Accessibility links

Жаңа әлемде АҚШ қандай рөл атқарады?


НАТО саммиті кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада) Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) және Германия канцлері Ангела Меркельдің алдынан өтіп барады. Брюссель, 25 мамыр 2017 жыл.
НАТО саммиті кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада) Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) және Германия канцлері Ангела Меркельдің алдынан өтіп барады. Брюссель, 25 мамыр 2017 жыл.

АҚШ-тың халықаралық істерде "теңдессіз күш" саналған дәурені өтіп барады. Геосаяси ландшафт барған сайын өзгеріп келеді. Трамп әкімшілігі қатерлі өтпелі кезеңде жол таба ала ма?

"ӨЗ ТАҒДЫРЫҢА ӨЗІҢ ЖЕТЕКШІ БОЛУ"

Германия канцлері Ангела Меркель 2017 жылғы мамырда әңгіме үстінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуропаға алғашқы сапарынан соң "АҚШ-қа иек артатын кезең артта қалғанын, енді Еуропа өз тағдырына өзі жетекші болу керектігіне" көзі жеткені туралы айтқан еді.

Өткен жылы қаңтарда Трамп АҚШ президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейін газеттерде түрлі байбалам тақырыптар көбейді. Бір ғана қараша айында Politico порталында "Неміс армиясын зерттеу: ең нашар ықтимал сценарий – Еуроодақтың құлауы" деген мақала жарық көрсе, "Вашингтон пост" басылымында Швецияның бұрынғы премьер-министрі Карл Бильдтың "Дональд Трамп Таяу Шығыстағы жағдайды қалай ушықтырып жатыр" атты мақаласын, сонымен бірге азиялық геосаясат бойынша сарапшы Ричард Джавад Хейдарианның "Алып державаның өз-өзіне қол салуы" деген редакциялық материалын жариялады.

"Президент Дональд Трамптың Азияға жасаған алғашқы ресми сапары АҚШ-тың осы аймақтағы көп жылдарға жалғасқан гегемониясы сарқыла бастағанын еш аяусыз көрсетті, - деп жазады Хейдариан. - Сюрреалистік романдағы тәрізді қазір дипломатиядаға жаһандану мен плюрализмді [қытайлық] коммунистік режим күзетіп тұр".

PAX AMERICANA

1945 жылы пайда болған әлемдік тәртіп және қырғи қабақ соғыстан кейін АҚШ үстемдігі орнаған ахуал қазір жылдам өзгере бастағанын сарапшылар бірауыздан айтады. Тіпті Трамп пен өздерін "сырттан келген адамдар" санайтын оның әкімшілігіндегілер бұл өзгерістерді бастамаса да, онымен санасуға мәжбүр болмақ.

"НАТО, азиялық үлкен одақтар, Таяу Шығыстағы ірі серіктестіктер біртұтас құрылымға енді; бұл адамзат тарихындағы ең тұрақты әлемдік тәртіп болатын, - дейді Center for 21st-Century Security зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Майкл О’Хэнлон тарих қойнауына еніп бара жатқан "Америка ғасыры" (Pax Americana) аталған кезеңді сипаттаған сөзінде. - Біздің көмегімізбен құрылған бұл жүйе өте беріктігімен ерекшеленеді. Адамзат тарихында бір-бірімен соғысуды көздемей, ынтымақтас болуға ұмтылған күштер дәл осыншама көп болған емес".

Алайда, ол заман да өзгереді. "Екінші дүниежүзілік соғыстан соң АҚШ үшін Pax Americana, әлбетте, өте пайдалы болды, алайда басқа мемлекеттер оның пайдасын аз көрді", - дейді Тафтс университетінің халықаралық құқық бойынша профессоры және халықаралық қатынастар жөніндегі сенат комитетінің бұрынғы кеңесшісі Майкл Гленнон. – Бірақ мәселе қазір біздің көпполярлықты қалау немесе қаламауымызда емес. Оның алдын алуға бола ма дегенге кеп тіреледі. Менің ойымша, ол мүмкін емес".

Герман Маршалл қорының вице-президенті Ян Лессер де "әлем өзгеріп", ал Қытай мен Ресей аймақтық және жаһандық үстемдік үшін күресіп жатыр деп санайды. Бұған қоса, соңғы онжылдықта мемлекеттер мен мемлекеттік емес ойыншылар, яғни корпорациялар арасында "билікті әртараптандыру" жүріп жатыр. Сонымен бірге терроризм, сыбайлас жемқорлық, климаттың өзгеруі, жаппай қырып-жою қаруын сату және тарату барынша күрделі әрі ғаламдық мәселеге айналып отыр.

"Қайсыбір мағынада, мұндай биліктің өзі ауысып жатыр, АҚШ та соған бейімделуі тиіс", - дейді Лессер.

"БЕЛСЕНДІ ДИПЛОМАТИЯ КЕРЕК"

Америкалық университеттің халықаралық қатынастар мектебінің бұрынғы деканы Джеймс Голдгейер АҚШ халықаралық позициясы мықты "жетекші әлемдік держава" болып қалса да, "Трамп Американың әлемдегі маңызын кеміту үшін қолынан келгеннің бәрін істеп жатыр", ол өзіне мұраға қалған көпқырлы жүйені әлсіретіп, орнына ештеңе ұсынбады деп санайды.

Трамп халықаралық әріптестермен екі жақты келісім болғанын мақұл көреді, ол үшін, сыншылардың пікірінше, бүге-шігесіне дейін мұқият ойластырылған, айқын дипломатия қажет болмақ.

Ал дәл қазір "барынша мықты әрі белсенді дипломатия керек кезде" АҚШ мемлекеттік департаментінің "қаңырап" қалғанын көріп отырмыз деп санайды АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің бұрынғы орынбасары, Джордж Мэйсон университетінің саясат және басқару мектебінің құрметті профессоры Ричард Козларич.

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон. Вашингтон, 16 қазан 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон. Вашингтон, 16 қазан 2017 жыл.

Бұл проблема Трамп пен мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсонның арасындағы дүрдараз қарым-қатынастан да терең мәселе; "Атлантик" журналы тіпті Тиллерсонды "лақтырып тастайтын" сәт жақын қалды деп жазды. Бұдан да маңызды нәрсе, деп санайды Козларич, мемлекеттік департаментте көптеген жетекші лауазымдар әлі бос тұр, тәжірибелі дипломаттар жұмыстан босатылды немесе өздері кетті, жаңа қызметкерлер саны азайып жатыр. Мұның бәрі алдағы жылдары және ондаған жылдар бойы әсер етпек.

"Бұны көпқырлы қарым-қатынастарда позициямызды әлсірететін трагедия санаймын", - дейді Козларич.

"ЖАУАПТЫ ҰЛТШЫЛДЫҚ"

Бостон университетінің халықаралық қатынастар бойынша құрметті профессоры Эндрю Бэйсевич Foreign Affairs сайтында жарияланған мақалада "жауапты ұлтшылдықты" қолдайтынын жазып, Трамптың Сириядағы әуе соққысы, Ауғанстандағы әскер санын көбейту, Таяу Шығыс ісі бойынша бейбіт келісімге қол жеткізуге деген ниеті және өзге бастамаларын оқшаулануға жатқызуға келмейтінін айтқан.

"Шын мәнінде әңгіме бұдан да жаман нәрсе: сыртқы саясатта сауатсыздық, қызбалық және қыңырлық таныту туралы болып отыр, - деп жазады ол. - Жалпы алғанда, саясат дегенді алдын ала болжауға болатын іс-әрекет түрі деп түсінер болсақ, Трамп келгелі АҚШ-тың сыртқы саясаты өмір сүруін тоқтатты".

Дегенмен Ян Лессер қазіргі биліктегі әкімшіліктің саясатына алаңдаушылық танытса да, АҚШ халықаралық алаңда бәрібір негізгі ойыншы болып қала береді деп санайды: "АҚШ-тың күші мен ықпалы жоғалған жоқ. Ол халықаралық істерде әлі де мықты ойыншы, бәлкім ең мықтысы да шығар. Оның әлі біраз уақыт гегемон болатындығына дәлелдер аз емес".

Голдгейер де осындай пікірде. "Америка Құрама Штаттары – әлемдегі ең мықты ел. Оның орасан көп мүмкіндігі бар. Әлемдегі ең озық білім жүйесі де осында. Бәрі оған теңесуге тырысады. Адамдардың көбі АҚШ-та тұрғысы келеді".

Ал Гленнон болса Вашингтон да, басқа әлем де күрделі өзгерістерге дайын болуы керек деп ескертеді. "Біз енді ұзақ мерзімге көпполярлыққа өтеміз, ол кезде тұрақсыздық жайлап, көш бастайтын тұлғалар жоқтың қасы болады".

XS
SM
MD
LG