Accessibility links

Жұмыс істейтін әйелдердің тұрмыс-тіршілігі


Университет оқытушысы болып істейтін Динара Қиялова ұлы Абзалмен. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.
Университет оқытушысы болып істейтін Динара Қиялова ұлы Абзалмен. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл.

Азаттық өзінің хабар тарату аймағындағы әйелдерден жұмыс пен бала тәрбиесін ұштастыру туралы сұраған еді.


Қазақстан: «Сыртта жұмыста жүріп, үйді сағынасың»

Алматыдағы университеттердің бірінде оқытушы болып қызмет атқаратын 27 жастағы Динара Қиялова үшін әр күн бір-біріне ұқсамайды. Оның Абзал есімді 4 жасар ұлы мен Айғаным атты 2 жасар қызы балабақшаға барады. Мұнай жабдықтары өндірісінің бағдарламашысы болып істейтін күйеуі екеуі жұмыстарына күнделікті таңертеңгі сағат жетіден кіріседі, содан үйге кешкі сегіз кезінде оралады. Қиялованың ата-анасы жақын тұрғандықтан олардың үйіне солар қарайласады. «Анам ас дайындап, үй жинап, бала қарайды, әкем оларды мектептен алып келеді» дейді келіншек.

Хабар тарату пәнінен сабақ беретін Динара Қияловаға қызметі де ұнайды. «Көп адамдармен кездесесің, әдемі киініп, тартымды көрінуге тиіссің» дейді Динара.
Динара Қиялова ұлы Абзал және қызы Айғаныммен. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл
Динара Қиялова ұлы Абзал және қызы Айғаныммен. Алматы, 5 наурыз 2013 жыл
«Студенттермен күнде кездесемін, сондықтан соңғы құбылыстармен таныспын». Дегенмен кейде үйде отырсам деген ой да пайда болатынын жасырмайды.

Келіншек жұбайы екеуінің тағы бір сәбилі болғысы келетінін айтады. Алайда онда жұмыстан шығуға тура келеді дейді Динара. «Балаға анасының қасында көбірек болғаны жақсы, үйге келген қонақтар да қонақжайлылықты сезінуі керек». Бірақ бір жалақымен өмір сүру отбасына қиындау тиеді, күйеуінің қызметі жақсы, дегенмен әйелі үйде баламен отыратын болса оған көбірек еңбектенуге тура келеді. «Дәл қазір мен өзімнің емес, жұбайымның қызметінің өсуіне жағдай жасаймын» дейді әйелі.

Әзербайжан: «Жақсы жағынан қиын тұстары басым»

Ройя Рафиева күнұзақ кеңседе жұмыс істейтін бухгалтер анасының тірлігін бақылап өскенін айтады. «Кейде ол мені өзімен бірге қызметке алып баратын, үй тапсырмасын сонда орындайтынмын» деп еске алады 31 жастағы келіншек. Қазір Ройя Рафиеваның өзі де жұмысбасты анаға айналды. Бакудегі басылымдардың бірінде істейтін журналист әйел 8 жасар Шакир және 3 жасар Амин атты екі ұлдың анасы.

Рафиеваның тірлігі таңертеңгі сағат алтыдан басталады, ұлдарының таңғы асын қамдап, үйді жинаған соң, Шакирды мектепке, Аминды балабақшаға аттандырады. «Ени Мусават» газетінің тілшісі ретінде Рафиева кейде кешкі
Журналист Ройя Рафиева ұлы Шакирмен тотықұсты қызықтап отыр. Баку, 5 наурыз 2013 жыл
Журналист Ройя Рафиева ұлы Шакирмен тотықұсты қызықтап отыр. Баку, 5 наурыз 2013 жыл
​ ​сағат 8-ге дейін жұмыста бөгеледі. Сондықтан Аминды балабақшадан алуды бала бағушы адамға міндеттеп, оған қосымша ақша төлейді. Рафиеваның жұбайы кафеде менеджер болып істейді, оның жұмысы тіпті көп, кейде үйге түн ортасы ауа келеді. «Соңғы рет біз жаңа жылдың алдында ғана бірге отырып ас іштік. Соның өзі бір сағатқа ғана созылды, сосын жолдасым жұмысқа кетті» дейді Ройя Рафиева.

Әзербайжанда жас отбасылардың көпшілігі бала тәрбиесін ата-әжесіне сеніп тапсырады. Бірақ Рафиеваның әке-шешесі мен ата-енесі Бакуден алыста тұрады. «Кейде қатты шаршап келемін, тіпті ас дайындауға мұршам келмейді» дейді Ройя. Дегенмен ол отбасындағы бос уақытын Шакирдың үй тапсырмасына көмектесуге, үй жануарларын қарауға және үй ішін тазалауға арнайды. Мектептен келген соң пәтерде жалғыз отыратын Шакир анасының көп жұмыс істейтініне шағым айтады. «Балаларымды күніне 3-4 сағат ғана көремін. Отбасымды қаржыдан тарықтырмайтынымды көңілге медеу етемін. Бірақ осы тірліктің қуанышынан қиындығы көп» дейді ол.

Ирак: «Өзімді пайдалы адам сезінетін жұмыспен айналысамын»

Иман Мохаммед өз отбасындағы жұмыста ұзақ айналғанды жақсы көретін тұңғыш әйел. «Колледжді бітірген бетте жұмысқа орналасуға өтініш бердім» дейді Бағдаттың маңындағы Әл-Байяда тұратын 36 жастағы мектеп мұғалімі. «Үнемі жұмыс істегеннен ләззат аламын, күйбең тірліктің көрінісі жұмыс
Ирак әйелі Иман Мохаммед пен оның қыздары Шахад, Шамс және Батул.
Ирак әйелі Иман Мохаммед пен оның қыздары Шахад, Шамс және Батул.
істегенде өзгеріп кетеді» дейді ол. Қазір Иманның үш қызы бар, Шахад пен Шамс бастауыш мектепте оқиды, ал Батул – 15 айлық бөбек.

Анасы қыздары да өз жолын қуып, өскенде қызмет етеді деп үміттенеді. «Шахад дәрігер болуды армандайды» дейді Иман мақтанышпен. Оның пікірінше, «үйде қамалып отырған адамның бір күні екіншісіне ұқсап, өмірі солғын тартады». Басқа да жұмыс істейтін аналар сияқты Иманның да көп уақыты мансап қуудан көрі үй тірлігіне кетеді. Отбасына ас дайындау, үйді таза ұстау сияқты шаруалар Иманның мойнында.

Әдетте ол таң намазынан соң таңертеңгі асты әзірлеп, қыздарын мектепке жібереді. Ал қызметі түскі ауысымға түскенде жұбайы үйге келіп, балаларға қарайды. Күйеуі екеуі жұмысқа қатар кеткенде Иман Батулды көршісіне қалдырады, оған сол үшін жалақы төлейді. Америкалық әскерилер келгеннен бері қызын балабақшаға апаруға қорқады, оның үстіне елде балалар сырқаты да өршіп тұр. Иманның айтуынша, басқа әріптестері жұмыстан шаршадық деп шағымданады: «Күні бойы тік тұрып сабақ береміз, үйде де бірнеше баспалдақтан көтерілу керек». Дегенмен Иман Мохаммедтің қызметінен бас тартқысы жоқ. «Бұл жұмыс менің өмірімді мәнді етеді» дейді ол.

Тәжікстан: қызмет пен үй тірлігін қатар ұстау

Шахноз Комилзода ресейлік «МегаФон» мобильдік байланыс операторының Душанбедегі кеңсесінде жұртшылықпен байланыс бөлімінде істейді. Кеңседе отырып та, 8 жасар ұлы Суруш пен 6 жасар қызы Мумтазды естен шығармайды. «Балалары бар анаға мансап қуып, биікке өрлеу өте қиын. Балаларымның бірі ауырып қалса жұмысқа дұрыс көңіл бөле алмаймын. Үнемі үйге қоңырау шалып, олардың жағдайын біліп отырамын» дейді ол.

Тұрғындардың басым бөлігі кедейлік пен жұмыссыздық зардабын көріп келе жатқан бұл елде Комилзоданың тұрмыс жағдайы әлдеқайда жақсы саналады.
Тәжікстандық іскер әйел Шахноз Комилзода ұлы Суруш пен қызы Мумтазға үй тапсырмасын орындауға көмектесіп отыр. Душанбе, 5 наурыз 2013 жыл
Тәжікстандық іскер әйел Шахноз Комилзода ұлы Суруш пен қызы Мумтазға үй тапсырмасын орындауға көмектесіп отыр. Душанбе, 5 наурыз 2013 жыл
Жұбайы бала қарауға көмектеседі, ата-анасы жақын тұрады, айына 135 АҚШ долларын төлеп 2 бала күтуші жалдайды. Комилзода үйде болғанда іскер әйелдің бейнесінен шығып, дәстүрлі киім киіп, балаларымен ойнайды. Мумтазға мәнті немесе тұшпараға арнап қамыр жаюды үйретеді. Комилзоданың айтуынша, жұмыс пен үй тірлігін ұштастыру табиғи нәрсе. Оның ата-анасы да ес білгеннен бері жұмыс істеп келеді, ал жеке үйінің кілтін 6-сыныпта қолына ұстатқан екен. «Үйге келген соң әке-шешемнің жұмыстан оралуын күтіп отыратынмын» дейді ол.

Дегенмен Комилзода балаларының жұмысбасты анасын сағынатынын біледі. Егер тағы бір перзент сүйгілері келсе жұмыстан бас тартуына тура келетінін мойындайды. «Балаларды аяқтан тұрғызу үшін еңбек ете жүріп оларға жеткілікті көңіл бөлу қиынға соғады. Үйге келген соң балаларымның алдымнан жүгіріп шығып, мені құшақтап, сүйгені мен үшін ең қуанышты сәт. Олардың дауысын естігенді жақсы көремін» дейді Шахноз.

Пәкістан: «Көп сөгіс естідім»

Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы әйелдер үшін үй тірлігінен басқа шаруамен айналысу әлі күнге дейін ерсі саналады. Бірақ отбасында жеті қыздың үлкені болған Шазма Халим ер баласы жоқ үйді асырау үшін 30 жыл бұрын қызметке шыққан. «Туысқандарым мен ауыл тұрғындары мені көп сөкті»
Пәкістандық әйел Шазма Халим Пешеварда танымал теледидар және радио актрисасы.
Пәкістандық әйел Шазма Халим Пешеварда танымал теледидар және радио актрисасы.
деп еске алады қазір Пешевардағы танымал теледидар мен радио актрисасы. «Әйелдің жұмысқа шығуы біздің мәдениетімізге қайшы саналады. Бірақ мен өз ісімнің оң екенін дәлелдедім. Қазір олар мені мойындайды».

Машал мен Абдал есімді екі ұлы бар Халим жұмысбасты болса да қазіргі өміріне разы. Таңертең ерте тұрып, ұлдарына ас әзірлейді, оларды мектепке жібереді. Жұбайы Акил да журналист, екеуі кешке ұлдарының үй тапсырмасына көмектеседі.

Білімді жоғары қоятын Халим «балаларымның білім алғанына қуанамын, мектептен жақсы баға алып келсе өзімді бақытты сезінемін» дейді. Шаңырақ құрған 11 жыл ішінде өзінің жұмыс істеуіне кедергі келтірмеген жұбайына ризашылық білдіреді. «Ол маған барынша көмектеседі. Оның көмегі болмаса әлі күнге дейін әкемнің үйінде отыратын едім» дейді Халим.

Черногория: үйді кеңсеге айналдырған келіншек

Подгорица ТВ Vijesti телекомпаниясы директорының орынбасары болып істейтін 37 жастағы Марьяна Кадич-Боянич осыдан жеті ай бұрын қызы Искра дүниеге келгенде де жұмыстан қол үзген жоқ. Тек қызметін үйге ауыстырды. «Қызымды
Марьяна Кадич-Боянич балалары Дэвид, Никса және Искрамен бірге. Подгорица, Черногория, 5 наурыз 2013 жыл
Марьяна Кадич-Боянич балалары Дэвид, Никса және Искрамен бірге. Подгорица, Черногория, 5 наурыз 2013 жыл
кем дегенде бір жыл емізгім келеді» дейді үш баланың анасы. 8 жасар Никса мен 10 жасар Дэвид аналарының қолғабысы. «Телефон шырылдағанда олар дауысына қарап қайсы маңызды екенін ажыратады» дейді Марьяна.

Маңызды кездесулер болғанда Марьяна кішкентай Искраны анасына қалдырып, аз уақытқа кеңсеге кіріп шығады. Бірақ баласын емізу үшін үйге асығады, ұлдарын да мектепке өзі аттандырады. Сосын қайтадан Искраны анасына беріп, Никса мен Дэвид оралғанша жұмысының басым бөлігін істеп тастауға тырысады. Бірақ жұмыс та жетіп артылады, кешке дейін істеуге тура келеді. «Баланы күйеуіме қаратып, ұлдардың сабағын әзірлеуге көмектесуді міндеттеймін. Өзім түнге дейін жұмыс істеймін» дейді Марьяна.

Украина: жұмыс істеу – күнә емес

8-наурыз Наталья Бойконың үйінде атаулы мереке емес. Ол православтық дін қызметкерінің әйелі ретінде діни мейрамдарды атап өткенді ұнатады. 28 жастағы Бойко мен күйеуі Петроның Владимир атты 2-жасар ұлдары бар. «Воваға шоқынуды үйреттік. Ол барлық діни мейрамдар мен ауыз бекіту туралы біледі» дейді Наталья. Бірақ ол діни көңіл-күйге қарамастан баланы асырап-
Наталья Бойко жұбайы Петро және ұлы Владимирмен бірге. 5 наурыз 2013 жыл
Наталья Бойко жұбайы Петро және ұлы Владимирмен бірге. 5 наурыз 2013 жыл
жеткізудің міндеті ауыр екенін түсінеді. «Басқа аналар сияқты менің де ұйқым қанбайтын түндерім көп. Бір жақсысы, жұбайым көмектеседі. Вова оның қасында өзін тыныш ұстайды. Маған аздап еркелейді».

Наталья Бойко мектепке дейінгі мекемеде мейірбике және мұғалім болып істейді, сондықтан ұлы да күннің жартысын сонда өткізе бастады. Анасының баласына деген махаббатын діндардың Құдайға деген махаббатымен салыстыратын Бойко үшін бұл тамаша мүмкіндік. «Баламның қасымда болғаны маған да, оған да жақсы» дейді ол. Күйеуі екеуі бірден жұмысқа кеткенде баланы жақын таныс, туыстарына қалдырады. Бойконың айтуынша, күйеуі отбасынан көмек алғаны үшін өзін айыпты сезінеді. Бірақ жұмыс істеудің күнә саналмайтынын айтқан ол қызметінен бас тартпаймын дейді. «Егер қызметсіз бос отырсаңыз тамақ ішіп, ұйықтағаннан басқа ештеңе бітірмейсіз, аурудың бәрі сізді маңайлайды, сосын жалқаулық басады» дейді әйел.

Татарстан: «Барлық салмақ әйелдің иығына түседі»

Екі баланың анасы, 31 жастағы Лайсан Ахметованың отбасылық тірлікпен қоштасуына бірнеше апта қалды. Үш жыл бұрын сәбилі болған соң ол декреттік демалыста отырды. Енді Татарстанның астанасы Қазандағы полиция қызметкері жұмысына қайта шығады. Қалада универсиадаға дайындық жүріп
Лайсан Ахметова қызымен бірге сырғанақта жүр, Қазан, Татарстан.
Лайсан Ахметова қызымен бірге сырғанақта жүр, Қазан, Татарстан.
жатқандықтан полицияға ерекше міндет жүктеліп отыр, сондықтан бастығы одан қызметке ертерек шығуды өтінген. Уақытша тергеу орнында әкімші болып істейтін Лайсан 24 сағаттық ауысымға түседі, сосын 3 тәулік демалады.

Ахметова үйіне жақын тұратын анасына сүйенеді. Анасы 3 және 7 жастағы қыздарын бір демалысқа, кейде тіпті одан да көп уақытқа алып кетеді. Лайсанның жұбайы да полиция офицері болғандықтан ауысымға түсу оған өте ауыр соғады. Бірақ бастығының өтінішін жерге тастаса, жұмысқа орала алмаймын ба деп қорқады. «Ұзақ уақыт декрет демалысында отырғандықтан, жұмысқа шыққан соң дәрігерден еңбекке жарамсыздық туралы құжат-қағаз әкеле алмайсың деп ескертіп қойғаны тағы бар» дейді Лайсан.

Декреттік демалыста отырса да Ахметова жұмыс істейді, тапсырыс берушілердің шақыруымен солардың кеңсесіне немесе үйлеріне барып, әйелдердің шашын сәндейді. Бұл жұмыс оған ұнайды әрі жалақысы да жақсы. Әсіресе 8-наурызда әжептәуір ақша табуға болады. Бірақ полицияның да жалақысы жоғары, ал Лайсанның отбасына пәтер алу керек. Мүмкіндік берсе әлі де үйде отырғысы келетінін айтқан келіншек кішкентай бала күтімі мен жұмысты қатар алып жүрудің өте қиын екендігін айтады. «Бірақ барлық ана сол міндетті шамасы келгенше атқарады. Барлық ауыртпалық әйелдің мойнына түседі» дейді Лайсан Ахметова.

Азаттық тілшілерінің материалдары негізінде автор Дейзи Синделар әзірлеген мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG