Accessibility links

«Тәтешкалар» мен АҚШ-тағы «алғашқы қазақ легионері»


Тілшілерге шабуылдаған әйелдер. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.
Тілшілерге шабуылдаған әйелдер. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.

Осы апта шетелдік баспасөз Қазақстандағы журналистерге жасалатын шабуыл мен қысым, АҚШ-тың әйелдер хоккей лигасындағы «алғашқы қазақ легионер» атанған Бұлбұл Қартаңбай және елдің танымал туристік орындары туралы жазды.

Постсоветтік елдер туралы жазатын Eurasianet.org вебсайты тамыздың 11-інде «Қазақстан: қорқыту үстемдік құрып, билік сөзді шектеуге бейіл» деген мақала жариялады. Басылымның жазуынша, жергілікті сөз бостандығын қорғаушылар елдегі хабар тарату ахуалы «билікке жаңа президент келгелі бері күрт нашарлады» деп санайды.

«ТӘТЕШКАЛАР»

Eurasianet.org биылғы шілденің 22-сінде Алматыдағы Халықаралық адам құқықтарын қорғау бюросының кеңсесінде бір топ адамның журналистерге шабуыл жасаған оспадар әрекетін сипаттайды. Автор көп балалы белсенді әйелдердің баспасөз мәслихатын өткізуге кедергі жасаған бұл өрескел заң бұзушылық кезінде аяғы ауыр Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаеваның қалайша зардап шеге жаздағанын, денсаулығына қандай қатер төнгенін атап өтеді. Басқа да жергілікті тәуелсіз журналистердің репортаж әзірлеуіне тосқауыл қоюшылардың көбейгені суреттеледі.

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?

Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:42 0:00

​«Қазақстан үшін таңсық жағдайда Нұрсұлтан Назарбаев наурызда президент қызметінен кеткен соң саяси белгісіздік байқалды. Режим жақтаушыларына қоғамдық наразылық көріністерін ең аз шекте ұстап тұру үшін салмақ түсіп тұр» деп жазады мақала авторы, Орталық Азия елдерін зерттеп жүрген ұлыбританиялық журналист Джоанна Лиллис.

Онлайн басылымның пайымдауынша, кезінде Украинада «титушки» аталып кеткен саяси демонстрациялардың шырқын бұзушылардың қорқыту-үркіту тактикасы Қазақстанға жеткенге ұқсайды. Жергілікті әлеуметтік желі қолданушылары билікпен ым-жымы бір болуы мүмкін бұл жаңа кейіпкерлерге «тәтешкалар» (соңғы оқиғалар кезінде журналистерге шабуыл жасаушылардың дені әйелдер болды – ред.) деп ат қойған.

Көре отырыңыз: Әкімнің айтқанына бас изеп, кейін тілшілерге шабуылдаған әйел

Әкімнің айтқанына бас изеп, кейін тілшілерге шабуылдаған әйел
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

​Мақала журналист Ермұрат Бапидың: «Егер бүгін Азаттық пен ҚазТАГ-тың журналистеріне шабуыл жасалса, ертең сізге, бізге, тұтас Қазақстан халқына шабуыл жасалмақ. Баршаңызды бұл жағдайға жіті мән беруге шақырамын» деген пікірімен аяқталады.

БҰЛБҰЛДЫҢ ДЕБЮТІ

АҚШ-тың ұлттық әйелдер хоккей лигасының (NWHL) хабарын жеткізетін ақпарат ресурсы The Ice Garden тамыздың 16-сында «Бұлбұл Қартаңбай Riveters командасымен келісім-шартқа қол қойып, NWHL тарихындағы алғашқы қазақ ойыншыға айналды» деген тақырыппен жаңалық жариялады.

Бұлбұл Қартаңбаева, Хоккейден Қазақстан құрамасының ойыншысы.
Бұлбұл Қартаңбаева, Хоккейден Қазақстан құрамасының ойыншысы.

«Екі-ақ жыл бұрын Қартаңбай хоккей таяғын ұстау шеберлігін көрсету үшін Twitter аккаунтын ашып, «АҚШ-та ойнағым келеді» деген арманын айтқан. Енді, міне, канадалық Boston Blades командасының сапында осы мақсатына жақындай түсіп, соңғы маусымның дайындығын Калгариде өткізген соң 5900 миль қашықта туған арманы орындалды» деп жазады вебсайт.

Хоккей лигасына берген комментариінде қазақстандық спортшы: «Арманым орындалды... Алдымнан мүмкіндік ашқан өмірге разымын. Енді NWHL-де әлемдегі үздік ойыншылармен сайысқа түсетін мезгіл туды» деген.

Команданың бас менеджері Кейт Уитман Эннис: «Бұлбұлға Riveters бен NWHL-ге қош келдің деуге шын қуаныштымыз. Оның шеберлігі, ойынға деген талапшылдығы мен адам сенгісіз ерік-жігері командамыздың құнды ойыншысы және жанкүйерлеріміздің сүйіктісіне айналдырады» деп мәлімдеген.

The Ice Garden-нің хабарлауынша, Бұлбұл Қартаңбаева АҚШ-тағы нью-джерсилік Metropolitan Riveters-ке ауысқанша канадалық Calgary Coyotes командасында ойнап, 19 ойында 29 ұпай жинаған (8 шайба өзі соғып, 21 шайба соғушы командаласына дәл пас берген). Басылым биылғы тамыздың 9-ында Бұлбұл туралы көлемді мақала да жариялаған. 26 жастағы Бұлбұл Қартаңбай нұр-сұлтандық «Томирис» клубы мен Қазақстан құрамасының ойыншысы ретінде танылған еді.

2015 құрылып, жылдам дамып келе жатқан АҚШ-тағы әйелдердің кәсіби хоккей лигасында бес команда ойнайды.

ШЫМБҰЛАҚ, КӨК БАЗАР МЕН ҚЫМЫЗ

Тамыздың 14-інде Forbes журналы Орталық Азия елдерін екі аптада қалай аралап шығуға болатыны туралы жолжазба жариялады. Advantour’s Central Asia турымен аймақты аралап шыққан автор Бреанна Уилсон сапарын 2017 жылдан бері АҚШ азаматтарын 30 күнге визасыз қабылдайтын Қазақстаннан бастағанын баяндайды.

Журналист Алматыдағы көз тоқтатып, арнайы баратын туристік орындар ретінде Панфиловшылар паркін, Вознесенск кафедралы шіркеуін, Республика алаңын және Мемлекеттік орталық музейді атайды. Бірақ келушілерді «әдемі тау көрінісімен» тәнті ететін Шымбұлақтың орны бөлектігін жазады.

«Шымбұлақ сол күні ең қатты ұнаған көріністі көзіме тосқанмен одан сәл ертерек Көк базарға тез бас сұғып, әйгілі ет пен жеміс сататын қатарларын көріп шықтық. Қай тарапқа қарасаң да, совет ықпалының толы екені байқалатын Қазақстандағы тіршілікті ішінен бір көрсетті» деп жазады автор.

Журналист шетелдік саяхатшыларға Шымбұлақтың басына аспалы жолмен бір шығып көріңіздер және бұл елден қымыздың дәмін таптай кетпеңіздер деп кеңес қылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG