Accessibility links

Шенеунік өртенген автобус құрбандарын кінәлай сөйледі


Өзбекстанның Ферғана облысының басшысы Шухрат Ганиев.
Өзбекстанның Ферғана облысының басшысы Шухрат Ганиев.

Өзбекстанның Ферғана облысы Ақтөбедегі автобус апатынан мерт болғандардың отбасына көмек берген. Облыс басшысы шетке жұмыс іздеп кететін жастар мен "оларды шетке жіберетін" ата-аналарын кінәлады.

Өзбекстанның Ферғана облысы хокимі (әкімі) Шухрат Ганиев Қазақстанның Ақтөбе облысындағы автобус өртінен қаза тапқандардың отбасыларына "көмек көрсеттік" деп бұлданды. Шымкент-Самара тас жолы бойында өртенген автобуста мерт болған 52 өзбекстандықтың 16-сы Ферғана облысы Ташлак ауданында тұрған.

Шухрат Ганиев Қазақстанның трагедиядан кейін өткен селекторлық жиналыста "Ташлақ тұрғындары, біліп қойыңыздар! Облысымыздың байғұс тұрғындары 80 миллион сумды тағы да қайырымдылыққа беруге мәжбүр болды. Әр отбасына бес миллион сумнан бердік. Мен мұны жазғыру үшін айтып отырған жоқпын" деп мәлімдеді.

Әкімнің жиында сөйлеген сөзі жазылған аудио әлеуметтік желілерде тарап кетті. Жиналыста хоким Шухрат Ганиев Ташлак ауданы тұрғындарын "бүкіл Ферғана облысын масқаралады" деп айыптады.

– 20-22 жастағы жігіттердің жұмыс іздеп кетуі тыйыла ма, жоқ па? Әке-шешелері не бітіріп отыр? Өздері не, саңырау ма? Енді бәріне учаскелік инспектор байғұсты кінәлап жатыр. Ал махалла (жергілікті өзін өзі басқару органы-ред) қайда қарап отыр? – дейді Шухрат Ганиев.

Фотогаларея: Намангандағы аза тұту

Ферғана облысы басшысы жиында балағат сөздер араластырып сөйлеген. Бұған қоса, "Ташлак ауданы тұрғындарын қажылыққа жібермеймін" деп сес көрсеткен.

– Ташлак ауданынан бірнеше жетесіз кеткен. Жетесіздер! Жетесіз адамдарды жетесіз деу керек! Ташлактан ешкім қажылыққа бармайды! Ешкім! Тізімнен бәрін сызып тастаңдар! – деп қаһарланды ол.

Бұдан бөлек, жиналыста Шухрат Ганиев аудан тұрғындарын "2005 жылы митинг өткізгенсіңдер" деп жазғырып, Әндіжан оқиғаларын еске салған.

–2005 жылы бұлар митинг өткізген. Ол кезде мына жетесіздер құқық қорғау органы қызметкерлеріне тас жаудырған, - дейді облыс басшысы.

Шымкент-Самара жолында өртенген автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.
Шымкент-Самара жолында өртенген автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.

Өзбекстан билігі Қазақстан жерінде өртенген автобустағы өрттің ықтимал себептерін атап, қаулы жариялады.

Құжатта «көліктегі техникалық ақаулар, салонда жанғыш заттарды ұстау, қауіпсіздік ережелерін орындамау, автобусқа артық жүк тиеу, адамдар жүретін жолға жүк үйіп тастау, өртке қарсы құрал-жабдықтардың жарамсыздығы апаттың негізгі себептері болуы мүмкін» деп жазылған.

Ал Қазақстан билігі төтенше жағдай "отқа салғырт қараудан болды" деп хабарлаған. Тергеу органдарының болжамынша, суық автобусты жылыту үшін дәнекерлеуші шамды пайдаланған. Салон ішіне абайсызда төгілген бензин тұтанып, өртке ұласқан.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев автобуста қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, 52 өзбекстандықтың өмірін жалмаған апат «олар өз елінде жұмыс таба алмай шетке бармақ болды» дейді.

"Халыққа қайтарар қарызымыз әлі де көп. Халыққа тиісті жағдай жасамағандықтан адамдар жұмыс іздеп, өзге елдерге кетуге мәжбүр" деп мәлімдеді ол.

Ал бұрынғы президент Ислам Каримов күнкөріс қамымен басқа елдерге кеткен мигранттар туралы бұған мүлде қарама-қайшы пікір айтып, оларды "жалқаулар" деген.

Мирзияевтің сөзінен кейін "Өзбекстан темір жолы" компаниясы еңбек мигранттарын Ресейге тасымалдау үшін 2018 жылғы ақпаннан бастап қосымша пойыздар шығаратынын хабарлады. Пойыздар Мәскеу, Уфа және Волгоград қалаларына жүретін болады. Бұған қоса, Өзбекстан үкіметі "Өзбекстан әуе желілері" ұлттық әуе компаниясына еңбек мигранттары үшін Ресейге жаңа рейстер ашып, билет бағасын арзандатуға тапсырма берді. Ресми Ташкент бұл шаралардан кейін қауіпсіздігі ережелерін сақтамай заңсыз жолаушы таситындардың қызметіне азаяды деп үміттенеді.

Қаңтардың 18-і күні Қазақстанның Ақтөбе облысындағы Қалыбай ауылына жақын маңда Ресейге кетіп бара жатқан автобус өртеніп кеткен. Апаттан 52 Өзбекстан азаматы мерт болған. Бес адам аман қалған. Олардың үшеуі – Қазақстан азаматы. Қаңтардың 23-і күні Өзбекстанда апаттан қаза тапқандар жерленді.

Видео: Автобус өртенген аймақ

Автобус өртенген аймақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00

(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG