің растығына сенетінін, өзінің бұл тізімге енгеніне таңқалмайтынын және бұдан қорықпайтынын айтты.

Украинада тұратын ресейлік журналист Евгений Киселев. Киев, 4 маусым 2018 жыл.
Украинада тұратын ресейлік журналист Евгений Киселев. Киев, 4 маусым 2018 жыл.

2008 жылы Ресейдің медиа кеңістігінен қуылған соң Украинаға көшіп кеткен Киселев пен оның Pryamiy TV жобасындағы әріптесі Матвей Ганапольский – билік өкілдері "атылатындар" санын 30-дан 47-ге көбейткеннен кейін тізімге енген алғашқы екі журналист.

Ресейлік Ганапольский Мәскеу Қырымды аннексиялаған 2014 жылы Украинаға қоныс аударып, кейін президент Порошенко оған Украина азаматтығын берген. Екеуіне де қауіпсіздік күштері тізімге іліккендері туралы хабар беріп, мемлекеттік күзет ұсынған.

"Үнемі артыма қарайлап жүруге дағдыланғанмын. Осындай "атылатындар тізіміне" енетінімді білгенмін", – дейді Киселев.

(Кристофер Миллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG