Accessibility links

Трамп Ресей мен Қытайды "АҚШ-тың бәсекелесі" деп атады


АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресте сөйлеп тұр. Вашингтон, 30 қаңтар 2018 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресте сөйлеп тұр. Вашингтон, 30 қаңтар 2018 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгрестегі алғашқы жолдауында Қытай мен Ресейді "бәсекелестер" деп атап, елдің ядролық әлеуетін нығайтуға, сонымен бірге Иран мен әлемдік державалар арасында жасалған ядролық келісімнің "іргелі кемшіліктерін" жоюға шақырды.

ӘСКЕРИ ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРУ

АҚШ президенті Дональд Трамп қызметіне кіріскелі бері алғаш рет Конгресте жариялаған жолдауында "теңдесі жоқ" әскери күш ел қауіпсіздігінің кепілі болады деп мәлімдеп, Американың ядролық қаруын "жетілдіруге және қалпына келтіруге" шақырды.

"Бүкіл әлемде біз АҚШ-тың мүддесіне, экономикасы мен құндылықтарына қатер төндіретін аластатылған режимдерге, террорлық топтарға және Қытай мен Ресей сынды бәсекелестерге кезігіп отырмыз", - деген Трамп.

Қаңтардың 30-ы күні Ақ үй басшысы "Елдегі жағдай туралы" атты жолдауын Капитолийде Сенат пен Өкілдер палатасы мүшелері және көптеген қонақтардың алдында жариялады.

"Бұл қауіп-қатерлерге қарсы тұрғанымызда әлсіздік – жанжалға апарар тіке жол екенін, ал теңдессіз күш – қорғанысымыздың ең сенімді құралы екенін білеміз", - деген ол.

АҚШ президенті Дональд Трамптың жолдауы (орыс тілінде)

Өз сөзінде Трамп "қорғаныс бюджетін қысқартудың қауіпті практикасын" жою қажет деп мәлімдеп, Конгрестен қарулы күштерді толық көлемде қаржыландыруды сұрайтынын жеткізген.

Бақылаушылар Трамптың баяндамасының осы жерінде ғана Ресейді сөзіне қосып айтып, Украинадағы жанжал, НАТО және Еуропадағы қауіпсіздік мәселелеріне қатысты тұстарында Ресейді атамағанына назар аударды.

ИРАНМЕН ЯДРОЛЫҚ КЕЛІСІМДІ ҚАЙТА ҚАРАУ

АҚШ президенті Дональд Трамп Конгрестегі сөзінде жақында Иранда биліктегі исламшыл клерикалдарға қарсы өткен ​наразылық шерулерін де айтқан.

"Иран халқы жемқорлыққа батқан диктатураның қылмысына қарсы көтерілген кезде мен үнсіз қалмадым. Америка Иран халқының азаттығы үшін ерлікпен жүргізіп жатқан күресінде онымен бірге", - деп мәлімдеген Трамп.

Ақ үй басшысы Конгресті Тегеран мен әлемнің алты державасы арасында 2015 жылы жасалған Иранның ядролық бағдарламасы туралы келісім шарттарында "жіберілген іргелі кемшіліктерді жоюға бағытталған" акт қабылдауға шақырған. Аталған келісім бойынша Тегеран ядролық бағдарламасынан бас тартып, оның есесіне халықаралық қауымдастық Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алуға уағдаласқан болатын. Трамп пен республикалық партияның көптеген өкілдері экс-президент Барак Обама әкімшілігі кезінде жасалған бұл келісімді үнемі сынайды.

Өз жолдауында Трамп ел қорғанысы үшін "ядролық қаруды қолданар сәт тумас деген үмітпен, бірақ оны кез-келген агрессиялық актіні тежей алатындай қуатты да күшті етіп жетілдіру және қалпына келтіру" қажеттігі туралы айтқан.

"Мүмкін, болашақта әйтеуір бір кезде күллі әлем елдері өзіндегі ядролық қару-жарақты жою үшін бірігетін ғажайып күн келер. Өкінішке қарай, әзірге біз ол күнге жеткен жоқпыз", - деген ол.

Трамп ядролық және зымыран сынақтарын жүргізіп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бірнеше рет бұзған Солтүстік Кореядағы "қатыгез диктатураны" аяусыз сынаған.

"Солтүстік Кореяның ядролық зымыранға ие болуға ұмтылған ессіз қылығы өте жақын арада Отанымызға қауіп төндіруі мүмкін. Біз бұған жол бермес үшін барынша қысым жасап жатырмыз", - деген Трамп.

Ол өзіне дейін Ақ үйді басқарған әкімшілікті де сөзбен түйреп өткен.

"Өткен тәжірибеміз кеңпейілділік пен жалпақшешейлік агрессия мен арандатушылыққа тек септесетіндігіне бізге сабақ болды. Біздің қазіргідей қауіпті жағдайда қалуымызға себеп болған бұрынғы әкімшіліктердің қателіктерін қайталамаспын", - деп мәлімдеген Трамп.

Алайда ол Пхеньяндағы режимге қатысты жоспарының егжей-тегжейіне тоқталмады.​

"ТЕРРОРШЫЛАРМЕН КҮРЕС ЖАЛҒАСАДЫ"

Бұған қоса Трамп өткен жылы АҚШ одақтастарымен бірлесіп "Ислам мемлекеті" экстремистік тобын "жер бетінен жою үшін жұмыс істейтін болады" деп уәде бергенін сөзін жұрттың есіне салды.

"Арада жыл өткенде "Ислам мемлекетімен" күрес жөніндегі коалиция бір кездері Ирак пен Сирияда бұл кісі өлтіргіштер басып алған территорияның жүз пайызға жуығын азат еткені туралы мақтанышпен айта аламын. Алайда алда бұдан да үлкен жұмыстар бар. Біз "Ислам мемлекеті" күйрегенше күресті жалғастыра береміз", - деген ол.

Трамп бейбіт тұрғындарға арналған ауруханаларға бомба қоятындарды "зұлымдықтың нақ өзі" деп атады.

"Мүмкіндік болған күні біз олардың көзін жоямыз. Қажет болғанда біз оларды ұстап, жауап алатын жағдайда болуымыз қажет. Алайда біз мынаны айқын мәлімдеуге тиіспіз: олар жай ғана қылмыскер емес. Бұлар дұшпанның заңсыз комбатанттары. Шетелде қолға түсірген жағдайда оларға шынайы терроршы ретінде қарау керек", - деген Трамп.

Ол өзіне дейінгі Ақ үй әкімшілігі қамаудан босатқан жүздеген қауіпті терроршы қайтадан қару ұстап, майданға шыққанын, олардың арасында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының басшысы әл-Бағдади тәрізді аса қауіпті қылмыскерлердің болғанын айтып, "ақымақтық жасаған" ескі билікті сынға алған. Әл-Бағдадиді АҚШ әскерилері Иракта қолға түсіріп, Бағдадтың іргесіндегі түрмеде қамауда ұстаған. Бірақ 2004 жылы америкалықтар оны Ирак билік орындарына берген, кейін әл-Бағдади бостандыққа шыққан.

Бұл орайда Трамп АҚШ қорғаныс министріне жаңа тапсырма бергені туралы мәлімдеді.

"Сондықтан мен бүгін басқа уәдені орындаймын. Өзім қол қойған жарлықта министр Мэттиске әскери тұтқындарға қатысты саясатымызды қайта қарауды және Гуантанамодағы қамау мекемесін ашық қалдыру туралы тапсырма бердім", - деді ол.

Трампқа дейін АҚШ президенті қызметін қатарынан екі мерзім атқарған Барак Обама Конгресте қарсылыққа кезіккендіктен, сайлауға дейінгі кампаниялары кезінде Гуантанамодағы түрмені жабу туралы берген уәдесін орындай алмаған болатын.

Кубадағы Гуантанамо түрмесі 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа қарсы жасалған террорлық шабуылдардан кейін АҚШ-тың сол кездегі президенті кіші Джордж Буштың пәрменімен ашылған. 2003 жылы ол түрмеде терроризм қылмысына қатысты күдікпен ұсталған 680-ге жуық тұтқын қамауда болған. Кейін президент Буштың кезінде 500-ден астам адам, Барак Обама билікте болған сегіз жылда ол түрмеден 197 адам босатылған. Қазір Гуантанамо түрмесінде 41 тұтқын бар.

Бір жылдан сәл астам уақыт бұрын Ақ үйде билікке келгелі бері Дональд Трамп алғаш рет Конгресте жолдауын жариялады. Осы кезең ішінде оның әкімшілігі мен одақтастары салық реформасын жүзеге асырды, АҚШ экономикасында өсім байқалып отыр, жұмыссыздық деңгейі азайды, қор нарығында өсім бар. Бұған қоса Трамп президент болғалы бері жоғары лауазымды шенеуніктердің қызметтен босатылуы, ведомствоаралық жанжал мен дау-дамай да әдеттен тыс өрбіді. АҚШ Конгресі Трамптың сайлауалды штабы мен ресейлік ресми тұлғалардың арасында мәміле болуы мүмкін деген күдікке қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Трамптың төрт көмекшісіне заң бұзғаны үшін айыптар тағылды, олардың арасында федералдық тергеу бюросына жалған мәлімет берген деген айып та бар. Айып тағылғандардың бірі – Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Майкл Флинн. Трамптың ел тұрғындары арасындағы рейтингі, оның биліктегі алғашқы жылымен салыстырғанда ең төмен деңгейге түскен.

XS
SM
MD
LG