Азаттықтың Өзбек қызметі дерегінше, бюро өкілдері кейде борышкерлерге күш қолданған.
Ташкенттегі махалла жиыны кезінде алынған дерек бойынша, шілденің 1-інен бастап қаланың барлық аудандарында мәжбүрлі орындату бюросының инспекторлары жұмыстарын бастаған.
Бюро инспекторлары біздің махаллада үш күннің ішінде тұрғындардан газ бен жарықтың бір жарым миллион сом қарызын өндіріп алды.
– Бюро инспекторлары біздің махаллада үш күннің ішінде тұрғындардан газ бен жарықтың бір жарым миллион сом қарызын өндіріп алды. Бұрын үйлерді аралап, адамдардың жарық пен газға ақшасын төлеуін өтінетінбіз, бірақ олар бізді тыңдамады. Ал бюро инспекторлары борышкердің үйіне кіреді де, үй қожайыны қарызын төлемейінше ол үйден шықпайды, – дейді Ташкенттегі Чиланзар ауданының махалла жиынының бір белсендісі.
Бұған дейін «электр жарығы мен газға қарызы бар тұтынушыларға шілденің 1-і мен 10-ы аралығында борышын өтеу туралы ескертеміз, ал шілденің 11-інен бастап борышкерлердің мүлкін тәркілейміз деп хабарлаған еді. Алайда арнайы форма киген және резеңке таяқпен қаруланған мәжбүрлеп орындату бюросының инспекторлары он күннің өтуін күтпей-ақ, шілденің 1-інен бастап қарызды өндіруді бастаған.
Бәрі арнайы киім киген, қолдарында шоқпарлары бар. Белдеріне бір зат тағып алыпты. Түріне қарасаң, шошисың.
– Бюро инспекторлары шілденің 2-інде Юнусабад ауданында тұратын әпкемнің үйіне барады. Бәрі арнайы киім киген, қолдарында шоқпарлары бар. Белдеріне бір зат тағып алыпты. Түріне қарасаң, шошисың. Баяғыда көшемізде «қара бетперде» киген адамдар жүретін, инспекторлар соларға ұқсайды. Өздерін өте паң ұстайды. Әпкемнің 180 мың сом қарызы бар екен. Ол зейнетақымнан төлеймін десе, инспекторлар келіспепті. Әпкем бізге хабарласып, қарызға ақша сұрады. Борышын өтеуі үшін ақша апарып бердік, – деді Ташкенттің бір тұрғыны.
Азаттық тілшісімен сөйлескен Ташкенттегі Мирзо Улугбек ауданының 55 жастағы тұрғыны кейбір жағдайда инспекторлардың борышкерлерге қарсы күш қолданғанын айтады.
– Шілденің 3-і күні бюро инспекторлары көрші махаллаға келді. Оқиғаның қалай өрбитіні қызық болды, сондықтан олардың артынан бардық. Олар бір тұрғынның ауласына кірді, сол жақтан айғай естілді, шу шықты. Кейін бюро қызметкерлерінің үй қожайынын бір-екі рет шоқпармен ұрғанын естідік. Ол үйде зейнеткер ерлі-зайыптылар тұрады. Ұлы Қазақстанға пайда табуға кеткен. Үйде қария мен оның әйелі, келіні мен үш немересі тұрады. Шағын қарыздары бар екен, бірақ бюро инспекторлары олардың теледидарын алып кеткен. Үй қожайыны ұлы Қазақстаннан ақша салғанда төлеймін десе де, бюро инспекторлары күтуге келіспепті, – дейді тұрғын.
Алайда Мирзо Улугбек ауданындағы махалла жиынының өкілі мәжбүрлеп орындату бюросы қызметкерлерінің борышкерлерге қол көтергенін теріске шығарды.
Біздің махаллада болған үш күндік тексеріс кезінде олар ешкімді ұрған жоқ.
– Біздің махаллада болған үш күндік тексеріс кезінде олар ешкімді ұрған жоқ. Борышкерлер қарызды өтеуден басқа жол жоқ екендігін түсінуі керек. Махалламызда тек бір отбасында шу шықты. Мені ол үйге дереу шақырды. Үй қожайыны 236 мың сом көлеміндегі қарызын өтеуге келіскен, бірақ әйелі төлемеймін деп шулатқан. Ертесінде олардың ұлы қарыз ақшасын алып келді, – деді аудандағы бюро өкілі.
Мәжбүрлеп орындату бюросы мамырдың 29-ы күні президент Шавкат Мирзияевтің бұйрығымен бас прокуратура жанынан құрылды. Мекеме энергоресурстарға төлемді толық және уақытылы төлеуге жауапты.
Жаңа тәртіп бойынша, тұрғын қарызын дер кезінде төлемеген жағдайда бюро инспекторлары газ бен жарыққа қарызы бар борышкерлердің мүлкін тәркілейді және оларды Өзбекстан аумағынан шығармайды. Ресми деректер бойынша, қазір Өзбекстан тұрғындары газ бен электр энергиясына 5 триллион сом (шамамен 1,25 миллиард доллар) қарыз. Мәжбүрлеп орындату бюросы 2017 жылдың тамыз айының соңына дейін тұтынушылардан газ бен жарыққа қарыздарын түгел өндіруге міндетті.