Accessibility links

Өзбекстан президенті Қытаймен байланысты нығайтпақ


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Шавкат Мирзияев Өзбекстанның президенті болып сайланғалы алғаш рет ресми сапармен Қытайға келді және бұл елде ол бірнеше күн аялдамақ. Мирзияев мамырдың 13-іне дейін ресми кездесулер өткізеді, мамырдың 14-і және 15-і аралығында Қытайда өтетін «Бір белдеу – бір жол» форумына да қатысады.

Өзбекстан президенті Мирзияев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен, елдің өзге де жоғары лауазымды тұлғаларымен, Қытайдың ірі компаниялары өкілдерімен кездеспек.

Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің басшысы Асад Хожаевтың айтуынша, екі ел арасында жалпы құны 20 миллиард доллар болатын 100 шақты келісімге қол қойылады. Қытай - Өзбекстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі, әрі Өзбекстандағы жобаларға қаржы құйып отырған ірі инвестор.

Қытай компаниялары Өзбекстанның шығысынан басталып, Ташкент түбіне дейін жететін ұзындығы 123 километр Пан-Ангрен теміржолы құрылысына көмектесті. Құны 1,9 миллиард доллар болатын жобаны Қытайдың Экспорт-импорт банкі жартылай қаржыландырды.

Сонымен бірге, Пекин Түркіменстаннан Қытайға өзбек жері арқылы өтетін үш бірдей газ құбырын қаржыландыруға көмектесті. Пекин мен Ташкент осы құбырларға жылына Өзбекстаннан 10 миллиард кубометр газ құйып отыру жөнінде келісім-шарт жасасты.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің жұбайымен бірге Пекин әуежайына түскен сәті. 11 мамыр 2017 жыл. Қытайдың CCTV телеарнасы видеосынан алынған скриншот.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің жұбайымен бірге Пекин әуежайына түскен сәті. 11 мамыр 2017 жыл. Қытайдың CCTV телеарнасы видеосынан алынған скриншот.

Президент қызметіне кірісе сала Мирзияев Өзбекстанның шатқаяқтаған экономикасына қуат беру үшін басқа елдермен экономикалық ынтымақтастықты арттыруға күш салатынын айтқан.

Қытай – тек Өзбекстан үшін ғана емес, Орталық Азияның (ОА) барлық елдері үшін инвестиция мен несие берушіге айналған. Бұған қоса, Пекин ОА-ны Қытаймен жалғайтын біраз ірі жобаны жүзеге асыруға ат салысқан. Соның арқасында екі арада автожол, теміржол, мұнай және газ құбырлары салынды. Осы ретте Мирзияевпен бірге Қытайға барған өзбек бизнесмендерінің бұрынғы кәсіпкерлермен салыстырғанда жаңа мүмкіндіктері азырақ болатын тәрізді.

Мирзияевтың сапарына қатысты пресс-релизде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жайында айтылады. Бұл өзбек президентінің Қытай басшыларымен талқылайтын басты тақырыптарының бірі болмақ.

Өзбекстанның Ауғанстанмен 160 километрдей болатын ортақ шекарасы бар. Пекин Қытайдың батысындағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы тұрғындардың Сирия мен Ирактағы экстремистік топтарға қосылып жатқанына алаңдайды.

Кейбір деректерге қарағанда, көбіне ОА елдерінен және Қытайдың шығысынан шыққан содырлардан құралған бұл экстремистік топтар Таяу Шығыстағы екі елден ығыстырылып, Ауғанстанға ауып жатыр.

"Сириядағы өзбек жиһадшылары" деп жарияланған видеодан алынған скриншот.
"Сириядағы өзбек жиһадшылары" деп жарияланған видеодан алынған скриншот.

Қытай мен Өзбекстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше. Бұл ұйымның қатарында Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бар (жақында Үндістан мен Пәкістан кірмек). Ұйымға мүше елдер террормен бірлесіп күресу жөнінде міндеттеме алған.

Мирзияев 2003-2016 жылдар аралығында Өзбекстан премьер-министрі қызметін атқарған, осы аралықта ол Қытайда бірнеше мәрте болған, ондағы жоғары лауазымды тұлғалардың біразымен таныс.

Қытаймен сауданы ұлғайтумен қоса, Мирзияев екі ел арасындағы саяси байланысты да нығайта түсуге күш салатын сияқты. Қытай Өзбекстанды «адам құқықтары бұзылып жатыр» деп көп шүйлігетін Батыс елдерінің қысымы кезінде қолдап қана қоймай, бұрынғы отарлаушы – Ресейдің ықпалын қатты күшейтуіне жол бермейтін қосымша күш рөлін де атқарады.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды.

XS
SM
MD
LG