Accessibility links

"Өмір сүргім келеді деп айғайлады". Мариуполь драма театрына шабуылды көзімен көрген адамның әңгімесі


Мариуполь тұрғыны Виктория Дубовицкая қызымен.
Мариуполь тұрғыны Виктория Дубовицкая қызымен.

Мариуполь тұрғыны Виктория Дубовицкая Ресей әскері ішінара басып алған қалада екі кішкентай баласымен үш апта бойы толассыз жауған бомба астында үреймен өмір сүрді. Олар көбіне Мариупольдің мыңнан астам өзге тұрғынымен бірге қаладағы драма театрды паналап отырды. Виктория мен балалары 16 наурызда кешке Ресей қарулы күштері жасаған алапат әуе шабуылынан әупірімдеп аман қалған. Виктория басынан өткен жайтты "Настоящее время" сайтына баяндап берді.

Виктория Дубовицкая 24 ақпанда шырт ұйқыда жатып, соғыс басталғанынан хабарсыз болғанын айтады. Ресей күштерінің шабуыл жасағанын ол көршісінен естігенде бір-ақ білген.

"Ол маған: "Сен не, соғыс басталғанын білмеймісің?" деді. Білген жоқпын дедім. "Түндегі атысты да естіген жоқсың ба?" деп сұрады. Мен тағы да жоқ, естімеппін дедім. Қатып ұйықтағаным сонша, ештеңе естімеген едім, – дейді Виктория. – Көршім: құрғақ тамақ болса да, жейтін бірдеңе сатып ал, сосын суды көбірек ал деді".

Соғыс басталар алдында Викторияның күйеуі Дмитрий отбасына нәпақа табу қамымен Польшаға жұмыс істеуге кетіп, келіншек кішкентай екі баласымен үйде қалған еді. Соғыс басталысымен бірден қаладан кетпеген, өткені Ресей әскері Мариупольді басып алады-ау, бір айдан астам уақыт толассыз атыс астында, қиын-қыстау жағдайда қоршауда қаламын-ау деп мүлде ойлаған жоқпын дейді ол.

"Бастапқыда үрейленген жоқпын, себебі мұндай болады деген ойымызға келмеген. Иә, бәлкім шеткері жақта атысып-шабысып қояр, бірақ Мариупольге шабуылдап, тас-талқанын шығарады деп ешкім ойлаған жоқ" дейді Виктория.

Бастапқыда үрейленген жоқпын, себебі мұндай болады деген ойымызға келмеген

Соғыс басталғаннан кейін Виктория балаларын жеке меншік үйдегі төңкерілген ваннаның астындағы шұңқырға жасырыпты. Кейінірек құрбысы тұратын көпқабатты үйдің жертөлесін паналаған. Оның сөзінше, қалада ешкім өзін қауіпсіз жердемін деп сезінбеген.

2 наурыздан бастап Мариуполь жарықсыз (Ресей артиллериясы шабуылынан қаладағы электр қуатын беретін станциялардың барлығы істен шықты), сусыз қалды, байланыс та үзілді. Сол күні Викторияға күйеуімен телефонмен сөйлесудің сәті түскен. Күйеуі жұбайына тезірек драма театрға барыңдар деп кеңес берген. Дмитрий украин еріктілері сол жерден адамдарды "жасыл дәлізбен" Украинаның батысына алып шығып жатыр деп естіпті.

"Сондай дәліз болады деген ақпаратты интернеттен оқып білдім. Әйеліме драма театрға жетіп алыңдар деп кеңес бердім, – дейді Викторияның жұбайы Дмитрий Дубовицкий. – Ал драма театрға зымыранмен шабуыл жасалғанын естігенде менің қандай күйде болғанымды сезіп отырған шығарсыз. Тірі ме, жоқ па деген ой жанымды жегідей жеді. Не де болса барып, отбасымды іздеп табуым керек деп шештім".

Драма театрдан адамдарды эвакуациялаған деген ақпарат расталмаған: қаланы қоршауға алған Ресей әскері Мариуопьге тұрғындарды эвакуацияламақ болған украин көліктерін өткізбей қойған. Қаладан шығудың жалғыз жолы – Мариупольден шамамен қырық километр жердегі, украин күштері бақылауындағы ауылға дейін жаяу жүріп жету. Бірақ ол жол өте қауіпті еді: адамдар жүрген жолды үнемі атқылайтын.

Сондықтан мыңнан астам адам драма театрды, нақтырақ айтқанда, оның жерасты қабатын паналауға мәжбүр болды. Үйлері жермен-жексен болып қираған олардың басқа баратын жері де жоқ еді. Виктория театрға тығылған жұрт орын да, тамақ та жетпей, қатты қиналғанын айтады.

"Қолымызда барды талғажау еттік: печенье, алма, кәмпит. Балалар соны ғана жеп, жан сақтады. Кейін әскерилер келгенде қандай жағдайда отырғанымызды бір-ақ білді. "Азов" полкының адамдары: "Мұнда осынша көп бала, адамдар барын білген жоқпыз" деді. Олар бізге тамақ әкелді, ас дайындау үшін от жақты".

Викторияның сөзінше, украин әскерилері бейбіт адамдар паналаған драма театрына күніне бір рет келіп, эвакуациялауға дәліз ашыла ма, жоқ па деп сұраған жұртқа хабар жеткізіп тұрған. Бірақ ондай жақсы жаңалық көпке дейін болмаған. Ресей әскері драма театрды бомбалар қарсаңда Викторияның екі жасар қызы өкпесі қабынып ауырған. Сосын Виктория мен балаларын жеке орынға – жарықтандыру бөлмесіне ауыстырған.

Бізбен бірге бөлмеге бөтен ұл бала кіріп: "Сіздермен бірге тұруыма бола ма?" деп сұрады.

"Бізбен бірге бөлмеге бөтен ұл бала кіріп: "Сіздермен бірге тұруыма бола ма?" деп сұрады. Мен "мейлі, бізбен бірге отыра бер, Назарчик" дедім. Жарылыс болған кезде төртеуміз: үш бала және мен бірге едік. Жарылыстан қабырға құлап түсті, толқын екпіні мені ұшырып жіберді, қарсы қабырғаға барып соғылдым, бет-аузым қан-жоса болып, арқамды жарақаттады. Бірақ дәл сол сәтте оның ешқайсын сезген жоқпын. Бар ойым балаларда еді, балалар қайда, солар не болды деумен болдым. Шошып кеткен екі бала – ұлым мен Назарчик айғай салды. Олар "Өмір сүргім келеді", "көмектесіңдерші" деп жанұшыра айғайлады.

Виктория бір қолымен қатты қорқып қалған екі ұлды қашып кетпесін деп мықтап ұстап, екінші қолымен жанталаса қиранды арасынан екі жасар Настяны іздеп аласұрғанын айтады.

"Арада бірнеше минут өтті. Бір кезде оны таптым! Сол сәттегі қорқыныш-үрейді айтып жеткізе алмаймын! Мейлі, қолы я аяғы жұлынса да, тірі болса екен деп тіледім, – деп жылды ана. – Ал бір кезде қызымның "Маматайым!" деген даусын естігенде тірі екенін білдім".

Балалар да, Викторияның өзі де қатты зардап шекпей, аман-сау қалған. Қираған жерден шыққан олар паналайтын басқа жер іздеп жүгірген. Драма театрға жасалған сол шабуылдан 300-ден астам адам қаза тапқанын ол кезде ешқайсы білмеген еді.

"Біз жанталаса жүгірдік, өйткені жан-жағымызда оқ жауып, ғимараттар өртеніп жатты. Бір ғимаратқа снарядтар түсіп, жарылып жатқанын көрдік. Төңіректің бәрін түтін басты, біз жүгіріп келеміз. Қызымды иығыма отырғызып, ұлды қолынан тас қылып ұстаған қалпы жүгіре бердім".

Сол шақта Дмитрий Дубовицкий Мариупольдің шетіне іліккен еді, бірақ өз отбасын таба алмады. Кейін белгілі болғандай, Виктория сол қашқаннан ресейлік әскерилер уақытша басып алған Никольское ауылынан бір-ақ шыққан. Ерлі-зайыпты сол жерде табысқан.

"Мінезім берік адаммын. Бірақ ол кезде олардың тірі я өлі екенін біле алмай, тізімнен де, ешқайдан таба алмай жүрдім. Көзіме жас үйірілді. Оларды тауып алған сәтте әйеліме "Тезірек жинал, бізді еріктілер күтіп тұр" дедім. Ал ол не болып жатқанын, менің қайдан пайда болғанымды түсінбей жылай берді" дейді Дмитрий Дубовицкий.

Дмитрий өзі тұрған, бес саусағындай білген Мариуполь қаласы қазір жермен-жексен болғанын айтады. Ресей әскерінің бейбіт халыққа неліктен соншалықты өшпенділік пен қатыгездік танытқанын түсіне алмайды.

Мейлі, президенті ауру болсын. Бірақ әскерилер – олар адам емес пе! Олардың да балалары, туған-туысы бар ғой.

"Олардың ойында не барын білмеймін. Мейлі, президенті ауру болсын. Бірақ әскерилер – олар адам емес пе! Олардың да балалары, туған-туысы бар ғой! Неге бұлай істейді? – дейді Дубовицкий. – Әйелім Володарскіде (Никольское ауылының бұрынғы атауы – НВ.) болған кезде, сондағы ресейлік әскерилер оған "драма театрды ішінен "Азов" батальоны жарып жіберді депті. Бірақ сол жерде болған әйелім шын мәнінде не болғанын көрді ғой!"

"Олардың неліктен дәл Мариупольді таңдап алғанын түсінбеймін. Олар: сендерді азат етеміз дейді. Неден азат етпек? Біздің тамаша қаламыз болды, бәріміз орысша сөйлейтінбіз. Мен украинша да жақсы білемін, сөйлей аламын, мені ешкім, ешқашан кемсіткен жоқ!" дейді Виктория.

Дубовицкийлер отбасы Львовтан уақытша Польшаға кетуді жоспарлап отыр. Бірақ Украина жеңіске жеткен соң міндетті түрде туған қаламызға ораламыз дейді.

"Настоящее время" материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG