Армения астанасы Ереванда маусымның 22-сінен бері электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына қарсы бірнеше мың адам қатысқан наразылық шарасы өтіп жатыр. Бұл шараға елдегі Гюмри, Ванадзор, Аштарак және Абовян сияқты қалалары да қосылды. «Электромайдан» деген бейресми атауға ие болған бұл шараға қатысушылар электр энергиясы бағасын 16 пайызға қымбаттату шешімі жойылғанша кетпеуге бекініп тұр.
«ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІНЕ ДЕ БЕЛГІ»
Азаттық тілшісі қазақстандық саясаткерлерге «Еуразия экономикалық одағына (ЕЭО) мүше Арменияда басталған жаппай наразылық акциясынан ол елдің осы ұйымдағы одақтасы Қазақстан қандай қорытынды шығаруы мүмкін?» деген сауал қойды.
Тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосанов «үлкен қақтығыстар кішкентай оқиғалардан басталатынын» айтады.
– Армениядағы электр қуаты ақысы өсуі – түрткі ғана, бұл оқиғаның түпкі себебі – Арменияда қордаланған әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелер, – дейді ол.
«Еревандағы наразылық кезінде Ресейге, ЕЭО-ға қарсы ұрандар айтылды» деген Әміржан Қосановтың пікірінше, Армениядағы халық белсенділігі пен саяси өзгерістер Қазақстанға да әсер етеді.
Тағы бір қазақстандық саясаткер Петр Своик «бірер жылда кейбір тарифтерді қымбаттатуды жоспарлап отырған Қазақстан үкіметі Армениядағы наразылықтан соң ойланады» деп есептейді.
– Қазақстанда жуықта қабылданған «Тарифтік саясат туралы» үкімет тұжырымдамасында тұрғын-үй шаруашылығы мен электр энергетикасына салынатын инвестиция 40 пайызға көтерілетіні көрсетілген. Әрине, ол инвестиция тариф есебінен көтеріледі. Сондықтан Армениядағы «тариф қарсылығын» Қазақстан үкіметіне де берілген белгі деуге болады, – дейді ол.
Әміржан Қосанов та, Петр Своик те әзірше Армениядағы наразылықтың анық көрінген жетекшілері жоқ екенін айтады.
Петр Своик «қарапайым халықтың мұндай ірі шараға саясаткерлердің араласуынсыз өздігінен шығуы екіталай, мұндай ауқымды наразылықты Армения оппозициясы да пайдалануы мүмкін» деп болжайды.
Ал Әміржан Қосанов кейбір ресейлік саясаткерлердің «Армениядағы қарсылықтың артында Батыс пен АҚШ тұр» деген пікірлерін «тоталитарлық жүйелердің ойдан шығаратын кезекті аңызы» деп сипаттады.
Армения қоғамдық қызметтерді реттеу комиссиясы маусымның 17-сі күні «тамыздың 1-інен бастап электр энергиясының тарифі 16 пайызға қымбаттасын» деген шешім шығарған. Бұл шешімге наразы тұрғындар наразылығы осы аптада қатты ұлғайған.
Елді электр қуатымен қанымдайтын «Армения электр желілері» компаниясының меншік иесі ресейлік компания болғандықтан қарсылық кезінде «елдегі Ресей компанияларына тиесілі кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару» мәселесі де айтылған.
Шерушілер Армения президентінің келіссөзге шақырғанына көнбей, тарифті қымбаттату туралы шешім өзгергенше тарамайтынын мәлімдеді.
Ал Армения қоғамдық қызметтерді реттеу комиссиясы «тарифті көтеру жөніндегі райынан қайтпағанын» маусымның 24-і күні Азаттық радиосының Армян қызметіне хабарлаған.