Мәскеуде қалтырап, дірілдеп жүргендер көп. Бірақ олар қаңтардың қара суығына тоңып жүрген жоқ .АҚШ Ресейге қатысты қаржы мен виза саласындағы жаңа санкцияны әзірлеп болып қалды. Кеңейтілген «қара тізімге» екінші деңгейдегі компаниялар, Кремльге жақын инсайдерлер мен бизнес иелері кіруі мүмкін деген сөз көп адамның үрейін ұшырды.
Бұған дейін Вашингтон Ресейді Қырымдағы және Сириядағы әрекеттері үшін «шортандарды», яғни мемлекеттік компаниялар мен үкімет мекемелерін жазалаған. Осы айдың соңында жарияланады деген жаңа тізім алдыңғысынан ұзын болады деген болжам бар. Бұл жолғы тізімге бұрын санкцияға іліккен мекемелермен жұмыс істесетін компаниялар, Кремльдің маңайындағы «шағын шортандар» кіруі мүмкін. Бұған дейін ебін тауып, санкцияның салмағын жеңілдетіп келген мекемелер осы жолы тұтылмақ.
Мәскеу қатты қобалжып тұр. Биліктің бір өкілі АҚШ-ты «Ресейдегі сайлауға ықпал етуге тырысып жатыр» деп айыптады. Ресейдегі ықпалды газеттің жазуына қарағанда, президент Владимир Путиннің айналасындағы 300-ге тарта адам тізімге ілігуі мүмкін. Қаржылық институттар «қатердің алдын алып», тал қармап жатыр.
- Осы мәселеге бола ресейліктердің бір айдан бері естерінен танып жатқаны рас, - деді АҚШ Мемлекеттік департаментінің санкциялары жөніндегі бас үйлестірушісі болып қызмет атқарған Дэниэл Фрайд.
Қазір Вашингтонда тұратын ресейлік саяси сарапшы Андрей Пионтковский бұл пікірмен келіседі. «Олар бір зұлматты күтіп отыр. Себебі алғаш рет Путинге ең жақын адамдарға соққы тимек» дейді ол.
"ОЛИГАРХТАР ТІЗІМІ"
29 қаңтардан бастап күшіне енеді деген жаңа санкция өткен жылы Конгресс көпшілік дауыспен қабылдап, президент Дональд Трамп тамыз айында енжарлау қол қойған заңның негізінде қолға алынып отыр.
«Американың қарсыластарына санкция арқылы қарсы тұру актісі» деп аталатын бұл заң осыған дейін санкцияға іліккен ресейліктермен әріптес болып жүрген адамдарды және компанияларды нысанаға ала отырып, тізімді ұзартуды көздейді.
Трамптың алдында президент болған Барак Обама 2014 жылы Қырымды аннексиялағаны үшін және 2016 жылғы президент сайлауына араласу әрекеті мен Сириядағы әскери шаралары үшін Ресейге санкция салғаны белгілі.
АҚШ Мемлекеттік департаменті былтыр қазанда жаңа заң кімдерге санкция салуы мүмкін екенін айтқан. Ресейдің қорғаныс және барлау саласындағы отыз шақты компаниясын атаған департамент осы мекемелерге қатысы бар, олармен «біршама» іскерлік әрекет жасасатын ресейлік я шетелдік ұйымдарға шектеу қойылуы мүмкін екенін ескерткен.
Санкцияға іліккен Ресейдің мемлекеттік компаниясына кезінде несие берген шетелдік банк те «тізімдегі компаниямен іскерлік байланыс орнатқаны» үшін жазалануы ықтимал. Бұл тізімде мемлекеттік қару-жарақ экспорттаушы мекеме «Рособоронэкспорт» та, әйгілі Калашников автоматын шығарушылары да болуы мүмкін.
Жаңа заң бойынша АҚШ Қаржы министрлігі барлау мекемелерімен бірлесе отырып санкцияға ілігуі мүмкін деген ресейліктер мен олардың отбасы мүшелерінің тізімін әзірлеп, Конгреске тапсыруы тиіс. «241-тармақ» деген атпен белгілі бұл бап «Ресейдің режимі мен оның айналасына жақындығын ескере отырып», олигархтарды да тізімге қосуды көздейді.
Демек, қара тізімге Ресейдегі жоғары лауазымды тұлғалар, АҚШ-та мүлкі, Батыста холдингтері бар ірі өндірістік корпорацияның басшы да ілінуі әбден мүмкін. Санкция салу процесін бақылап отырған Вашингтондағы сарапшылар мұны «олигархтар тізімі» деп атайды.
«Бұл санкция салынатындарға соққы болады. Себебі бұл санкция олардың қорғалмағанын, Путиннің оларды қорғай алмай отырғанын көрсетеді» деді Дэниэл Фрайд Азаттыққа берген сұхбатында.
Тізімге ілінгендерге бірден қаржылық және қозғалыс шектеулері қойылмауы мүмкін. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, бұл - бұдан әрі не болатынын аңғартатын сигнал. Ең бастысы, бұл – санкция салынатындарға және олармен істес болып жүргендерге психологиялық соққы. Бұған қоса, жаңа санкциялардан кейін Ресейдегі кейбір ауқатты адамдардың табыс көздері мен АҚШ-тағы дүние-мүлкі жария болуы мүмкін.
- Біреулер мұны жеке бастың мәселесі деп қабылдаса, енді біреулер тым саяси мәселе деп ұғуы мүмкін. Мұндағы бастысы «АҚШ қандай сигнал жібермекші және оны Мәскеу қалай қабылдайды?» деген сұрақ, -дейді Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Ольга Оликер.
БОЛЖАМДАР МЕН ДОЛБАРЛАР
Әзірге Конгресс те, әкімшілік өкілдері де «олигархтар тізімін» құпия ұстап отыр. Дегенмен, санкция бойынша сарапшылар, Ресей оппозициясының белсенділері және Батыстағы адвокаттар мен бизнес топтары «қара тізімге кім кіруі мүмкін?» деп болжам жасап жатыр. Тіпті кейбір ауқатты ресейліктер Вашингтонда үнсіз ғана лобби жасап, Конгрестегі не әкімшіліктегі тізімдерден өздерін алып тастатуға күш салып жатқан сыңайлы.
12 қаңтарда Ресейдің «Коммерсант» басылымы Вашингтондағы өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, тізімге 300 адам кіруі мүмкін деген ақпарат таратты. Бұл қатарда ресми адамдардың өздері мен олардың туыстары болмақ.
Желтоқсанда Кремльді өткір сынап жүрген саясаткер, белгілі шахматшы Гарри Каспаров бастаған Ресейдің оппозициялық белсенділері Литвада жиналып, санкцияға ілінуі тиіс деген адамдардың тізімін ұсынды. Тізімде 200-ге тарта адам бар. Олардың арасында осыған дейін шектеуге ілінбей келген белгілі магнат, «Северсталь» болат балқыту алыбының иесі Алексей Мордашов пен Ресейдің ең ірі банк «Сбербанктың» басшысы Герман Греф бар.
Оппозицияның тізімінде АҚШ-тың санкциясына бұрын іліккен белгілі адамдар да жүр. Олардың арасында бұрын қорғаныс министрі болған, қазір президент Путиннің іс басқарушысы қызметін атқаратын Сергей Иванов, Ресейдің әскери барлау басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Игорь Сергун, Путиннің жерлесі, мұнай саудагері Геннадий Тимченко бар.
АҚШ Қаржы министрлігі жарияланатын тізімге қатысты сұрақтарға жауап берген жоқ.
НЕСИЕ ДАҒДАРЫСЫ
2017 жылы қарашада Кремльдің жаңа санкцияларды алдын алуға тырысып жатқаны белгілі болды. «Ведомости» іскерлік басылымының хабарлауынша, премьер-министр Дмитрий Медведев Ресейдің мемлекеттік компанияларынан мердігерлердің аты-жөндерін жариялау талабын алып тастады.
Ресейдің ішкі және сыртқы қаржы нарықтары 2018 жылға болжамдарына санкцияның ықтимал әсерін де қосты. Дегенмен, облигация саудагерлері мен құнды қағаз дилерлерін Ресейдің мемлекеттік қарызын сатып алуға шектеу қою ықтималдығы шошытып отыр.
АҚШ-тың жаңа санкциялары Ресейге салынған 2014 жылғы санкцияны айналып өту мүмкіндіктеріне шек қоюды көздесе керек. Санкция салдарынан Ресейдің мемлекет бақылауындағы не соларға жақын компанияларды халықаралық несие нарығынан шығып қалған.
Кремль бұл компанияларға ондаған миллиард доллар көмек беріп, кейін сауда жасасып, тіпті біршама капитал да жинаған. Мәселен, 2016 жылы Ресей 3 миллиард доллардың еуробондтарын сатқан.
Бұл шешім күшіне енуі үшін әлі бірнеше ай өтуі керек. Сарапшылар жаңа санкция Қырымға қатысты санкциялардың және әлемдегі мұнай бағасының арзандауы кесірінен 2014 жылы құлдырап кеткен Ресей рубліне қатты салмақ түсіреді деп болжап отыр. America/Merrill Lynch банкінің желтоқсандағы болжамына қарағанда, бұл Ресейде инфляцияның өсуіне алып келеді.
Ресейдің кейбір қаржы институттары Вашингтон қандай қадамға барса да, оның Ресей экономикасына тікелей әсер ететінін бірден байқатты. Мәселен, Ресейдің ең ірі жекеменшік несие институты «Алфа банк» елдің қорғаныс саласына құятын қаражатын қысқартатынын хабарлады.
«Қарым-қатынасты шорт кестік деп тұрған жоқпыз. Біз тек тәуекелді азайтуға тырысып жатырмыз» деді банктің директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Олег Сысуев «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында.
Мемлекеттік ТАСС ақпарат агенттігіне қаңтардың 13-і күні сұхбат берген Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков «АҚШ-тың бұл шаралары – сайлауға ықпал ету әрекеті» деді.
Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Ольга Оликердің айтуынша, Шығыс Украинадағы қақтығыс төртінші жылға созылып, Ресей экономикасын әлсіретіп, биліктің халық алдындағы беделін түсіріп жатқандықда Мәскеу сепаратистерді қолдаудан бас тартатын оңтайлы сәт туып тұр.
- Бірақ Путиннің шегінуі мүмкін емес. Шегінсе АҚШ-тың қысымына көнгендей болады. Жаңа санкциялар елде «Вашингтон Ресейге кесірін тигізіп қалуға тырысады» деген пікірді үдете түсуі мүмкін. Ресейде «санкцияның барлығы – Ресейді жазалау үшін» деген пікір қалыптасқан. Жұрттың көбі «оңбаған америкалықтар біздің түбімізге жеткісі келеді» деп ойлайды, - дейді Оликер.
Кремльді ұзақ жылдан бері сынап жүрген сарапшы Андрей Пионтковский «АҚШ-тың жеке адамдарды көбірек нысанаға алуы Путинге кері әсер етуі мүмкін. Путин элита алдында беделін жоғалта бастады. Ресей президентінің функциясы – элитаны, олардың Ресейдегі, батыстағы активтерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын. Бірақ қазір Путиннің зияны көбейді» дейді.
Майк Экелдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды