Accessibility links

Трамп Польшаға Ресеймен тіресте көмектеспек


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Польша президенті Анджей Дуда. Варшава, 6 шілде 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Польша президенті Анджей Дуда. Варшава, 6 шілде 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін "Үш теңіз бастамасы" саммиті өтетін Варшавада сөз сөйлемек.

Польша басшысы Анджей Дудамен кездесуден соң баспасөз мәслихатын өткізген президент Дональд Трамп "АҚШ аймақты тұрақсыздандырып жатқан Ресеймен тіресте Польшаға көмектеседі" деп мәлімдеді.

Ол Вашингтонның НАТО-дағы одақтас ретіндегі міндетіне адал екенін айтып: "Шиеленісті бөгеуде және ұлы державалар арасындағы соғыс Еуропаны қиратпауы жолында, әлем қауіпсіз және жақсы болуы үшін НАТО мен Польша арасындағы күшті одағымыз әлі шешуші мәнге ие" деді.

Варшава көшесінде жүрген АҚШ президенті Дональда Трамптың кадилагы.
Варшава көшесінде жүрген АҚШ президенті Дональда Трамптың кадилагы.

Кремль Қырымды аннексиялап алып, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткен соң және АҚШ пен Еуропа Одағының кей елдеріндегі сайлауларға қатысы бары жайлы сөз шыққан соң Ресейдің Польшаға жақындығы алаңдаушылық тудырған.

Польша президенті Анджей Дудамен бірге шілденің 6-сы күні өткізген баспасөз мәслихатында Трамп журналистерге «өзінің ойынша, Ресей 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауына араласқан» деп мәлімдеген, бірақ сөзін «мұның анық-қанығын ешкім білмейді» деп аяқтаған. Трамп «Меніңше, Ресей араласқан болуы тиіс. Менің ойымша, басқа елдердегі басқа адамдар да араласуы мүмкін ғой» деп, не айтып тұрғанын нақтылаудан жалтарған.

АҚШ және Польша президенттерінің біріккен баспасөз мәслихаты.
АҚШ және Польша президенттерінің біріккен баспасөз мәслихаты.

Трамп Солтүстік Кореядан төніп тұрған қауіппен де күресетінін айтқан. АҚШ президентінің сөзіне қарағанда, Пхеньян халықаралық қауымдастық айыптап отырған баллистикалық зымырандар сынау әрекетінің неге апарып арандататынын білуі керек. Трамп бұған қоса, НАТО елдерін одақ бюджетіне аударатын қаражаттарын көбейтуге шақырған.

Сириядағы соғыс туралы айтқан Трамп Башар Асад режимінің химиялық қару қолданғанын айыптаған.

Президенттердің әйелдері Мелания Трамп пен Агаты Корнхаузер-Дуданың Варшавадағы кездесуі.
Президенттердің әйелдері Мелания Трамп пен Агаты Корнхаузер-Дуданың Варшавадағы кездесуі.

Варшавада бүгін «Үш теңіз бастамасы» аталып кеткен саммит өтіп жатыр. Бұл саммитке Балтық, Адриатика және Қара теңізге шыға алатын ондаған елдердің өкілдері қатысады.

Дональд Трамптың Варшавадағы келіссөздерінің негізгі тақырыбы қауіпсіздік мәселелері болды. Сапар тұсында Польша АҚШ-тан «Патриот» зымырандарын сатып алуға келісім жасасты. Ол зымырандар Ресейдің «Искандер» зымырандарына қарсы тұрады деген жобамен жасалған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Варшавадағы Красиньский алаңында сөйлеген сөзінде "Американың Польшаны және поляк халқын сүйетінін" айтты. Оның сөзінше, Варшава аймақтағы қауіпсіздікке жақтасудың символы болған. Трамп елінің Польшамен сауда және энергетика саласындағы ынтымақтастықты арттыратынын, "Польша мен көршілері енді жалғыз энергиямен қанымдаушының кепілінде қалмайтынын" айтты.

XS
SM
MD
LG