Азаттық: - Өткен ғасырдан бері талқылап келе жатса да, Өзбекстан неге латын қарпіндегі қолайлы әліпбиді әлі таба алған жоқ?
Жахонгир Маматов: - Өзбекстанда қаріп бірнеше рет өзгертілді. 1923 жылдан бастап 1929 жылға дейін елде араб қарпі болды. 1929 жылы латын қарпіндегі әліпбиге өтті. Совет Одағы түркі тілдес халықтарды бір-бірінен алыстату саясатын жүргізді. Осының негізінде 1939 жылы өзбектер кириллица өткізілді. Сосын қазақтардың, өзбектердің, түркімендердің, әзербайжанның – барлығының бірнеше әріптерін өзгертіп, кейбірін қысқартып тастады. Туыс халықтар төрт-бес ұрпақ ауысқаннан кейін бірін-бірі түсінбей қалды.
1940 жылдардан бастап кириллицамен жазған Өзбекстан тәуелсіздік алған соң, 1992 жылы біршама дайындалып, латын графикасындағы әліпбиге өту туралы қарар шығарды. Бірақ ол нұсқа егжей-тегжейлі ойластырылмаған, әрі бұған дейін болған латын графикасындағы әліпбиіне ұқсамайтын болып шықты. Арада үш жыл өткен соң, 1995 жылы жаңа формат енгізіп, барлығын өзгертті. Қазір қолданыстағы «латын» - сол кейінгі нұсқасы. Онда апострофпен жазылатын үш әріп бар.
Оқи отырыңыз: Латын графикасына өткен түркі елдерінің тәжірибесі
Азаттық: - Қазір Өзбекстанда кей ғалымдар «апострофтың ыңғайсыз екенін» айтып, латын қарпіндегі әліпбидің жаңа нұсқасын ұсынып жатыр. Бұл дауға қалай қарайсыз?
Жахонгир Маматов
Жахонгир Маматов
Өзбекстандық саясаткер, лингвист, жазушы. Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің режимі тұсында (1993 жылы) оппозициялық қызметі үшін түрмеге қамалған. Түрмеден қашып шетелге кетіп қалған Жахонгир Маматов «Өзбекстан демократиялық конгресі» оппозициялық қозғалысын құрған. 62 жастағы саясаткер әрі лингвист отбасымен АҚШ-та тұрады.
Жахонгир Маматов: - Мен олардың бұл ұсынысын қолдамай, қазіргі нұсқада қала берейік деп жатырмын. Себебі, біз тағы да қате жіберуіміз мүмкін. 20 жылда бір ұрпақ осы апострофты әліпбиге әбден үйреніп қалды. Мектепте сонымен оқыды, университетті солай жазып бітірді. Енді қазір өзгертсе, тағы да шатасып, шала сауатты болып қалады.
Қарап тұрсақ, Қазақстан мен Өзбекстан нұсқасы екі түрлі. Қандай нұсқаның түркі тілдес елдерге ортақ әрі ыңғайлы болатынын білу үшін барлығы бірігіп талқылаған жақсы болар еді. Түркі тілдес елдер бас қосып, қандай нұсқаны қабылдасақ бір-бірімізді қайта түсіне бастайтынымызды анықтаған жөн. Оның мейлінше апострофсыз болғаны жақсы және басқа әріптердің де бір-біріне ұқсағаны дұрыс.
Тақырыптас мақала: Қазақстан билігі бекіткен жаңа әліпби нұсқасын сынаушы көбейді
Азаттық: - Ал Өзбекстан 1995 жылы әліпбиге апострофтарды енгізуді қалай талқылап еді?
Жахонгир Маматов: - Халық апострофты нұсқа енгізілгелі жатқанынан бейхабар қалды. Биліктің бір-екі адамы мен президенттің өзі (2016 жылы қайтыс болған Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовті айтады – ред.) аз-маз пікір білдіріп, асығыс қабылдап кетті. Мұндай маңызды мәселені жаппай халық болып талқылап, референдум өткізу керек еді. Себебі, бұл - халықтың мәселесі. Жазу жайсыз болғанда халық көрсоқыр болып қалады.
Оқи отырыңыз: Сарапшылар әліпбиді қолдауды «ресми дүрмекке» балауға бейіл
Азаттық: - Өзбекстандағы жергілікті басылымдардың кейбірі «ел латын қарпіне әлі толық көшкен жоқ» деп жазады. Ширек ғасыр өтсе де Өзбекстанның жаңа әліпбиге толық көше алмай жатуының себебі неде?
Жахонгир Маматов: - Өзбекстанның бұрынғы басшысы негізінен кириллицаны құп көрген. Талап болмаған соң, үкімет мүшелері мен маңайындағы қызметкерлері де кириллицада жазды. Баспасөз де жаңа әліпбиді аса елей қоймады. Латын графикасындағы өзбек әліпбиінде тек мектептер мен ЖОО-да ғана оқытылады. Бұл халықтың екі топқа бөлінуіне алып келді: жастар латын қарпінде оқып-жазады, қарттар бұрынғы кириллицада қалып қойды. Қазіргі өзбек тілінің жағдайы осындай.
Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.