Accessibility links

Санкция «Калашников» қаруына сұранысты арттырды


Қару-жарақ көрмесінде «Калашников» автоматын қарап тұрғандар. Мәскеу, 10 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қару-жарақ көрмесінде «Калашников» автоматын қарап тұрғандар. Мәскеу, 10 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ санкциясына ілінгелі Ресейдің «Калашников» автоматының саудасы, керісінше қыза түскен. Ресей «Вашингтонның бұл шешімі ең алдымен америкалық тұтынушыларға кесірін тигізеді» дейді.

Америкада ресейлік «Калашников» автоматының саудасы қызып келеді. Мәскеудің Украина дағдарысына қатысты ұстанымына бола АҚШ экономикалық санкция салған мекемелердің арасында әлемге әйгілі автоматтарды шығаратын «Калашников» концерні де бар. 17 шілде күні шешім қабылданғалы бері АҚШ-та бұл қаруға деген сұраныс еселеп артқан.

Мэриленд штатының Бишопвилль қаласындағы Atlantic Firearms қару-жарақ мекемесінің президенті Блейн Бантингтің айтуынша, содан бері қару саудасы бұрын-соңды болмаған деңгейде артып, жұрт Ресей автоматтарын жапа-тармағай сатып ала бастаған.

– Осы күні кез келген адам қалта телефоны арқылы интернетке қосыла алады, Twitter мен Facebook пайда болғалы атыс қаруын жинаумен әуестенетіндер, аңшылар, тағы сол сияқтылар бұл ақпаратты тез естиді, - деді ол.

«Калашников» автоматын кезеніп тұрған ресейшіл сепаратист. Донецк, 21 шілде 2014 жыл.
«Калашников» автоматын кезеніп тұрған ресейшіл сепаратист. Донецк, 21 шілде 2014 жыл.

Санкция туралы ақпарат шыға салысымен бірер сағат ішінде Бантинг фирмасының веб-сайтына кіргендер саны үш есе артқан. Бар болғаны 24 сағат ішінде «Калашников» автоматтарына 400-ге тарта жаңа тапсырыс түскен. Олардың арасында осы қарудың жиі кездесетін AK-47 және жаңадан шыққан AK-74 модельдерін алуға ниеттеніп жатқандар бар.

Нью-Гемпширдегі «Калашников» автоматтарын сатумен және соған қатысты қызмет көрсетумен айналысатын Snake Hound Machine мекемесінің қожайыны Оуэн Мартин «былтыр бір жыл бойы сатқан қаруды осы бір-ақ аптаның ішінде саттым» дейді. Бірақ ол енді санкцияның кесірінен өз бизнесін өзгертуге мәжбүр болатынын айтып қынжылады.

АҚШ-тағы AK-47 және AK-74 автоматтарын, олардың қосалқы бөлшектерін сатумен айналысатын ең ірі мекеме саналатын Лас-Вегастағы K-Var Incorporated фирмасының қоймасында болған автомат атаулының бәрі түгел сатылып кеткен.

«АҚШ ТҰТЫНУШЫЛАРЫ ЗАРДАП ШЕГЕДІ»

Санкция салынғаннан кейін ИТАР-ТАСС агенттігі арқылы жасаған мәлімдемесінде «Калашников» концернінің баспасөз хатшысы АҚШ-ты «қару сату бойынша маңызды нарық» деп атай келе: «АҚШ-та «Калашников» автоматтары үлкен сұранысқа ие, алдын ала ақысы төленіп қойған тапсырыстар саны бір жылда өндірілетін өнім санынан үш есе асып кеткен» деп мәлімдеді. Автомат зауыты баспасөз хатшысының айтуынша, «АҚШ әкімшілігі салған санкциялар ең алдымен АҚШ тұтынушыларының мүдделеріне қайшы келеді».

"Калашников" автоматын ұстап отырған ресейшіл сепаратист. Луганск, Украина, 4 маусым 2014 жыл.
"Калашников" автоматын ұстап отырған ресейшіл сепаратист. Луганск, Украина, 4 маусым 2014 жыл.

АҚШ-қа қару-жарақ сататын ең ірі ел – Ресей. АҚШ-тың Алкоголь, темекі және атыс қару бюросының мәліметі бойынша, 2013 жылы Ресей АҚШ-қа 200 мың қару сатқан. Ал АҚШ зауыттары 2012 жылы 8,5 миллион қару шығарған.

Бірақ, Ресей автоматтарына да балама жоқ емес. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары Шығыс және Оңтүстік Еуропа елдерінде де Михаил «Калашников» шығарған AK-47 қаруына ұқсас автоматтар құрастырыла бастаған.

Нью-Гемпширдегі қару-жарақ фирмасының өкілі Мартиннің айтуынша, «Ресейден басқа жерлерде шығарылған «Калашниковқа» бәсекеселес бола алатын қару түрі көп». Ал Мартиннің өзіне салса, ол шетелдік және америкалық қаруларды будандастырып, өз автоматын жасағысы келеді.

Ал мэрилендтік сатушы Бантингтің айтуынша, басқа елдерде шығатын өнімдер «Калашников»тен бір мысқал кем болмаса да, Ресейде шыққан автоматтан басқасын мүлде алғысы келмейтіндер де жетерлік:

– Олар тек осы қаруды алуға бейім, себебі оның бүйірінде «Ресейде жасалған» деген жазу бар, яғни ол нағыз қарудың өзі деген сөз, демек оны кез келген уақытта қайта сатуға болады.

АҚШ қаржы департаменті бұл санкция Ресейдегі «Калашников» концернінен жаңадан сатып алатын тауарларға ғана қатысты екенін ескертті. 16 шілдеге дейін ақысы толық төленген қаруларды қабылдап ала беруге рұқсат.

Ең ірі қару шығарушы зауыттың өнімдерін кез келген елден АҚШ-қа тасымалдауға тыйым салған бұл құжат қару сатуды бақылау төңірегіндегі пікірталасты қайта қыздырды. Өкімет мұндай қарулардың саудасына мемлекеттік бақылау болуы керек десе, біраз жұрт өкіметке шектеу мүмкіндіктерін бермеу керек дейді.

«БҰДАН БАСҚА ТИІМДІ ӘДІСТЕР КӨП ЕДІ»

Азаттық әңгімеге тартқан қару сатумен айналысатын екі кәсіпкердің екеуі де бұл санкция Ресейді экономикалық тұрғыдан жазалаудан гөрі Американың ішкі саясаттағы жүрісіне көбірек ұқсайды дейді.

«Олар қаруға қарсы пиғылдарды ұлтшылдық бағытына қарай бұрып, «біз Ресейді жазалап жатырмыз» деп ақталудың оңай жолын тапқан» дейді Бантинг. Оның айтуынша, Ресейді экономикалық тұрғыдан жазалаудың қару экспортына тыйым салудан анағұрлым күштірек сан түрлі әдісі бар.

Бұл санкция Ресейді қаншалық тәубесіне келтіріп жатқанын қайдам, бірақ жеке өз басыма қатты әсер етті дейді Мартин.

«Өзім пәтер жалдап тұрамын, 20 жыл болған ескі машинам бар, қызым үйде отырып білім алады. Бүкіл отбасымды қалай асырайтынымды білмеймін. Біз күресіп бағармыз. Осымен бәрі бітпейтін шығар. Бірақ, бұл – өте ауыр жағдай» дейді кәсіпкер.

Льюк Джонсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG