Accessibility links

Жалған Facebook аккаунттан құтылу амалы


Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукербергтің арнайы көк белгімен "расталған" парақшасы.
Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукербергтің арнайы көк белгімен "расталған" парақшасы.

Facebook танымал қолданушыларына арналған верификация (растау) функциясын қосқанын мәлімдеді. Бірақ Қазақстанда ол жаңалықты жайсыз қабылдаушылар да бар.

Әнші Мәдина Сәдуақасова әлеуметтік желілерде өзінің атынан ашылған жалған аккаунттардан әбден шаршап, бұған тыйым салудың амалын таппай жүргенін айтады. Ол «әлеуметтік желіде менің атымнан жазылған ешбір сөзге сенбеңіздер» деп айту үшін өзінің барлық шын аккаунттарын өшіруге мәжбүр болыпты.

– Facebook дейсіз бе, Twitter дейсіз бе, «Мой мир», «Одноклассники» – барлығында да менің атымнан ашылған жалған аккаунттар бар. Олар кәдімгідей менің атымнан жазып, концертке шақырады. Мысалы, «Мен бүгін Астанадамын. Көңіл-күйім осындай» деп, басқаша ойлар айтып, жазып жатады. Соның бәрін оқыған кезде ішім ашиды. Бұлардың бәрін қалай жоқ қылуға болады деп ойлайтынмын, – дейді әнші.
Әнші Мәдина Сәдуақасова. Жеке мұрағаттағы сурет.
Әнші Мәдина Сәдуақасова. Жеке мұрағаттағы сурет.

Қазақстанда фейк (жалған) акаунттар шоу-бизнес өкілдері ғана емес, танымал саясаткер, журналистердің атынан да ашылған. Жаңаөзен оқиғасынан кейін Алматыда ай сайын қарсылық акциялары ұйымдастырылып жатқан кезде белгісіз біреулер тәуелсіз журналист Ермұрат Бапидың атынан Facebook-тен өтірік аккаунт ашып, жалған ақпарат таратып, қолданушыларды жаңылдыруға тырысқан. Ол кезде қарсылық шараларының барысы, өтетін орны Facebook-те жиі талқыланатын.

«ЖАУАПҚА ТАРТУҒА ЖАЛҒАН АККАУНТ ТА ЖЕТЕДІ»

Мамырдың соңында Facebook танымал қолданушыларына арналған верификация (растау) функциясын қосқанын мәлімдеді. Енді әрбір аккаунттың жанында көрініп тұратын шағын көк түсті белгі сол аккаунттың шынымен өмірде бар адамға тиесілі екенін білдіреді.

Қазақстанда Facebook-тегі аккаунтты верификациялау туралы бұл жаңалықты әркім әрқалай қабылдады. Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина «қазіргідей саяси режим жағдайында мұның Facebook қолданушыларына аса жайлы тие бермейтінін» айтады.
Әміржан Қосанов, оппозициялық саясаткер.
Әміржан Қосанов, оппозициялық саясаткер.

– Олай болса, біз өзіндік цензурамен айналысатын боламыз. Тіпті қазірдің өзінде күштік құрылымдар расталмаған аккаунтты әкімшілік іс қозғау үшін қолданады. Ал егер аккаунт расталса ше? Онда кез-келген, абайсызда айтыла салған сөзді саған қарсы пайдаланылуы мүмкін. Біздің құқық қорғау органдары үшін жауапкершілікке тарту үшін фейк аккаунттың өзі де жетіп жатыр. Мен бұл функцияны қолданбас едім, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов та Facebook-тегі бұл жаңалықты «сөз бостандығы шектелген елдерде белгілі бір жағдайда қауіпті рөл атқаруы мүмкін» дей келе:

– Қоғамның алдында өзінің жауапкершілігін сезініп жүрген, қоғамдық жұмыспен айналысып, қоғамға пікірін айтып жүрген қайраткерлерге, саясаткерлерге мұндай функция керек. Өз басым өзімнің атынан ашылған жалған аккаунттарға ұшырасқан емеспін, – деді.

«FACEBOOK-ТЕ ЕКІ АККАУНТЫМ БАР»

Қазір қазақстандық Facebook-те білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов, мәжіліс депутаты Алмас Тортаев, сенат депутаты Ғани Қасымов, «Қазақтелеком» басшысы Қуанышбек Есекеев сияқты ресми тұлғалар тіркелген.

Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов «мұнда таңдау еркіндігі болғандықтан өзіндік цензураға алаңдау артық» екенін айтады. Ол Facebook-те бірі ескі, бірі жаңа екі аккаунты бар екенін, сондықтан адамдар шатаспас үшін жаңа функцияға қосылуға әзір екенін айтады.

– Бұрын ол жерден ашқан аккаунтым бар еді. Оны толық жапқан жоқпын. Себебі онда оқырмандарым болатын. Амал жоқ, басқа бір сурет қойғанмын. Бірақ көп адамдар шатысып, кейде сол аккаунтқа жазып, жауап бермеген соң ренжіп жатады. Ал егер растайтын белгі болса, жұрт та қайсысына жазуды білетін еді, – дейді Мұрат Әбенов.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ретінде ашылған Facebook-тегі жалған аккаунттар.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ретінде ашылған Facebook-тегі жалған аккаунттар.

Қазір Facebook-тің жаңа функциясын жазылушылары көп шектеулі топ өкілдері – қоғамдық тұлғалар, ұйымдар мен брендтер ғана қолдана алады. Мұндай белгі АҚШ президенті Барак Обаманың, The New York Times газетінің, белгілі әнші Селена Гомездің, Techcrunch тілшісі Джош Констиннің, Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің Facebook-парақшаларында пайда болған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әзірше Facebook-та расталған парақшасы жоқ. Бірақ оның аты-жөні жазылып, суреті қойылған ондаған аккаунт бар.

Ақпарат бойынша, Facebook-тің жаңа функциясына қосылу механизмі Twitter-дікіне ұқсас – яғни қажет болған жағдайда профайлды верификациялау туралы ұсынысты қолданушы емес, Facebook-тің өзі жасайды.

Ал қарапайым қолданушылар аккаунттарын верификациялай алмайды, тек жалған аккаунттарға байланысты ғана шағымдана алады.

Верификация функциясы Twitter, Google+, ресейлік «Одноклассники» және «ВКонтакте» желілерінде де бар.

Social Вakers сайтының дерегі бойынша, Facebook-ке ай сайын 700 мыңнан астам қазақстандық қолданушы кіреді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG