Accessibility links

Күйеуі ұратын әйел - ең қорғансыз жанның бірі


Зорлық-зомбылық көрген әйел. (Көрнекі сурет)
Зорлық-зомбылық көрген әйел. (Көрнекі сурет)
«Қазақстанда зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған дағдарыс орталықтары қалған жоқ. Билік «елімізде тұрақтылық» деп жар салғалы шетелдік демеушілер грант бермейтін болды» дейді мамандар.

Жасы 25-тер шамасындағы Айгүл – көрікті келіншек. Ол Астанадағы жеке меншік дүкендердің бірінде сатушы болып істейді.

Оның жұмыс күні кешкі сағат тоғызға дейін. Жайдары келіншектің жүзіндегі жылы шырай тіпті жұмыс күнінің аяғында да тарқамайды. Тек кейде қабақ шытып, мұңайып отыратыны бар.

Күздің жаймашуақ күндерінің бірінде, шолақжең жеңіл киіммен келген Айгүлдің білектерінің көгерген тұстары көрінді. Тағы бірде ол жұмысқа беті көгеріп келді. Оны жасыру үшін пластырьмен жауып қойыпты.

Азаттық тілшісі жас келіншектің қандай халге тап болғанын білуге тырысты. Алайда оның жауабы «Бұл – менің жеке шаруам, мұның ешкімге қатысы жоқ» деген сөз болды. «Сені кім ұрып жүр?» деген сұраққа Айгүл «барлық шаңырақта кикілжің болады ғой» деумен шектелді.

СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫ

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зүлфия Байсақова Азаттық тілшісіне «Айгүлге 150 деген нөмір бойынша сенім телефонына хабарлассын деп айтыңыз» деген кеңес берді. Осы телефон арқылы білікті маманның көмегін алуға болады. Ол «Айгүлдің маған келіп жолығуына болады» деп өзінің визиткасын да берді.

Зүлфия Байсақова «зорлық-зомбылықпен күресу үшін жұрт ондай жайттарға немқұрайды қарамауы тиіс» дейді.
Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зүлфия Байсақова. Астана,19 желтоқсан 2012 жыл.
Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зүлфия Байсақова. Астана,19 желтоқсан 2012 жыл.

«Аман-саулық» қоғамдық қоры жүргізген сауалнама бойынша, Қазақстанда 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдердің 12 пайызы, ал еркектердің 17 пайызы «әйелдің жазаға лайық жағымсыз қылығы болса, күйеуінің қол көтеруін» сөкет көрмейді немесе оны «қалыпты жағдай» деп санайды.

Дерек бойынша, 2012 жылдың алты айында әйелдерге қарсы 52 мың қылмыс жасалған. Сарапшылардың айтуынша, тұрмыстық қылмыс саны бұдан әлдеқайда көп.

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ АРНАЛҒАН НҰСҚАУЛЫҚ

2010 жылдың қаңтарында Қазақстанда «Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң күшіне енді. «Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымының мамандары «бұл заң жұмыс істемейді» дейді.

Ұйым төрайымы Бақыт Түменованың айтуынша, Қазақстанда тұрмыста зорлық-зомбылық көрген жандарға дәрігерлердің алғашқы медициналық көмек көрсетуіне мүмкіндік беретін стандарт жоқ. Оның пікірінше, зәбір көрген әйелдер әуелі медицина қызметкерлерінен көмек сұрап келеді, полицияға шағымданатындары аз.
«Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Бақыт Түменова. Астана, 19 желтоқсан 2012 жыл.
«Аман-саулық» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Бақыт Түменова. Астана, 19 желтоқсан 2012 жыл.

«Аман-саулық» ұйымының қызметкерлері құрастырған нұсқаулыққа сәйкес, медицина қызметкері зорлық-зомбылық фактісін тіркеп, қажетті айғақтарды жинап, алғашқы көмек көрсете алады. Бақыт Түменованың айтуынша, бірақ мұны қалай істеуді дәрігерлердің бәрі біле бермейді.

- Мысалы, беті көгерген әйел дәрігерге келді делік. Ол «Абайсызда құлап қалып, бетімді ұрып алдым» дейді. Өмірде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінен хабардар медицина қызметкері әлгі әйелді толық тексерістен өткізуі тиіс. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі туралы тиісті материалдарды жинай алады, - дейді Бақыт Түменова.

Нұсқаулыққа сәйкес, жиналған ақпаратпен бұдан әрі не істеу керектігін жәбірленуші әйелдің әуелі өзінен сұрау керек. Зәбір көрген әйелдің келісімімен ғана бұл іс тиісті орындарға тапсырылады.

«ӘЙЕЛДЕР ДӘРІГЕРГЕ КЕЛМЕЙТІН БОЛАДЫ»

Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының Астана филиалының директоры Айгүл Қапанова «әлемдік тәжірибеде бұрын қолданылған бұл практикадан көп елдердің қазір бас тартқанын» айтты.
Олай етсек адам құқығын шектейміз. Ол көмек алу үшін келді. Біз болсақ, аты-жөнін, жәбірлеушінің кім екенін сұраймыз.

- Біз олай етсек зорлық-зомбылық көрген адамның құқығын шектейміз. Оның тұлғалық дербестігін бұзамыз. Ол медицина ұйымына көмек алу үшін келеді. Біз болсақ, оның аты-жөнін, жәбірлеуші адамның кім екенін, қашан, қайда зәбір көрсеткенін тәптіштеп сұраймыз. Оның жанын мұндай сұрақтармен жараламай, керісінше, әлгі адамды қорғауымыз керек, - дейді Айгүл Қапанова.

Оның пікірінше, егер дәрігерге бұл міндет жүктелетін болса, олар сарапшылардың, тіпті сот-медициналық эксперттердің жұмысын атқаруға мәжбүр болады. Айгүл Қапанова «мұндай тексерістен кейін әйелдер медициналық мекемелердің маңына жоламайтын болады» дейді.

ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҚТАРЫ ГРАНТСЫЗ ҚАЛДЫ

Астана қаласында өткен дөңгелек үстелге қатысушылардың мәлімдеуінше, «Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған бірде-бір орталық немесе оларға пана болатын орын қалмауы үлкен қиындық тудырып отыр».

- Мұндай жағдай бола қалса, учаскелік милиционерден қайыр жоқ, ол бұл іске араласпайды. Күйеуің сені және балаларыңды ұрып-соқса, полицей сені әлдебір жерге қолыңнан жетелеп апара алмайды. Қысқаша айтқанда, әйелдің бас сауғалап барар жері жоқ. Әйел байғұсқа ешкім ақшалай көмектеспейді, сондықтан ол басындағы тауқыметті бір өзі көтеруге мәжбүр, - дейді дөңгелек үстелге қатысушы әйелдердің бірі.
Келіндердің аспаздық конкурсы. Талдықорған, қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Келіндердің аспаздық конкурсы. Талдықорған, қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы дағдарыс орталықтар одағының төрайымы Зүлфия Байсақова «бұрын дағдарыс орталықтары халықаралық ұйымдар бөлетін гранттың арқасында жұмыс істеп келгенін, енді қаржыландыру тоқтаған соң, бұл орталықтардың да жабылғанын» айтты.

- Бұл шаруаға грант алу мүмкін емес. Өйткені Қазақстан «бізде тұрақтылық, экономикалық мүмкіндігіміз мол» деп бүкіл әлемге жар салып отыр. Оның үстіне, Қазақстанның бюджет кодексі бұл орталықтарды жергілікті бюджеттен қаржыландыруға рұқсат бермейді, - дейді Зүлфия Байсақова.

Зүлфия Байсақова Алматыда зәбір көрген әйелдер көбінесе діни қауымдардың бірінің жанынан ашылған жәрдем орталығына жіберілетінін айтты. Дағдарыс орталығы Астанада да жоқ. Зүлфия Байсақованың айтуынша, Астанада адам саудасының құрбаны болған жандарға көмектесетін орталық бар, бірақ ол жерде күйеуі ұрып-соғатын әйелдерге орын жоқ.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG