Accessibility links

Мини не хиджаб киген абитуриент құжат тапсыра алмаған


Ашық киінген және жиджаб таққан өзбек қыздары.
Ашық киінген және жиджаб таққан өзбек қыздары.

"МҰСЫЛМАНША КИІНГЕН" ҚЫЗДАРҒА ҚЫСЫМ

Қоқан мемлекеттік педагогикалық институтына құжат өткізгісі келген қыздарға ЖОО өкілдері "орамалдарын желкеге қайыра тартуды", "мұсылманша киінбеуді" талап еткен.

Бұл жайлы Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарлаған ақпарат иесі студент болуды армандайтын кейбір қыздардың ЖОО әкімшілігі талабын орындағанын айтады.

- Туыстарымның бәрі хиджаб тағады. Пединститутқа құжат тапсыруға барғанда оларға "хиджабтарыңды шешіңдер немесе оны артқа тартып байлаңдар" деген. Қыздар талапқа бағынуға мәжбүр болып, орамалдарын желкеге қайыра тартқан, - дейді ол.

Кейінгі жылдары Өзбекстанда хиджап киген қыз-келіншектерге қысым күйшейді.
Кейінгі жылдары Өзбекстанда хиджап киген қыз-келіншектерге қысым күйшейді.

Қоқан мемлекеттік педагогикалық институтындағы құжат тапсыру процесіне қатысқан студенттердің бірі Азаттыққа ондай оқиғаның болғанын растады. Оның сөзіне қарағанда, ЖОО әкімшілігі абитуриенттерден оқу орны территориясында діни киім кимеуді өтінген.

– Хиджап таққан бір қыз пединститутқа құжат тапсыруға келді. Одан орамалыңды шеш деп талап еткен жоқ, тек сыпайы түрде орамалын желкесіне қайыра тартуды сұрады. Барлық жерде камералар қойылғанын, егер ол видеоға түсіп қалса, ЖОО әкімшілігі ескерту алатынын түсіндірді, - дейді студент.

Қоқан мемлекеттік педагогикалық институтының абитуриенттер құжаттарын қабылдауға жауапты Ойбек есімді қызметкері Азаттық тілшісіне телефон арқылы берген жауабында "ЖОО әкімшілігінің қыздардың хиджаб тағуына тыйым салатынын" ғана айтып, байланысты үзе салды. Ол қайтып телефон қоңырауларына жауап бермеді.

BBC-дің Өзбек редакциясы Әндіжан мемлекеттік университетінің биыл хиджаб таққан абитуриенттердің құжаттарын қабылдамағанын хабарлады. Бұл ЖОО өкілдері BBC ақпаратын растады. Олардың сөзінше ЖОО "Ташкенттен түскен талапты орындаған".

Бұдан бөлек, Азаттықтың Өзбек қызметінің Facebook парақшасына интернет қолданушылар Өзбекстанның барлық аймақтарындағы ЖОО-ларда мұсылманша киінген қыздардың құжаттарын қабылдамай тастағанын жазды.

ДІНИ КИІМГЕ РЕСМИ ТЫЙЫМ

Өзбекстан жоғары және арнайы орта білім министрлігінің аты-жөнін айтпаған қызметкері "елде қоғамдық орындарда діни (культтік) киімді киюге тыйым салынғанын" ғана айтты.

Елдегі әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 184-бабының 1-бөлімі бойынша "Өзбекстан азаматтары (діни ұйым қызметкерлерінен басқа) қоғамдық орындарда культтік киіммен жүрсе, 5-10 ең төменгі айлық көлемінде айыппұл төлейді не 15 күнге дейін әкімшілік қамаққа алынады".

Өзбекстан ЖОО-ларында бірнеше жыл бұрын студенттердің киіміне қатысты ереже бекітілген.
Өзбекстан ЖОО-ларында бірнеше жыл бұрын студенттердің киіміне қатысты ереже бекітілген.

"Наным бостандығы мен діни ұйымдар туралы" заңның 14-бабында "Өзбекстан азаматтарының (діни ұйым қызметкерлерінен басқа) қоғамдық орындарда культтік киіммен жүруіне болмайды" деп жазылған.

Бірақ Өзбекстан конституциясының 31-бабында "Әркімнің наным бостандығына кепілдік беріледі. Әркім кез келген дінді ұстауға не ұстамауға ерікті" деп жазылған.

АБИТУРИЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ДРЕСС-КОД

Өзбекстанда абитуриенттердің құжаттарын маусымның 15-і мен шілденің 15-і аралығында қабылдайды. Азаттыққа мәлімет берген адамдар биыл қысқа етекті юбка мен қысқа балақты шалбар (шорт) киген абитуриенттер де құжат тапсырар кезде бөгетке жолыққан.

Өзбекстанда студент қыздарға сабаққа джинс шалбармен келуге тыйым салынған.
Өзбекстанда студент қыздарға сабаққа джинс шалбармен келуге тыйым салынған.

– Жиенім Жизақ политехникалық институтына құжат тапсыруға шорт киіп барған. Құжатын алмай қойыпты. Бұған дейін әлдебір кемшіліктеріне бола құжатын үш рет алмай қайтарған. Ол бесінші жолы ғана өткізді, –дейді Жизақ тұрғыны.

Өзбек жоғары оқу орындарының, мәселен, Науаи мемлекеттік педагогикалық институтының өкілдері ашық киініп келген жастардан құжат қабылдамағандарын растады.

– Киіну әдебін абитуриент кезден сақтау керек. Олар кейін жастарды оқытатын болашақ мұғалімдер ғой, - дейді педагогикалық институт өкілі.

Азаттық Өзбекстанда студенттердің киіміне байланысты қатаң талап бар екенін бұған дейін де жазған. Бірде Ташкентте сабаққа джинс киіп келген жастарды кіргізбей қойған. Ал Қоқанда галстук тақпаған жастарға аула тазалатып, ағаш түптетіп, үй әктеткен.

XS
SM
MD
LG