Accessibility links

Ресейге салынған жаңа санкциялар мен Қазақстандағы батыс инвесторлары


"Атырау-Самара" мұнай құбыры құрылысы жүріп жатқан маңда тұрған түйе.
"Атырау-Самара" мұнай құбыры құрылысы жүріп жатқан маңда тұрған түйе.

Financial Times газеті Қазақстан мұнайын Ресей арқылы экспорттайтын мұнай компанияларына Ресейге салынған жаңа санкциялардың кесірі тимейді деп санайды. Программистердің халықаралық конкурсы әйелдер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған QamCare бағдарламасын жасаған қазақстандық төрт оқушы қызды марапаттаған.

МҰНАЙ БАҒАСЫ

Малайзиялық Star газеті "Малайзия мұнай өндіруді ұлғайтты" деген мақаласында бағаның құлдырауын тежеу мақсатында ОПЕК-ке (мұнай өндіруші елдер ұйымы. - Азаттық) мүше және мұнай өндіруші өзге елдер өкілдері мұнай өндіру көлемін азайту келісімін орындау жолдарын талқылаған Абу-Дабидағы кездесу жайлы жазған. Ресей, Кувейт, Сауд Арабиясы өкілдері мен ОПЕК-тің Венадағы штаб-пәтері өкілдерінен құрылған панельдік комиссия ұйымның мұнай өндіру қарқынын тежеу шешімін қолдайтынына көз жеткізу үшін Қазақстан, Ирак, БАӘ және Малайзия өкілдерімен жеке-жеке кездесу өткізгені хабарланады.

Бұған дейін ОПЕК елдері, Ресей және мұнай өндіруші өзге елдер 2018 жылғы наурыздан бастап өндіру көлемін күніне 1,8 миллион баррельге азайтуды ұйғарған болатын. "Өндіру көлеміне мониторинг жүргізу үшін ОПЕК пайдаланатын ақпарат ОПЕК-тің ең ірі елдері - Ирак пен БАӘ әлгі шешімді толық орындамай отырғанын көрсетті. Ал ОПЕК-ке мүше емес Қазақстан мен Малайзия кейінгі бірнеше айда өндіру көлемін арттырған" деп жазады Star газеті.

Ирактың Басра қаласы маңындағы мұнай кенішіндегі жұмысшы. 23 қараша 2014 жыл.
Ирактың Басра қаласы маңындағы мұнай кенішіндегі жұмысшы. 23 қараша 2014 жыл.

Ұлыбританиялық Reuters агенттігі сайты жариялаған "ОПЕК мұнай өндіру көлемін азайту пактісі шарттары қаз қалпында орындалады деп үміттенеді" деген мақалада да мұнай бағасына қатысты ахуал жайлы жазған. "ОПЕК елдері мен серіктес елдер артық мұнай өндіру қарқынын тежей алмайды деген қауіптің кесірінен мұнай бағасы биыл жеті пайызға жуық түсіп кетті" деп жазылған мақалада.

Осы аптаның басында мұнай бағасы бір жарым пайыздан көп құлдырап, U.S. West Texas Intermediate crude маркалы мұнайдың бір баррелі 48,59 долларға, ал Brent crude futures маркасының бағасы – 51,9 долларға тұрақтады. "ОПЕК елдері 2018 жылы мұнайға сұраныс көбейіп, келер жылы бәсекелес елдер мұнай өндіру көлемін азайтады деп болжағанымен, бұл топқа кіретін елдердің өндіру көлемін тағы ұлғайтуы артық өндірілген мұнай көлемі ұсыныс көлемін шектеу әрекеттеріне қарамастан, нарықта әлі азаймайтынын байқатты" деп жазады Reuters.

ЖАҢА САНКЦИЯЛАРДЫҢ "ҚАЗАҚСТАНҒА КЕСІРІ ТИМЕЙДІ"

Британдық Financial Times газеті "Қазақстан АҚШ мұнай өндірушілерін жаңа санкцияларға қатысты жұбатып жатыр" деген мақаласында АҚШ-тың мұнай өндірушілерін олардың Қазақстандағы жобалары Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар легінен зардап шекпейді деп иландырып қойды, бұл "энергетика саласындағы Ресеймен тікелей байланысы жоқ инвестицияларға тым қатал шектеулердің кесірі тиеді деген қорқынышты сәл сейілтті" деп жазған.

Әңгіме былтыр қазақстандық Теңіз мұнай кенішіне 37 миллиард доллар құюға келіскен америкалық Chevron мен Exxon Mobil компаниялары жайлы. Әлгі кеніште өндірілген мұнай әуелі Қара теңіздегі портқа, кейін Ресей арқылы өтетін Caspian Pipeline Consortium (CPC) құбырымен Еуропаға жеткізіледі. Бұдан бөлек, мұнай құбырының бір мыңдай километрі Ресей территориясы арқылы өтеді әрі оның 31 пайызы Ресейге тиесілі.Бұған қоса, Батыс санкция салған ресейлік екі компания - Rosneft пен Lukoil компанияларының әлгі жобада үлесі бар.

Каспий теңізіндегі Қашаған кенішінің D жасанды аралы. 21 тамыз 2013 жыл.
Каспий теңізіндегі Қашаған кенішінің D жасанды аралы. 21 тамыз 2013 жыл.

Financial Times газеті Қазақстанның экономика министрі Тимур Сүлейменовтің "Біздің мұнайымызды теңізге, мысалы, Новороссийскіге дейін жеткізетін құбырға санкцияның кесірі тимейді" деген сөзін келтірген.

Ресей энергетика министрлігі Мәскеу Қырымды аннексиялап алған 2014 жылдан бері Батыс елдері салып келе жатқан санкциялардың көздеген негізгі мақсаттарының бірі болғанымен, Ресейдің экспорт құбырларын қаржыландыратын немесе демейтін компанияларға қарсы нысаналы санкциялар салу шешімі көбінесе "Газпромның" "Солтүстік ағын-2" газ құбыры жобасына қарсы қабылданған. Германияға Балтық теңізі арқылы өтетін әлгі құбыр жобасын ішінара Shell, Engie, Wintershall, Uniper және OMV компаниялары қаржыландырады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПРОГРАММИСТ ОҚУШЫЛАР

Mashable интернет-блогында Google компаниясының бас директоры Сундар Пичаидың программистердің 2017 жылғы халықаралық конкурсында жасаған мәлімдемесіне қатысты комментарий жарияланған. 10-18 жас аралығындағы қыздар арасында өткен осы беделді конкурста гран-прилердің бірін әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін QamCare бағдарламасын құрастырғаны үшін биыл қазақстандық төрт оқушы қыз алды. Конкурсқа 103 елден 11 мыңға жуық программист бойжеткен қатысқан.

Жеткіншек қыздар командаларына арналған сөзінде Сундар Пичаи "Google компаниясында, бұл бизнесте іздерге орын даяр" деді. Әлгі мәлімдеме Google компаниясының бұрынғы инженер-программисі ерлер мен әйелдер арасында "биологиялық айырмашылық" бар болғандықтан, компанияда ер адамдар көбірек деп мәлімдеген "алуан түрлілікке қарсы манифест" жариялағаннан соң бірер күннен кейін жасалды. Әлгі мәлімдеме жұрттың айыптауы мен сынына ұшыраған болатын.

Mashable блогының әлгі "манифестке" қатысты комментарий берген тағы бір мақаласында әйелдер мен ер адамдар алатын жалақы арасындағы үлкен алшақтық үшін қазір америкалық Google компаниясын жергілікті билік тексеріп жатыр деп жазған.

Mashable интернет-блогындағы мақалада қазақстандық төрт мектеп оқушы қыз құрастырған QamCare бағдарламасының видеопрезентациясына сілтеме бар.

6-7 жасында музыка сабағынан үйіне жалғыз қайтуына тура келіп, қараңғы түсіп кеткендіктен, жолда адасып кеткені туралы ағылшын тілінде өзі әңгімелеп берген 9 жастағы Баянның басынан өткен оқиғаны мысалға келтіреді. Сәтін салғанда, жол-жөнекей оны көрші әйел жолықтырып, үйінде алаңдап отырған әке-шешесіне ертіп апарған.

Презентацияда QamCare бағдарламасы ұялы телефондарға қосымша ретінде қаланың қараңғы қалтарыстарында үйге жол тауып баруға ғана емес, жоғалып кеткен адамды іздеуге де қалай көмектесетіні көрсетілген. Адамдар жұмбақ күйде жоғалып кететін жағдайлар Қазақстан ғана емес, көп елдердің де проблемасы. Әлгі роликте жас қыз-жігіттер мен балалардың ата-аналарының аты-жөні мен тұратын жері толық көрсетілмей, есімдері ғана аталады, бірақ олардың бәрі ағылшынша жатық сөйлейді.

XS
SM
MD
LG