Accessibility links

Помпео Қытай билігін «адам құқығын бұзып жатыр» деп сынады


Тяньаньмэнь алаңындағы күзет. Пекин, 4 маусым 2019 жыл.
Тяньаньмэнь алаңындағы күзет. Пекин, 4 маусым 2019 жыл.

Қытайдың Тяньаньмэнь алаңында болған наразылықтың 30 жылдығы қарсаңында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Пекин адам құқығын бұзуды әлі жалғастырып жатыр деп сынады. Помпео мәлімдемесіне Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі жауап беріп, оның сөзін жоққа шығарды.

Қытай билігі Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында қауіпсіздікті күшейтті. Қазір Тяньаньмэнь алаңында тексеру пунктері мен полиция көбейген. Reuters агенттігі сол маңдағы метро станциялары мен алаңда полиция туристер мен тұрғындардың құжатын тексеріп жатқаны хабарлады. Полиция шетелдік журналистерді алаңға өткізбей, суретке түсіруге де тыйым салды.

Полиция Тяньаньмэнь алаңында жүргендердің құжатын тексеріп жатыр. Пекин, 3 маусым 2019 жыл.
Полиция Тяньаньмэнь алаңында жүргендердің құжатын тексеріп жатыр. Пекин, 3 маусым 2019 жыл.

Дәл осы жерде 1989 жылы маусымның 4-і күні мыңдаған студент пен жұмысшылар наразылыққа шығып, биліктен демократиялық өзгерістер мен жемқорлықпен күресуді талап еткен. Алты аптадан кейін Қытай билігі Тяньаньмэнь алаңына әскер мен танк жіберіп, мыңдаған адамды өлтірген. Пекин Тяньаньмэнь алаңындағы наразылықта қанша адамның қаза тапқанын жариялмады. Қытай билігі бұл наразылық жайлы ашық айта бермейді.

Тяньаньмэнь алаңына кірген танкілер. Пекин, 1989 жыл.
Тяньаньмэнь алаңына кірген танкілер. Пекин, 1989 жыл.

​Коммунистік партия ертең, маусымның 4-і күні бұл оқиғаның 30 жылдығын ресми түрде атап өтпейді.

ПОМПЕОНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ НЕ АЙТЫЛҒАН?

Маусымның 3-і күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео отыз жыл бұрын Тяньманьмэнь алаңына шыққандарды «құқықтарын талап еткен Қытайдың батырлары» деп атады.

Майк Помпео.
Майк Помпео.

«АҚШ Қытай халықаралық қауымдастықпен бірігіп жұмыс істеп, ашық қоғам құрады деп үміттенген еді. Бірақ бұл үміт ақталмады. Бір партиялы Қытай билігі өзімен келіспейтіндерді жазалап, адам құқықтарын бұзып жатыр. Қазір Қытай азаматтары жаңа қысымға тап болды. Әсіресе коммунистік партия Шыңжаңда ұйғыр мәдениетін жоюға, ислам дінін ұстанатындарды жазалауға тырысып жатыр. Қазір бір миллионнан астам діни азшылық топтар қамауда отыр» деп жазылған Помпео мәлімдемесінде.

АҚШ мемлекеттік хатшысының сөзінше, «Қытай билігі өз құқығын қорғап, ойын ашық айтқандарды жазалап, қамайды».

«Біз Қытай билігін Тяньаньмэнь алаңындағы наразылықта қаза тапқан, іс-түссіз жоғалғандар жайлы барлық деректерді жариялауға шақырамыз. Пекинді өз құқықтарын талап етіп қамалғандарды, саяси көзқарасы, діни-наным сенімі үшін қамауда отырғандарды босатуға шақырамыз. Қытай Конституциясында билік халыққа тиесілі деп жазылған. Билік өз азаматтарының айтқанына құлақ асқанда, заң үстемдік құрғанда, адам құқығын құрметтегенде ұлттың мықты болатынын тарих көрсетті» деді Помпео мәлімдемесінде.

ҚЫТАЙДЫҢ ЖАУАБЫ

Қытайдың Вашингтондағы елшігінің өкілі Помпео сөзін «қытай халқын қорлау» деп мәлімдеді. Елшілік өкілінің сөзінше, Қытай 1989 жылғы Тяньаньмэнь алаңында болған саяси оқиғаға қатысты үкім шығарған.

Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі «Помпео адам құқығын сылтау етіп, Қытайдың ішкі ісіне араласты» деді. Елшілік пікірінде «Қытайдың тыныштығын бұзғысы келетіндер тарихтың үйіндісіне айналады» деп жазылған.

Тяньаньмэнь алаңындағы наразылық. Пекин, 1989 жыл.
Тяньаньмэнь алаңындағы наразылық. Пекин, 1989 жыл.

Қытай билігі 30 жыл ішінде 1989 жылғы Тяньаньмэнь алаңындағы оқиғаны еске алатын шара ұйымдастырмады. Жақында Қытайдың қорғаныс министрі Вей Фэнхэ Сингапурдегі аймақтық форумда «Орталық үкімет Тяньаньмэнь алаңындағы саяси толқуды тоқтату үшін дұрыс әрекет жасады. Сол кезде жасалған жұмыстардың арқасында қазір Қытай халқы бақытты өмір сүріп жатыр» деді.

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдар бұған дейін де бірнеше рет Қытай үкіметінен 1989 жылғы оқиғаға тәуелсіз тексеру жүргізу туралы ұсыныс айтқан. Бірақ Пекин бұл ұсыныстарға құлақ аспаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG