Елді ұзақ жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылы өмірден өткен соң оның орнына келген Мирзияев елде реформа жасауға уәде берген. Бірақ сарапшылар 20 миллион дауыс берушінің таңдауы тағы да тарылады деп санайды.
Мирзияев елдегі сайлауды әділ әрі стандарттарға сай өткізуді тапсырып, науқанға “Жаңа Өзбекстан – жаңа сайлау” деген слоган қойған.
Бұл науқанның алдында елде жаңа Сайлау туралы заң қабылданған. Енді ресми тіркеліп, сайлауға қатысуға рұқсаты бар партиялар барлық 150 сайлау учаскесі бойынша кандидат ұсына алады. Өзбекстандағы парламент мажоритарлық жүйе бойынша жасақталады.
Сайлауға Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы (ел президенті Мирзияев осы партияның мүшесі), “Миллий тикланиш” демократиялық партиясы, Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы, “Адолат” социал-демократиялық партиясы және Экология партиясы қатысты. Сайлауға түсіп жатқан бес партия да биліктің саясатын қолдайды. Бірақ “Миллий тикланиш”, Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы, “Адолат” социал-демократиялық партиясы және Экология партиясы өздерін “парламенттік оппозиция” деп санайды.
Өзбекстанда алғаш рет сайлау алдында телевизиялық дебат өтті. Дебат кезінде кандидаттардың бірі 2,5 миллион сом (263$) бес баласы бар отбасының өмір сүруіне жететінін айтты. Бұл сөз интернетте сынға ұшырап, жұрт "кандидаттар елдің жағдайынан хабарсыз" деп мінеді.
Тағы бір партия өкілі арзан жолмен шетелге жұмыс іздеп баратын өзбекстандықтарды "өз-өздерін сыйламайды" деп сынады. Жұрт бұл сөзді екі жыл бұрын Қазақстан аумағында болған автобус өртімен байланыстырды. 2018 жылы қаңтарда Ақтөбе аумағында Ресейге кетіп бара жатқан автобус өртеніп, Өзбекстанның 52 азаматы көз жұмған. Олардың көбі Ресейге жұмыс істеуге кетіп бара жатқан.
Бұған дейінгі парламенттегі 150 орынның ең көбін Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы (52 депутат) иеленіп келген. Одан кейінгі көп орын “Миллий тикланиш” демократиялық партиясына (36) тиесілі еді.
Билік елдегі екі оппозициялық партия – “Эрк” және “Бирликті” “ресми тіркелмеген” деп сайлауға қатыстырмады. “Эрк” партиясының жетекшісі, 2018 жылдан бері Түркияда тұрып жатқан Мұхаммад Салих Азаттық радиосына берген сұхбатында Өзбекстан билігінің сайлау өткізу тәртібін сынаған.
- Мирзияев өз беделін көтеру үшін оппозициялық партия болмаса да, Өзбекстанда еркін ойлайтын азаматтарды сайлауға қатыстыратын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ ондай батылдыққа баруға оның дәті шыдамады. Ол тіпті баяғыда Каримов құрған ескі партияларды да өзгерткен жоқ. Мирзияев сайлауға осы партиялармен қатысайын деп отыр. Бұл – біздің үкімет үшін, Өзбекстан үшін масқара жағдай, - деген еді Салих.
Халықаралық ұйымдар нағыз оппозиция қатыспаған бұл сайлауды демократиялық принциптерге сай емес деп санайды.
Сайлауға елу елден 700 астам бақылаушы келген. Өзбекстан тарихында алғаш рет Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы толық құрамда бақылаушы жіберді. ЕҚЫҰ сайлау алдындағы мәлімдемесінде бұл сайлауда аса үлкен өзгеріс бола қоймайтынын айтқан.
13 желтоқсандағы ЕҚЫҰ мәлімдемесінде “елде партия тіркеу әлі қиын екені” айтылған.
“Сайлау халықаралық стандарттарға сай емес. Көзге ілінер баннерлер тым аз. Сайлау алдындағы үгіт-насихат тым жұпыны” деп жазылған ЕҚЫҰ мәлімдемесінде.
Сайлауға түсіп жатқан “Миллий тикланиш”, Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы Ресей бастаған сауда блогына енуге қарсы және қазіргі премьер-министр Абдула Ариповті орнынан алып, өз адамын қойғысы келеді. Бірақ бұл партия, қалған төртеуі сияқты Мирзияев саясатын қолдайды. Мәселен, сайлауға кандидат ұсынған Экология партиясы Өзбекстанда атом электр станциясын салуды қолдайды. Кейбір сыншылар бұл партияны “АЭС салуды қолдайтын әлемдегі жалғыз жасыл ұйым” деп сынайды.
ПІКІРЛЕР