Accessibility links

Құпия қызметтің 11 агенті жұмыстан шеттетілді


АҚШ Құпия қызметінің директоры Марк Салливан. Вашингтон, 3 желтоқсан 2009 жыл.
АҚШ Құпия қызметінің директоры Марк Салливан. Вашингтон, 3 желтоқсан 2009 жыл.

АҚШ Құпия қызметінің 11 қызметкері Колумбияға барған кезде жезөкшелермен қарым-қатынас жасағаны мәлім болды. Қазір агенттердің үшеуі жұмыстан шықты.

Жұмыстан шыққан үш адам да – құпия қызметтің жетекші қызметкерлері. Дэвид Чейни, Грег Стокс және аты-жөні әзірше белгісіз үшінші агент басқа әріптестерімен бірге Колумбиядағы жанжалға байланысты тергеліп жатыр деп хабарлайды CNN.

Құпия қызмет агентінің баласы, бұл мекемеде 1987 жылдан бері қызмет ететін, әйелі және асырап алған ұлы бар Дэвид Чейнидің тағы бір міндеті – бұрынғы вице-президент Дик Чейниді қорғау болатын.

Жанжалға қатысы бар өзге сегіз агент құпия қызметтен шеттетіліп, әкімшілік демалысқа кеткен.

Қазір 11 агентке қоса 10 әскери қызметкер де тергеліп жатыр. Оларға да «өткен аптада, АҚШ президенті Барак Обама Колумбияға баратын кезде жезөкшелерді жалдап, басқа да күдікті іспен айналысты» деген айып тағылды.

КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ ПА, ӘЛДЕ ӘДЕТ ПЕ?

Колумбияның Картахен қаласында болған оқиғаны бұқаралық ақпарат құралдарына жезөкшелердің бірі хабарлаған. CBS News телеарнасының хабарлауынша, жезөкше 800 доллар төлеуі керегін айтқан кезде агент: «Ештеңе өнбес!» деп жауап берген.

Америкалық ақпарат құралдарының жазуынша, оқиға куәгерлері «АҚШ агенттерінің ішімдікті көп ішкенін, стрип-клубта көңіл көтергенін, есірткі тұтынғанын» айтады.
АҚШ президенті Барак Обаманы қорғап тұрған Құпия қызмет агенттері. (Көрнекі сурет)
АҚШ президенті Барак Обаманы қорғап тұрған Құпия қызмет агенттері. (Көрнекі сурет)
Өзге куәгерлер агенттердің президентті күзететіндерін айтып мақтанғандарын хабарлайды.

Құпия қызметтің ресми өкілдері «Колумбиядағы оқиға кездейсоқтық емес, шетелге іссапарға баратын агенттердің үйреншікті әдеті емес пе екен» деп алаңдап отыр.

Президент Барак Обама жанжалды толық тексеруді бұйырып, «ақпарат құралдарында сөз болған айыптардың кейбірі расталса, наразы болатынын» айтты.

«АҚШ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚАТЕР»

«Жезөкшелердің біреу-міреуі АҚШ-қа қас ниетте болса, жанжалдың кесірі зор» деген қауіп айтылды. Конгресс мүшелері бұл оқиға АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірмей ме деген тақырыпта отырыс өткізіп, талқылауға уәде етті.

– Мұның қауіптілігі сол – әсіресе Колумбия сияқты елде жезөкше жалдаған Құпия қызмет агенті арандатуға, қорқытуға тап болады. Колумбияда Құпия қызметтің жұмысын біліп, президенттің қауіпсіздік зонасына кіру үшін жезөкшелерді пайдалануы мүмкін есірткі террористері де бар. Бұл осы қызметке, президентке қауіп төндіруі мүмкін, – дейді Нью-Йорктен сайланған республикашыл конгрессмен Питер Кинг.

Ал Құпия қызмет «Колумбиядағы оқиға Обаманың қауіпсіздігіне кесірін тигізбегенін» айтады.
XS
SM
MD
LG